Үкімет басшысы Тілдер сарайының ашылу рәсіміне қатысты
АН. Ақпанның 13-і. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Елбасы Жолдауын халыққа түсіндіру мақсатында Алматы облысында жұмыс сапарымен жүрген Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Талдықорғанда Тілдер сарайының ашылу рәсіміне қатысты.
Республикадағы алғашқы және әзірге жалғыз Тілдер сарайының құрылысы Елбасының «Тілдің үштұғырлығы» бағдарламасына сәйкес салынған болатын. Нысанның құрылысына облыс бюджетінен 304 миллионға жуық теңге бөлінді. Бұл сәулет жобасының авторы - Қазақстанның Сәулетшілер одағының мүшесі Нұркен Белдібаев. Сәулетші Н.Белдібаев Талдықорғандағы Достық үйінің де авторы болып табылады.
Тілдер сарайының барлық сыныптары сабаққа қажетті заманауи жабдықтармен жарақталған. Бұл жерде бір мезгілде 80 адамға дейін оқи алады. Оқу аудиторияларымен қоса, мұнда 150 орындық акт залы, облыстық тілдерді дамыту басқармасының қызметкерлері мен мемлекеттік тілді үйрету орталығы қызметкерлерінің, ағылшын және орыс тілдері оқытушыларының кабинеттері қарастырылған.
2006 жылдан бері облыстың 8 ауданы мен 3 қаласында мемлекеттік тілді оқытатын 14 орталық ашылып, жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда оларда 4251 тыңдаушы оқып шыққан, олардың 1021-і - мемлекеттік қызметкерлер. Өткен жылы мемлекеттік тілді үйретуге жергілікті бюджеттен 34 миллион теңге бөлінсе, ағымдағы жылы бұл мақсатқа 42 миллион 463 мың теңге сома қарастырылып отыр.