Үкімет басшысы жұмыс сапарымен Павлодар облысына барады
АСТАНА. 10 маусым. ҚазАқпарат - Осы аптада Үкімет басшысы Серік Ахметов Павлодар облысына сапарлайды.
Бұл туралы бүгін елордада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.
Оның атап өтуінше, 14 маусымда Премьер-Министр Серік Ахметов бастаған Үкімет мүшелері ҚР Парламенті Мәжілісі пен Сенатының бірлескен отырысына қатысады. Қос палатаның алқалы жиынында Есеп комитетінің 2012 жылдың қорытындысы бойынша республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі тыңдалады.
«Сонымен қатар осы күннің екінші жартысында Үкімет басшысы жұмыс сапарымен Павлодар облысына барады. Өңірге сапар барысында облыстағы агроөнеркәсіп кешенінің дамуы мен бірқатар өндірістік нысандардың тыныс-тіршілігмен кеңінен танысуы көзделген», - деді ол.
Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, сапар қорытындысы бойынша облыстық әкімшілікте кеңейтілген отырыс өтеді. Онда өңір алдында белгіленген индустриалды-инновациялық және әлеуметтік-экономикалық басымдықтарды талқылау жоспарланып отыр.