Үкімет басшысы балық шаруашылығын дамыту бағытында бірнеше министрлікке тапсырма берді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин бүгін өткен Үкімет отырысында балық шаруашылығын дамыту үшін бірқатар министрлікке тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Облыстардың әкімдіктері Экология министрлігімен бірге әзірленген балық өсіруді аймақтандыру схемасын ескере отырып, биылғы 1 қарашаға дейін басым субсидиялау, жер учаскелерін бөлу, инфрақұрылымды жүргізу бойынша нақты индикаторлар мен іс-шараларды және жергілікті жерлердегі басқа мемлекеттік қолдау шараларын көрсете отырып, балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірлесін және бекітсін», - деп атап өтті Үкімет басшысы.

Сондай-ақ, ол Экология министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге бір ай мерзімде бизнес қоғамдастықтармен балық шаруашылығы саласын субсидиялауды кеңейту жөніндегі ұсыныстарды пысықтау және келісілген ұсыныстарды Үкіметке енгізу туралы тапсырма берді.

Сондай-ақ Асқар Мамин «Білім және ғылым министрлігімен бірге жоғары оқу орындарының оқу және тәжірибелік бағдарламаларын қайта қарап, балық өсіруге баса назар аудару қажет. Сонымен қатар, Қаржы министрлігі бизнестің бүгін айтылған ұсыныстарын ескере отырып, Сауда министрлігімен бірге шетелден балықтың бағалы түрлерінің балық өсіру материалын жеткізуді және оларды тасымалдау кезінде шекарада бақылаудың барлық түрлерінен өтуді рәсімдеуді оңайлату жөнінде ұсыныстарды пысықтауды» тапсырды.


Соңғы жаңалықтар