16:47, 18 Ақпан 2009 | GMT +5
Үкімет басшысы еліміздегі мұнай-газ саласын дамыту мәселелеріне арналған кеңес өткізді
АСТАНА. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов еліміздегі мұнай-газ саласын дамыту мәселелеріне арналған кеңес өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оған мемлекеттік органдар мен «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ және кейбір ұлттық компаниялардың басшылары қатысты.Кеңес барысында мұнайды қайта өңдеу кешенін дамытудың мақсатты бағдарламасын іске асыру аясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша дайындалған, 2009-2015 жылдарға арналған отандық мұнай өңдеу зауыттарын (МӨЗ) дамытудың кешенді жоспарының бағыттары талқыланды. МӨЗ дамуы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, атап айтқанда, мұнай өнімдерінің негізгі түрлері ? бензин, дизельдік және авиаотынмен ішкі сұранысты түгелдей қанағаттандырудың, мұнайды қайта өңдеу саласын кешенді дамытудың маңызды бөлігі екендігі атап өтілді.Дамудың кешенді жоспары қазақстандық үш бірдей мұнай өңдеу зауытының қуаттылығын арттыруды, жаңа өндірістік кешендердің құрылысын салуды және инфрақұрылымды дамытуды көздейді.Кеңесте, сондай-ақ газ саласын дамытудың, атап айтқанда, Қазақстан Республикасының аумағында көгілдір отынды өндіру, қайта өңдеу және тасымалдауда ірі инвестициялық жобаларды іске асырудың кейбір мәселелері талқыланды.