Үкімет алдағы бес жыл үшін елдің экономика саласындағы негізгі құжатын қабылдады
мен кемшіліктері, қабылданған шаралардың орындалу барысына мән беріліп, тиісті сараптаулар жүргізілді. Отандық кәсіпорындардың қазіргі жағдайына, оларға әлімдік дағдарыстың қалай және қаншалықты әсер еткендігі зерттелді. Бұнымен қоса, индустриялық‑инновациялық бағдарламаны тиімді қалыптастыру мақсатында үйлестіру кеңесі құрылған болатын. Оған Үкімет басшысының өзі жетекшілік жасады. Бизнес құрылымдар өкілдерін де тарта отырып жасақталған кеңесте негізгі түйінді мәселелердің басым бөлігі талқыдан өтіп, өзекті жобаларға мән берілді. Жалпы, бесжылдық бағдарламаны әзірлеу барысында ауқымды жұмыстар атқарылды. Кәсіпорындардың қатысуымен еліміздің өңірлерінде 2 мыңнан астам кеңестер мен талқылаулар өткізілді, оған отандық және шетелдік сарапшылар, барлық салалық қауымдастықтардың өкілдері, ғалымдар тартылды. Келешектегі өндірістердің бәсекелі тұстарын көрсететін 23 салалық шеберлік-жоспарлары әзірленді. Бұлардың бірқатарына қазірдің өзінде Түркияның және Кореяның инвесторлары қызығушылық танытып отыр. Бұл бағдарлама жөнінде Елбасы өзінің ағымдағы жаңа Жолдауында : «Жақын онжылдықтағы орнықты және теңдестірілген даму ұлттық экономиканың жедел әртараптануынан және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру есебінен қамтамасыз етілуі шарт. Бұл ретте еңбек өнімділігінің кешенді артуы маңызды міндет болып қалмақ. Осыған орай, Үкімет үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын және елімізді индустрияландыру картасын әзірлеп жатыр. Бұл екі құжат - алдағы бес жылды қалай, қай жерде, қашан құратынымыз туралы нақты іс-әрекеттер жоспары болып табылады», деген болатын.
Бағдарламаның негізгі басымдықтарына келетін болсақ, ең алдымен оның аясында Қазақстан экономикасының дәстүрлі секторларын, атап айтқанда мұнай-газ саласын, металлургияны, химия, атом өнеркәсібін жаңғырту және әртараптандыру көзделеді. Бұндағы басты мақсат - шикізатты тереңдетіп өңдеуді ұлғайту, қосымша құны барынша жоғары өндірістерді, яғни жаңа технологияларды игеру, шағын және орта бизнесті қатыстыра отырып ірі компаниялардың төңірегінде аралас өндірістерді дамыту. Сонымен қатар бағдарлама шеңберінде өнімділігі жоғары жаңа өндірістерді, атап айтқанда машина жасау өндірісін, құрылыс индустриясын, фармацевтиканы, агроөнеркәсіп кешенін, тамақ және жеңіл өнеркәсіп салаларында жаңа өндірістерді құру көзделуде. Бұл салаларда өндіріс өсімінің әлеуеті жоғары және олардың өнімін келешекте экспортқа шығаруға болады. Сондай-ақ аталмыш салаларға қазақстандық қамту аясында да қолдау көрсетілмек. Бұлардан бөлек, бағдарлама аясында келешекте, яғни 15-20 жылдан кейін әлемде басыңқы жағдайларды иеленетін ақпараттық технологиялар, биотехнология, ғарыш қызметі салаларын дамыту көзделіп отыр. Сондықтан да жоғарыда аталған барлық салалар үшін экономикалық өсімнің маңызды факторы ретінде - еңбек өнімділігінің деңгейі, өнімділігі жоғары жаңа жұмыс орындарын құру, экспортқа бағдарлану негізгі критерийлер болып саналады. Біздер жұмысымызды осы көрсеткіштер бойынша бағалауға тиіспіз. Орталық органдардан бастап аудандық әкімдіктерге дейін біздер осы көрсеткіштер бойынша инвестициялық жобаларды қолдауымыз және кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау көрсетуіміз керек.
Бұл ретте биылдан бастап бірқатар жаңа салалық бағдарламаларды жасап, қаржыландыру ұсынылып отыр. Ол бағдарламалар аясындағы жұмыс Қазақстан даму банкі және басқа да қаржы институттарының жеңілдетіп қаржыландырулары арқылы кәсіпорындардың негізгі құралдарын жаңартуға бағытталады. Бұл ретте әртүрлі қаржы құралдары, соның ішінде лизинг пайдаланылатын болады. Салалық бағдарламалар аясында сонымен қатар жеңілдетіп қаржыландыру, экспортты сервистік қолдау, экспортшыларға гранттар беру, экспорттық саудалық қаржыландыру сынды құралдарды пайдалана отырып, отандық кәсіпорындардың өнімдері ішкі және сыртқы нарықтарға жылжытылады. Сонымен қатар мақсатты бағдарламалар шеңберінде екінші деңгейлі банктердің несиелері бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялау арқылы өңірлердегі шағын және орта бизнес кәсіпорындарын қолдауға және құруға, несиелерді кепілдендіруге, индустриялық инфрақұрылымдардың құрылысын салуға және реконструкциялауға, кадрларды қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға назар аударылады. «Бағдарламаны жүзеге асырудың нәтижесінде 2014 жылға қарай біз мынандай нәтижелерге қол жеткізуге тиіспіз: біріншіден - ішкі жалпы өнімді 2008 жылғы деңгейден 50 пайызға өсіруге, екіншіден - өңдеуші секторды еңбек өнімділігін 50 пайызға, экономиканың жекелеген секторларында 100 пайызға арттыруға, үшіншіден - шикізаттық емес экспорттың үлесін 40 пайызға дейін жеткізуге, төртіншіден - ішкі жалпы өнімнің энергосыйымдылығын 2008 жылғы деңгейден 10 пайызға төмендетуге, инновациялық кәсіпорындардың үлесін қазіргі қолданыстағыларынан 10 пайызға дейін ұлғайтуға қол жеткізуіміз керек», деді Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешов.
Жалпы, Үкімет әзірлеген бағдарлама Қазақстанның бүкіл экономикалық саясатына бірқатар өзгертулер енгізеді. Оның ішінде ең алдымен бизнестің бастамаларына кешенді қолдау көрсету қарастырылып отыр. Сонымен бірге, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы алдағы 5 жылда еліміздің экономика саласындағы негізгі құжаты болады. Ал бұған дейінгі қолданыста келген жалпы саны 52‑ні құрайтын барлық бағдарламалар мен стратегиялар жойылатын болады. Оның орнына 5 жылдық мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруда дамудың басым бағыттары бойынша салалық бағдарламалар бекітілетін болады. Бұлар кестеге сәйкес, наурыздың соңына дейін Үкімет отырысына шығарылады.
Бұдан басқа, жыл соңына дейін Индустриялық саясат туралы заң әзірленіп, бекітілетін болады. Ол елімізді индустрияландырудың маңызды бағыттарын жүзеге асыруды және бақылауды жүйелендіруге, сондай-ақ негізгі механизмдерін, өкілеттілігін, құралдарын бекітуге мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында жұмыстың көптеген бағыттары принципті жаңа деңгейге шығуы тиіс. Бұл Қазақстанның дағдарыстан кейін дамуын қамтамасыз ететін елдің маңызды экономикалық құжаты болмақ. Алдын-ала есеп бойынша осы бағдарламаны жүзеге асырудан экономикаға келетін пайда бес жылда 7 трлн. теңгеден асады деп күтілуде. Сондықтан да ағымдағы жылдың басты міндеті - индустрияландыру бағдарламасының табысты жүзеге асуына серпін беру.
Индустриялық-инновациялық бағдарламаны мақұлданған Үкімет ендігі күні осы бағдарламаға қарасты тағы бір құжатты әзірлеуге кірісіп отыр. Бұл ретте бірінші кезекте «Бизнестің Жол картасы - 2020» бағдарламасына назар аударылады. «Біздің отандық бизнестің бұл бағдарламаны жүзеге асыруға атсалысуы өте маңызды. Негізгі мақсат индустрияны алға жылжыту ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның жеке кәсіпорындары толыққанды кірігіп, болашақта біздің индустрияның тұғыры болу үшін жағдай жасау. 2020 жылға дейінгі бизнестің Жол картасының мақсаты одан әрі қарай дамудың негізгі мәселесі болып табылады. Осыған біздің бұдан кейінгі жұмыстарды негіздеу керек», деді Премьер-Министр.
Тоқтала кететін жайт, кеше ҚР Президенті жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің алғашқы жалпы отырысы өткені белгілі. Елбасының қатысуымен өткен Кеңесте де дәл осы Үкімет мақұлдаған Үдемелі индустриялық‑инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру мәселесі талқыланды. Бұл ретте ең алдымен отандық бизнестің мүмкіндіктері сараланып, кәсіпкерлердің бағдарламаға араласуына барлық жағдайды жасау жайында бизнес қауымдастығы мен билік арасында ашық әңгіме өрбіді. Айта кетерлігі жиын барысында ҚР Премьер‑Министрі мен Индустрия және сауда министрі Үдемелі индустриялық‑инновациялық бағдарламада биылғы жылы жүзеге асыруы қамтылған жобалардың толық қаржыландыруы болған жағдайда, оларды уақытылы әрі толық орындау туралы Мемлекет басшысына сөз берді. Ал биылғы жылы жүзеге асатын бағдарламалар саны 144 болса, бұдан бөлек жаңа жоба болып табылатын 47 нысанның құрылысы басталмақ.