Үкімет басшысы «Халықтық ІРО» бағдарламасын түсіндіру бағытындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды

АСТАНА. 13 наурыз. ҚазАқпарат - «Халықтық ІРО» бағдарламасын халыққа түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз, сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыр қажет.

Үкімет басшысы «Халықтық ІРО» бағдарламасын түсіндіру бағытындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов осындай тапсырма жүктеді.

Айта кетейік, отырыс барысында ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев пен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басқармасы төрағасының орынбасары Қуандық Бишімбаев «Халықтық ІРО» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты дайындық жұмыстарымен таныстырған болатын.

Осыдан кейін сөз алған Үкімет басшысы: «Соңғы рет Парламентте болғанымызда депутаттар тарапынан «Халықтық ІРО» бағдарламасын түсіндіру бағытындағы жұмыстардың жеткілікті деңгейде жүргізілмей жатқандығына қатысты сауалдар түскен еді. Жалпы қоғам дұрыс түсінбей отыр. Менің ойымша, осы бос кеңістікті тезірек толтыру қажет. Бүгінгі жиын барысында айтылан мәселелер оң деп білемін, енді оны іс жүзінде жүзеге асыру керек», - деп атап өтті.

Осы орайда ол, бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіру міндетін өзінің орынбасары Қайрат Келімбетовке жүктеді.

Сондай-ақ келесі сейсенбіде ағымдық мәселелер бойынша облыс басшыларының есептерін тыңдауға ниет танытып отырғандығын жеткізген К.Мәсімов: «Барлық әкімдер жұмыс орындарында болсын. Содан кейін ағымдық мәселелер бойынша Серік Нығметұлы (ред. -Премьер-Министрдің бірінші орынбасары) кеңсемен бірлесіп, ағымдық бағалар, жалпы барлық маңызды мәселелер бойынша есеп дайындау қажет», -деді.