Үкімет басшысы Астанадағы бірқатар әлеуметтік-мәдени нысандар мен тұрғын үй кешендері құрылысының барысымен танысты
зАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін ҚР Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Астанада салынып жатқан бірқатар ірі әлеуметтік-мәдени нысандар мен тұрғын үй кешендерінде болып, олардағы құрылыс барысымен танысты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атап айтқанда, Премьер-Министр елордадағы Мұз айдыны стадионының құрылысын аралап көрді. 9 мыңғдай адамға арналған стадионның құрылысын 2010 жылдың маусымында, 2011 жылғы Азиада ойындарының алдында аяқтау жоспарланып отыр. Жобаның бас мердігері - «Сембол У.Я.Т.Т.П. Иншаат» акционерлік қоғамы. Нысанның инвестициялық құны 10 923 миллион теңгені құрайды.
Астанадағы құрылысты бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелері 3 мың 500 орындық Әмбебап киноконцерт залында болды. Жалпы құны 28 303 миллион теңгені құрайтын нысанның бас мердігері - «АФФ «Kruger Hoch & Tiefbau GmbH» ЖШС. Киноконцерт залын 2009 жылдың желтоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ Үкімет басшысы «Базис-А» корпорациясы салып жатқан «Шабыт» шығармашылық сарайының құрылысын аралады. Сарайдың құрылысын толығымен 2009 жылдың соңында тапсыру белгіленіп отыр. Мұнымен қоса, комиссия мүшелері «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы құрылысының барысымен танысты. Инвестициялық құны 232 миллион АҚШ долларын құрайтын жобаның мердігері - «Сембол У.Я.Т.Т.П. Иншаат» АҚ. Бұл нысанды құрылысшылар биылғы жылдың желтоқсанында тапсырмақ.