17:40, 23 Қаңтар 2009 | GMT +5
Үкімет басшысы Мәдениет министрі мен Астана қаласы әкіміне театр қызметкерлерін пәтермен қамтамасыз ету мәселесін қарастыруды тапсырды
АСТАНА. Қаңтардың 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің алқа мәжілісі барысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Мәдениет министрі мен Астана қаласының әкіміне театр қызметкерлерін пәтермен қамтамасыз ету жөніндегі мәселені қарастыру туралы тапсырма берді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тоқтала кететін жайт, алқа барысында баяндама жасаған елордадағы К. Байсейітова атындағы опера және балет театрының директоры бүгінгі театр қызметкерлерінің жағдайына тоқтала келе, оларды баспанамен қамтамасыз ету жайын да сөз еткен болатын. «Осы театр қызметкерлерін пәтермен қамтамасыз ету мәселесімен жақсы таныспын. Сондықтан да мен бүгінгі күні Мәдениет және ақпарат министрі М. Құл-Мұхаммед пен Астана қаласының әкімі И. Тасмағамбетовке арнайы тапсырма бермекшімін. Жалпы, театр қызметкерлерін пәтермен қамтамасыз ету мәселесі аталған жауапты тұлғалар тарапынан жан-жақты талқылануы тиіс», деді К. Мәсімов.
Сондай-ақ Үкімет қаулысымен әлеуметтік қызметкерлер үшін жалға берілетін тұрғын үйлер тізіміне театр қызметкерлерін де кірістіру мәселесі шешілетін болады.