Үкімет басшысы жанар-жағармай бағасының тұрақты болатынына сенімді
СТАНА, Шілденің 27-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Премьер-Министр Кәрім Мәсімов нарықтағы жанар-жағармай бағасының реттелуіне көңілі толатындығын атап өтті.
Бұл ретте ол егістік алқаптарының жұмысы жанданатын көктем және күз айларында бұған дейін жанар-жағармай бағасының күрт өсіп кететіндігін айта келе, өткен жылдың қарашасында Елбасының нақты тапсырмасынан кейін ғана оның тұрақтанғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ Үкімет басшысы сол аралықта елімізде жанар-жағармай экспортына шектеу енгізілгенін де еске салды. Бұл орайда Премьер-Министр еліміздің Кедендік одақ аясына енуіне байланысты бұл шектеуді одан әрі пайдалана алмайтындығын атап өтті.
«Әрине Кедендік одаққа қатысты мәселелер бар. Өйткені Ресей Федерациясы нарығындағы жанар-жағармай бағасы Қазақстанға қарағанда жоғары. Егер Кедендік одақ жұмысын бастар алдында біз Қазақстан аумағынан жанар-жағармай экспортына шектеу қойсақ, енді бұл тетікті одан әрі пайдалана алмаймыз. Сондықтан біз қазір Ресейдің Қазақстан тәжірибесін зерделеуі үшін консультациялар өткізіп, саясатты келісудеміз. Бұл мәселені «қолмен басқару режімінде» шешу қажет, дегенмен біз бағаның тұрақты болатындығына уәде береміз және де солай болады да», деді ол.