11:02, 25 Қаңтар 2009 | GMT +5
Үкімет басшысы Маңғыстау облысы басшылығының дағдарысқа қарсы атқарып жатқан шараларына оң баға берді
АҚТАУ. Қаңтардың 25-і. ҚазАқпарат – /Жетібай Шаханұлы/ - ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің Маңғыстау облысындағы сапарының екінші күні облыс әкімдігінде өткен жиынмен басталды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Үкімет басшысы Маңғыстау облысының 2009 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық тұрақтандыру бағдарламасымен танысты. Бағдарламамен таныстырған облыс әкімі Қ.Көшербаев 2008 жылдың қорытындысы бойынша өңірде экономиканың өсімі мен әлеуметтік-саяси ахуалдың тұрақтылығы бірқалыпты сақталып отырғанын айтты. 2008 жылғы барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша облыста оң өзгерістер байқалады. Сыртқы факторлардың кері әсеріне қарамастан, 2008 жылы аймақ экономикасының өсімі 20 пайызға таяды, ал жан басына шаққандағы жалпы аймақтық өнім өндірісінің көлемі 19 мың АҚШ доллары шамасында болды. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен (7 760 доллар) 2 есе артық (республика өңірлері арасында 2-орын). Жыл бойында облыс кәсіпорындары 1 трлн. 519 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімін өндірді. Бұл аса маңызды көрсеткіш соңғы үш жыл ішінде 2 есе өскен.Соңғы үш жылда облыс кәсіпорындарында 25 мыңнан астам жаңа жұмыс орыны ашылды. Бұл өткен жылы экономикада еңбекпен қамтылғандар санын сақтап қана қоймай, 11 мың адамға арттыра түсуге де (178 мыңнан 189 мың адамға дейін) мүмкіндік берді. 2009 жылы кемінде 8 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Өңірде жұмыс істейтін барлық ірі және орта кәсіпорындармен жұмысшылардың еңбек құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұл кәсіпорын басшылары жұмысшылар қатарын қысқартпауға және еңбекақыны уақытылы төлеуге міндеттенді. 2008 жылы негізгі азық-түлік түрлерінің бағасы мен халыққа көрсетілетін коммуналдық қызмет тарифтерінің қымбаттауына жол берілмеді. Өткен жылы облыстағы инфляция 7,8%-ды құраған. Бұл ? республикадағы ең төмен көрсеткіш. Облыс әкімінің 2009 жылға арналған іс-қимыл жоспарының негізгі мақсаты - қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету, өңір экономикасының көлемін сақтау және құрылымдық реформаларды жалғастыру. Осы орайда, алдағы уақытта жұмыс орындарын мейлінше көбейту, соның ішінде шағын және орта кәсіпкерлікті демеу арқылы облыс тұрғындарының нақты табыстарын молайту, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қоғамдық келісім мен әлеуметтік тұрақтылық баса назарда болмақ. Облыстық бюджет құрылымында 1 млрд. теңге көлемінде Тұрақтандыру қоры құрылған. Қор қаражаты шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін «Даму» қоры арқылы жеңілдікпен несиелендіруге бағытталады, тұрғындарды микронесиелеуге бөлінетін қаражат көлемі 2 есе ұлғайтылады. Облыс кәсіпорындарымен бірлесе отырып, жаңа жұмыс орындарын ашудың жоспар-кестесі жасалды. Мұнай-газ және құрылыс саласындағы жобаларда қазақстандық және жергілікті үлесті арттыру бағытындағы жұмыс күшейтіледі. Мысалға, 2008 жылы облыстың құрылыс саласындағы мердігерлік жұмыстарының 94%-ын жергілікті компаниялар атқарған.Биыл әлеуметтік жұмыс орындарының санын 2 есеге, жұмыссыздарды кәсіптік білім алуға бағыттау да 2 есеге арттырылуы жоспарланды.Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мәселесі де ерекше назарда. Соңғы үш жыл бойында облыс аумағында жұмыс істейтін кен игеруші кәсіпорындардың әлеуметтік жобаларға бөлетін қаражат көлемі 4 есеге өскен. Отбасы істері және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен бірлесе отырып, 2009 жыл облыста Ана мен бала денсаулығын қорғау жылы деп жарияланды. Соның аясында 2009 жылы Ана мен бала денсаулығын қорғау орталығын, Жаңаөзен қаласы мен Бейнеу ауылында екі перзентхана салу, қолданыстағы перзентханалардың қуаттылығын арттырып, оларды заманауи құралдармен жабдықтау жоспарланды. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы шеңберінде денсаулық сақтау нысандарының құрылысы жалғасады. Білім беру саласында жоғары сапалы көрсеткіштерге қол жеткізу, кәсіптік оқыту жүйесі мен мектепке дейінгі мекемелер желісін дамыту мәселелері басты назарда қала бермек. Сондай-ақ, индустриялық-инновациялық бағдарламалар, «Жер-Теңіз-Аспан» ықпалдасқан жобасының барлық бағыттары мен облыстың бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларын жүзеге асыру мәселелері кеңінен талқыланды. Әлемдік дағдарыстың инвесторлар қызметі мен аймақ экономикасына тигізген кері әсеріне қарамастан, «Жер-Теңіз-Аспан» жобаларының бірде-бір бағыты бойынша кейін шегіну жоқ. Ел экономикасын әртараптандыру бағытындағы жобалардың барлығы да іске асырылып келеді. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Ақтау теңіз айлағы» арнайы экономикалық аймағы» ? өңірді экономикалық әртараптандырудың негізгі тетігі болып табылады. Халықты жұмыспен қамту тұрғысында мұнда 17 жаңа өндіріс жобасын ашу қарастырылып отыр. Оның 7-уі сарапшылар кеңесінде мақұлданып, қаралу үстінде. Қазір арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымдары құрылысын қаржыландыру күн тәртібінде тұр. Оған 10,8 млрд. теңге қажет. Осыған сәйкес Сізден 2009 жылғы республикалық бюджеттен Астана қаласының жаңа өндіріс аймағының құрылысына қарастырылған 7,6 млрд. теңге мақсатты трансфертті қайта қарап, оның көгалдандыруға бөлінетін 4,1 млрд. теңгесін "Ақтау теңіз айлағы" арнайы экономикалық аймағына бөлдіру мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймын», - деп өтініш білдірді. Мұндай жағдайда қалған 9,4 млрд. теңге қаржыны өз күшімізбен табуға сендіремін, деді облыс әкімі. Үкімет басшысы тиісті министрліктерге облыста іске асырылып жатқан жекелеген инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларға қатысты нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, «Бейнеу-Ақтау» учаскесіндегі «Ақтау-Атырау» және «Жетібай-Жаңаөзен-Түркіменстанмен шекара» автожолдарын қайта салу жобаларын, концессиялық келісімдер негізінде жүргізілуі тиіс «Маңғышлақ-Баутино» темір жол учаскесі мен «Жезқазған-Бейнеу» темір жолының құрылысын жеделдетуді тапсырды. Сонымен қатар, Үкімет басшысы биыл Каспий энергетикалық хабының сыртқы инфрақұрылымы мен «Ақтау теңіз айлағы» арнайы экономикалық аймағының инженерлік және көліктік инфрақұрылымы құрылысының басталуы қажеттігіне, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жобаларына баса назар аудару керектігін ескертті. Жиынды қорытындылай келіп, Премьер-Министр Кәрім Мәсімов «Елбасының Үкімет алдына қойған дағдарысқа қарсы негізгі тапсырмаларының бірі ? жұмыссыздықты өсірмеу, осы тұрғыда өзге де атқарылып жатқан шаруалардың барысын оң бағалаймын», - деді.