11:43, 19 Қаңтар 2009 | GMT +5
Үкімет басшысы ауылдық жерлердегі шағын несиелендіруді үйлестіру жұмысын қолға алуды тапсырды
АСТАНА. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте ауыл шаруашылығы саласын шағын несиелендіру мәселесі қаралды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. ҚР Ауыл шаруашалығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, бүгінде ауылдық жерлерде халықтың 47 пайызы тұрады. Олардың 18 пайызы әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтағы азаматтар болса, қалған 30 пайызы - кәсіпкерлікпен айнылысатындар. Осы санаттағы топты толығымен несиелендіру үшін бүгінде 20 млрд. теңге қажет. «Өкінішке орай, қазіргі кезде ауыл шаруашылығын қаржыландыру қорымен әлеуметтік жағдайы төмен халықтың тек 4,3 пайызы ғана қамтылған. Бұған қаржыландырудың аздығы және ауылдық жерлерде шағын несие беру жүйесінің дамымай жатуы басты себеп болып отыр. Бүгінгі таңда ауылдық жерлерде тіркелген 402 шағын несие беру ұйымдарының тең жартысы ғана жұмыс істеуде. «Олардың өзі тек облыс орталықтарында және халық көп шоғырланған жерлерде ғана орналасқан. «Даму» бағдарламасы бойынша бөлінген жергілікті бюджеттердің едәуір қаржысы игерілмей қалды. Зерттеу жұмыстары көрсеткендей, ауыл шаруашылығы саласын несиелендіруде бюджет қаржысын пайдалану тәжірибесі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы корпорациялары мен «Қазпошта» АҚ-ның мүмкіндіктері қолданылмай келеді», - деп атап өтті министр. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы Қайрат Келімбетовтың сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығы саласын несиелендіру жұмысымен «ҚазАгро» ұлттық қорының құрылымдары айналысатын болады. «Осы жұмыс барысында жергілікті әкімдіктер мен Үкімет бөлген қаржы жаратылады. Бүгінде барлық қаржы екінші деңгейдегі банктерге аударылды», - деді Қ.Келімбетов. Осыдан кейін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов ауылды жерлердегі шағын несиелендіруді үйлестіру жұмысын орынбасары Өмірзақ Шөкеевке тапсырды.