Үкімет басшысының Шығыс Қазақстандағы жұмыс сапары Семей қаласынан басталды
ӨСКЕМЕН. 11 қаңтар. ҚазАқпарат - Премьер-Министр Серік Ахметов басқарған ресми үкіметтік делегация Семей қаласына келді.
Аймаққа жұмыс сапары «Семей қаласындағы ЖЭС-1 кеңейтілуі мен жаңартылуы» жобасы іске асырылып отырған жылыту нысандарына барудан басталды. Жоба 2013 жылдың аяғына дейін іске асырылатыны жоспарлануда. Оның іске асырылуына 2012 жылы 5,5 млрд. теңге бөлінді.
Жылумен қамтамасыз ету нысандарына бару аясында жылыту маусымының және қаланың сол жақ жағалауының бөлігін үздіксіз жылумен қамту мәселелері қарастырылады.
Бұдан басқа, Семейде үкіметтік делегация сейсмологиялық аймақтарда ғимараттарды салу үшін жабындылардың тақталарын шығаратын және «Қолжетімді баспана» бағдарламасының іске асырылуына қатысып отырған «Фирма Азия» кәсіпорнының жұмысымен танысады.
Жұмыс сапарының бағдарламасында Семей, Зырян, Өскемен қалалары мен Глубоковский ауданындағы өнеркәсіп өндірістеріне, АӨК мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарына бару еніп отырғанын атап өтейік.
Сапардың қорытындысы бойынша өтетін кеңесте «Қазақстан 2050» Стратегиясында айқындалған мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың көкейкесті мәселелерін талқылау жоспарланып отыр. Атап айтқанда, облыстың ақпараттық орталығынан хабарлағандай, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, туристік кластерді дамыту, геологиялық барлау, экология, «жасыл» экономика, энергияның баламалы көздері, шағын МЭС-терді салу, газбен жабдықтау, ағаш өңдеу саласын дамыту мәселелері қарастырылады. Ал Ертіс трансшекаралық өзенінің проблемалары бөлек тақырып болмақ.