Үкімет басшысы 2011-2015 жылдарға арналған «Салауатты Қазақстан» бағдарламасын пысықтауды тапсырды
Мұндай тапсырманы Премьер-Министр бүгін Астанада өткен республикалық кеңесте жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бағдарлама жобасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылды. Алайда талқылау кезінде кейбір кемшіліктер бар екені байқалды және осы бойынша жұмыс істеу керек», деп атап өтті Үкімет басшысы.
Осы орайда Премьер-Министр Үкіметте қабылданған шешімдерге сәйкес бұған дейін облыстарда бірқатар кеңестер өткізілгенін, соның нәтижесінде бағдарлама жобасында көптеген жайттар ескерілген атап өтті.
«Сізге бағдарламаның жобасын министрліктің сайтына орналастыру керек. Мүмкін оны аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарында да жариялау қажет шығар», деді К. Мәсімов Жақсылық Досқалиевке қаратып айтқан сөзінде.
Осы тұрғыда Премьер-Министр Ақпарат және байланыс министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігіне жұртшылықтың бағдарлама жобасымен танысуы үшін бірлесіп жұмыс істеуді жүктеді. К. Мәсімов кейбір ұсыныстарды қарастырып, бағдарламаны жетілдіру шараларын айта келе: «Мен сіздерге осы жұмыстар бойынша 1 ай уақыт беремін. Маусым айында бағдарламаны саралап, одан кейін мемлекеттік органдардың қарауына енгізу керек. Содан кейін шілде айында Үкімет отырысына енгізу мақсатын қоямыз. Онда шешім қабылданып, кейін Елбасының қарауына ұсынатын боламыз», деп атап өтті К. Мәсімов.
Сонымен бірге Премьер-Министр Үкімет отырысында өткен бағдарламаның нәтижелері қаралатынын айтып өтті. «Сондықтан Үкімет отырысы екі бөлімнен тұрады. Біріншісінде - бұған дейін біз қандай шаралар атқарғанымыз, екіншісінде - біз бұдан әрі қарай қайда жылжитындығымыз жөніндегі мәселелер қаралады», деді Үкімет басшысы.