Үкімет басшысы жұмыс сапарымен Ақмола облысына келді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-министрі К.Мәсімов жұмыс сапарымен Ақмола облысына келді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Үкімет басшысы жұмыс сапарымен Ақмола облысына келді

Сапар барысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Степногордегі «Степногор-Еуропалық подшипник корпорациясы» АҚ-да болды.
Айта кетейік, осы күні «Степногор-Еуропалық подшипник корпорациясы» АҚ-ның да жұмысы оңға басуда. Аталмыш кәсіпорын осыған дейін жолаушылар және жүк вагондарына, тепловоздар мен электровоздарға қажетті подшипниктер шығарып келген еді. Соңғы кездер теміржол саласынан сұраныс төмендеген соң кәсіпорын осы күні еуропалық үлгідегі подшипниктердің жаңа түрін шығаруды қолға алып отыр.
«2012 жылы кәсіпорынға «ЕПК-Мәскеу» ашық акционерлік қоғамының подшипник өндірісі номенклатурасын ауыстыру» инвестициялық жобасы аяқталды. Мәскеуде жабылып қалған зауыттан қажетті бөлшектер тасымалданды. Ол жақтан мұнда 370 қондырғы жеткізілді.
Осының арқасында өткен жылдың қорытындысы бойынша зауытта 10,3 мың тонна подшипник немесе 6 миллиард теңгенің өнімі шығарылды.
Биылғы жылдың басынан бері жаңа үлгідегі 71 мың дана подшипник немесе 12 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Дайын өнім Қазақстан мен Ресей нарықтарына саудаға шығарылуда. Жаңа өнімге сұраныс артуда. Келешекте зауыт бұл көрсеткішті одан әрі асыруды межелеп отыр», деді кәсіпорын басшысы Александр Томилов.
Еске сала кетсек, сонымен қатар осы күні Үкімет басшысы «Қазақстанның жылыжай кешені» ЖШС, №2 индустриалды-техникалық колледжде болып, облыстағы ЖОО мен техникалық және кәсіби білім беру орындарының студенттерімен кездеседі деп жоспарланған. Кездесуде жастарды жұмысқа орналастыру мәселесі сөз болмақ.
Сондай-ақ, Бурабай ауданының бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандарымен танысып, Астана қаласы айналасында азық-түлік белдеуін мен Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту туралы кеңес өткізеді деп жоспарланған.