Үкімет бау-бақша мен қосалқы шаруашылықты дамытатын болады
АНА. 1 шілде. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Осы аптадағы Үкімет отырысында саяжайлар, бау-бақша және жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытудың 2011-2014 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары қабылданды
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда азаматтардың жеке қосалқы шаруашылықтарындағы өнімдер ауыл шаруашылығы өндірісінің 56,8 пайызын құрайды екен. Бұл жаман көрсеткіш емес. Қолдау болса бұдан да зор көрсеткішке қол жеткізуге болатынын айтады сала мамандары. Расымен, бұл әжептәуір әлеует. Оның ішінде әлемдік деңгейде азық-түлік дағдарысы мәселесі күн тәртібінде тұрғанда, жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдаудың маңызы да зораймақ. Оның үстіне дамыған елдерде жолға қойылған дәстүр бұл.
Ресми статистика бойынша Қазақстан халқының саны 16,4 млн. адам болса, соның 9 миллионы немесе 54,5 пайызы қалаларда тұрады. Ал ауыл шарушылығының жалпы өнімінің өндірілетін құны 1,5 трлн. теңге болса, соның 277,5 млрд. теңгесі - ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің, 346 млрд. теңгесі - фермерлік шаруашылықтардың, 820 млрд. теңгесі - халық шаруашылығының үлесіне тиеді. «Алайда жеке қосалқы шаруашылықтардың, жалпы ауыл шаруашылығының құрылымында алар үлесіне қарамастан, мемлекет өндірістік қуаттардың дамуын жеке қосалқы шаруашылықтардың дамуы арқылы жоспарлай алмайтыны түсінікті. Дегенмен, осыншалық өндіріс әлеуетін мемлекеттің қолдауынсыз қалдыруға болмайды», - дейді министр Асылжан Мамытбеков. Оның айтуынша, саяжай және бау-бақша иелерінің осы салаларды дамытуға қатысты талаптары да соншама көп емес. Ең бастысы, бау-бақша үшін су, қажетті электр қуаты, саяжайларға қатынайтын автобус, сосын қоғамдық күзет мәселесі шешімін тапса жетіп жатыр. Жобаға келетін болсақ, бұл ретте әкімдіктерге өңірлердегі саяжайлар мен бау-бақша шаруашылықтарын түгендеп, олардың бос жатқандарын анықтау, есеп жүргізу жүктеледі. Қажет болса, саяжай алаңдарын кеңіту үшін әкімдіктер қала маңындағы бос жерлерді пайдаланатын болады. Ал тұрғын үй-коммуналдық қызмет органдары жаңа саяжай алаңдарын тиісті инфрақұрылымдармен қамтамасыз етіп, саяжайларды салудың техникалық-экономикалық негіздемелері мен жобалық-сметалық құжаттарын әзірлейтін болады. Бұдан бөлек, әкімдіктер саяжай кооперативтерінің дамуына қолдап қана қоймай, олардың өнімдерін сатудан бастап, коммуналдық базарларға жеткізуге дейінгі мәселелерді шешеді. «Бұл ретте әр облыста саяжайлық кооперативтерді жеңілдікпен қаржыландыру үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы 50 млн. теңге қосымша қаржыландыру керек. Бұдан бөлек, жеке тұлғалардың қажетті мүліктерін, техникаларын алу үшін шағын несиелеу жолымен қаржылындыру қарастырылса игі. Бұған кемінде әр облыстан 20 млн. теңге бөлінген абзал», - деді А. Мамытбеков. Қала тұрғындарының үй маңындағы саяжайларда өзіне де, өзгеге де тиімді шаруашылықпен шұғылдануы үшін һәм осындай ынтаны арттыру мақсатында электр қуаты мен су шаруашылығының тарифін төмендету, автобус қатынасын ұйымдастыру мәселелері де 5 жылдық іс-шаралар жоспарында қамтылған. Үкімет мүшелері аталған жоспарды бірауыздан қабылдады. Отырыста қаралған мәселелер бойынша Премьер-министр Кәрім Мәсімов бірқатар мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берді.
* * *
Осы аптада әлем назары тағы кезекті рет Астанаға ауды. Елордада 3 күнге ұласқан Ислам Конференциясы Ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің кеңесінің 38-ші сессиясы өтті. Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейінгі әлемдегі екінші ірі саяси бірлестік болып табылатын, 57 елдің өкілдері кіретін Ұйымға төрағалық тізгіні осы күні Тәжікстаннан Қазақстанға өтті. «Бейбітшілік, Ынтымақтастық және Даму» ұранымен өткен төрағалықтың алғашқы күні-ақ Ұйымның атауы өзгеріп, Қазақстан тарапынан тың бастамалар тасталды. Сессияның алғашқы күні, салтанатты ашылу барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, төрағалықтағы елдің ұстанымын ғана емес, Ұйымның алдағы даму бағытына қатысты тұщымды пікірлерін де ортаға салды.
Ең алдымен Мемлекет басшысы ИКҰ-ға мүше мемлекеттердің экономикалық дамуы үшін интеграциялық стратегия дайындауды ұсынды. Бұған да негіз жоқ емес. Осы ретте Президент Н. Назарбаев ислам қоғамдастығына бейбітшілік, жаңғыру, ғылыми-техникалық даму және өркендеу ауадай қажет екенін айта келе, бірқатар нақты мысалдарды алға тартты. Мәселен, Елбасының айтуынша, Умманың жиынтық экономикалық әлеуеті шексіз және өзара тиімді ынтымақтастық, өзара көмек және дамуға ықпалдастық тұрғысынан күш біріктірген ұтымды болады. « ИКҰ-ға мүше мемлекеттер тұрғындарының орташа сатып алу қабілеті 9,5 мың долларды құрайды, ал Еуропа елдеріндегі балама көрсеткіш 24 мың доллардан асады. Ислам Конференциясы Ұйымы елдер арасындағы дамудың өзінде үлкен айырмашылықтар бар. Мәселен, жан басына шаққандағы ІЖӨ аса дамыған және дамымаған мемлекеттер арасында 100 пайыз айырмашылықты құрайды. ИКҰ-ға мүше елдер әлемдік энергетикалық ресурстардың 70 пайызын бақылауында ұстап отыр. Алайда оларға әлемдік ІЖӨ-нің тек қана 7,5 пайызы және әлемдік тауар айналымының 11 пайызы ғана келеді. Жағдайдың бұлай қалыптасуы біз үшін мүлдем орынсыз деп санаймын. Біздің ұйымға мүше әрбір мемлекеттің, тұтастай алғанда Умманың бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату қажет», - деді Н. Назарбаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы осыдан үш апта бұрын елордада өткен Бүкіләлемдік 7-ші Ислам экономикалық форумында өзі көтерген және сол жиында бірқатары қабылданған ұсыныстарға тағы бір мәрте тоқталып, ислам әлемінің даму бағыты үшін негізгі ұсынымдарын одан сайын нақтылап өтті. Бұл ретте Президент ИКҰ шеңберінде азық-түлік бойынша өзара көмек көрсету жүйесін құру қажеттігіне назар аудартты. Аталмыш мәселенің әлем бойынша өзекті тақырыпқа айналғанын ескерсек, ислам елдері арасында бұндай ұйымның құрылғаны аса қажет-ақ. Қазақстан тарапы ондай ұйымның штаб-пәтерін азық-түлік ресурсын экспорттайтын мемлекет ретінде өз жерінде орналастыруға әзір екендігін мәлімдеген болатын. Бұдан бөлек, Елбасы ислам әлеміне дамудың шикізаттық бағытынан индустриялық-инновациялық қырына қарай көшуі қажеттігін айтып, ИКҰ аясында энергетикалық салада инвестициялық және технологиялық ынтымақтастық бойынша іс-әрекеттің бірлескен жоспарын қабылдауды, сондай-ақ Халықаралық инновациялық орталық құруды алға тартты. «Ақыр аяғында ислам әлемі өзінің артықшылықтарының бірі - демографиялық өсім әлеуетін пайдаланып, оны тұрақты экономикалық дамудың ажырамас бір бөлігіне айналдыруы тиіс. Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша 2030 жылы мұсылман әлемінде 2,2 миллиард адам өмір сүретін болады. Бұл - планета халқының төрттен бір бөлігі деген сөз. Орасан зор адам ресурстары сайма-сай білім және ғылыммен қамтылуды қажет етеді. Ислам өркениетінің қайта өрлеуіне қызмет етіп, жаңа идеялардың алға жылжуына қабілет танытатын интеллектуалдық элитаны тәрбиелеу біздің міндетіміз болуы тиіс», - деген Нұрсұлтан Әбішұлы ислам өркениетінің жетістіктері туралы бірқатар мысалдарды айта келе, интеллектуалды орталықтың бүгінгі жайына да назар аудартты. «Орта ғасырларда ислам әлемге математика, химия, астрономия, медицина, сәулеткерлік, философия мен поэзия салаларында ұлы жаңалықтар мен ашылуларды сыйлады. Бағдад, Кордова, Толедо, Александрия секілді қалалар бүкіл әлемнің интеллектуалдық орталықтары болып табылды. Олар ғалымдар, әдебиетшілер мен кітап шығарушылардың ірі қауымдастығын өздерінде шоғырландыра білді.Мұсылмандар көрші елдердің қызығушылығы мен таңданысын туындатқан қуатты интеллектуалдық өркениетті құра алды. Қайта өрлеу заманының қарсаңында христиандық Еуропа шығыс киімдерін киді және мұсылмандардың философиялық шығармаларын оқуды дәстүрге айналдырды. Араб цифрлары мен есептеу жүйесінің пайда болуы математикада, алгебрада, геометрияда танымдық төңкеріске әкелді. Осының негізінде Еуропаның мұнан кейінгі гүлденуіне қызмет еткен оқытушылық жүйесі қалыптасып, сәулеткерлік пен сауда дамыды. Міне, осындай қуатты тарихи іргетасқа сүйене және бірлесе отырып біз ислам өркениетінің интеллектуалдық рөлін қайта жаңғыртуға міндеттіміз. Мұсылман әлемінің интеллектуалдық ұлылығы мен жасампаздық күш-қуаты неліктен жоғалғандығын зерттеп, түсінуіміз қажет», - деді Елбасы.
Бұнымен қатар, Президент «Ислам елдері бай табиғи, адами, қаржылық ресурстарға ие бола отырып, неліктен әлемдік даму деңгейінде жоғарғы орындарға ие бола алмады? Неліктен ислам университеттері әлемдік жоғары білім жүйесінде өздерін көрсете алмай отыр? Соңғы 20 жылда мұсылман елдерінде жаратылыстану және техникалық ғылымдар саласында әлемдік деңгейдегі жаңалық ашулардың болмау сыры неде?» деген шынайы сауалдарды ортаға салып, ойлануға шақырды. Ар араб әлемінің басындағы проблемалар туралы Елбасы : «Палестиналықтардың өз мемлекетін құру жөніндегі заңды құқықтарының жүзеге аспауы, Шығыс Иерусалим мәртебесі туралы мәселенің шешімсіздігі, босқындардың ауыр жағдайы тек Таяу Шығыста ғана емес, сонымен қатар, одан шеткері аймақтарда да күрделі жағдайдың қалыптасу көзі болып отыр. Біз өңірде БҰҰ қарарымен сәйкес бейбіт реттеу жөніндегі бастамашылдықты қолдаймыз.Таяу Шығыста және Солтүстік Африкада орын алған оқиғаларға сұрыптау жасау барысында бұл сілкіністердің басты себебі бұл елдердегі шешілмеген әлеуметтік-экономикалық проблемалар болып отырғандығын көрсетеді», - деп атап өтті. Өз сөзін аяқтай келе, Президент Н. Назарбаев ИКҰ алдында тұрған ең аса маңызды міндетке тоқталды. «Бірінші - саяси идеология ретінде діни фундаментализмге қарсы тұруды үйрену. Біз Исламның саяси зорлық-зомбылықпен, экстремизммен және лаңкестікпен ешқандай байланысы жоқ екендігін үзілді-кесілді мәлімдеуге тиістіміз. Бүкіләлемдік Жетінші Ислам экономикалық форумында мен біртұтас медиялық ислам жобасын жасау жөнінде ұсыныс жасадым. Қазір осы жобаға қарсы Интернетте «жаңа медиялық» қуатты қарсылықтар қарқын алуда. Осыған байланысты мен мұсылмандық рухани құндылықтарды тарататын, жастардың Ислам діні мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттыратын, біздің ұйымымыздың қызметін насихаттайтын е-ISLAM Интернет-ресурсын құруды ұсынамын», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысы ұсынған екінші міндет - Мұсылман әлемі және Батыс әлемі арасындағы ашық және әділетті үнқатысуды барынша жандандыру. Бұл орайда, Н. Назарбаев Қазақстанның ИКҰ-ға төрағалығы осы игілікті мақсаттарды жүзеге асыруға бағытталатынын жеткізді. «Қасиетті Құранда мұсылман емес адамдармен пікірталас және үнқатысу негізін жүргізу туралы былай делінеді: «Жаратқанның қасиетті жолына ғұламалықпен және ізгі ісіңмен баста және олармен болатын пікірталасты ізгілікпен жалғастыр». Бұл әртүрлі пиғылдағы экстремистердің әлемде өзара жаулық дәнін сеуіп, «өркениеттер қақтығысы» деген текетіреске тартып жатқан кезеңде ерекше маңызды болып табылады. Бұл негізінен дұрыс емес және құрдымға апаратын себеп. Христиан және мұсылман өркениетінің қақтығысына бізді итермелейтін бұл пиғыл біздің планетамыздағы тіршілікті жойып жіберуге әкеліп соғатындығы әбден мүмкін. Неліктен бұл барлығымызды тоқтата алмайды? Осы сұрақ төңірегіндегі салиқалы ой бізді бейбітшілікті және өзара түсіністікті қалыптастыруға итермелеуге тиіс. Тарихи тұрғыдан ислам, христиан және иудаизм өзара бір-бірімен жақын, біздің діндеріміз өзара тәуелді және бірін-бірі толықтырып отырады. Біз бір ғана Құдайды мойындаймыз, біздің діндерімізде бір ғана ыбырайымдылық - абрамдық негіз бар. Біз «өркениеттер қақтығысының» орнына «өркениеттер бірлестігін» ұсынамыз. Біз өзара қақтығыстың орнына барлық әлем еститіндей мұсылман және христиан әлемі арасындағы ашық та әділетті үнқатысуға шақырамыз. Мұндай қадам Умма тарапынан Исламға деген құрмет пен сенімділікті арттырады», - деді Елбасы. Сөз соңында Елбасы форум жұмысының мұсылман әлеміндегі қауіпсіздік пен есендікті нығайтуға лайықты үлес қосатынына сенім білдірді. «Бүгін қазақ жерінде Ұйымды жаңаша Ислам Ынтымақтастық Ұйымы деп атай бастау - біздің жаңаруымыздың, бірлігіміздің және үмбеттің бәсекеге қабілеттілігінің символы болады деп сенемін. Біздің Ұйым халықаралық «күн тәртібін» қалыптастыруға белсендірек қатысады деп үміт артамын. Қазақстанның Ұйымға төрағалығы «Бейбітшілік, Ынтымақтастық және Даму» ұраны аясында өтуі бекер емес. Осы үш өлшем бойынша біршама жетістіктерге қол жеткізген біздің еліміз Ислам Ынтымақтастық Ұйымы беделінің арта түсуіне күш салады», - деп аяқтады сөзін Елбасы.
Сөйтіп, Елордададығы Тәуелсіздік сарайында 3 күнге созылған Ислам Ынтымақтастық Ұйымы (ИЫҰ) Сыртқы істер министрлерінің 38-ші кеңесі бірқатар жиынды жабық жағдайда өткізіп, алқалы мәжіліс қорытындысы бойынша ИЫҰ СІМ Кеңесі Астана декларациясын қабылдады.
* * *
Осы аптаның бейсенбісінде, яғни 30 маусым күні төртінші сайланған Қазақстан Парламенті өзінің төртінші сессиясын аяқтап, депутаттар екі айлық каникулға кетті. Сессия барысында Парламент қоржынында барлығы 190 заң жобасы болса, депутаттар оның 141-ін қабылдаған. 107 заңға Елбасы қол қойып, күшіне енгізіпті. «Осыдан он ай бұрын, сессияны ашарда, Мемлекет басшысы Парламент депутаттарының сындарлы жұмысын атап өткен еді. Осы арқылы жұмысымызға жаңа серпін берген Елбасы заң шығару қызметінің басым бағыттарын да айқындаған болатын. Ал бүгін қоғам назарына ұсынылып отырған жұмыс қорытындылары Президент алға қойған міндеттерді Парламент негізінен орындап шықты деп айтуға мүмкіндік береді», - деді сессияның жабылу жиынында сөз сөйлеген ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджанов. Сонымен қатар спикер өткен сессия бойы заң шығарушы биліктің қоғам мен ел дамуына қажетті заңдарды өмірге келтіргенін айтып, оларғы бірқатар мысалдар жасады. Бір сөзбен айтсақ, айқындалған даму бағытын әрі қарай дөңгелететін заңдар, әлеуметтің әлеуетін көтеретін құжаттар қабылданды. Шағын және орта бизнесті қолдауға, ғылым мен білімді дамытуға, қаржы секторының адымын ашуға жәрдемші заңдар күшіне енсе, Елбасы айтқан елдегі реформалардың құқықтық қамтылуына да мән берілді. Сот жүйесін жетілдіріп, құқық қорғауды реформалау да заңнамалық нормалармен қамтылды. Халықаралық қатынастар саласындағы заң шығару жұмысының көлемі де ауқымды болды. Осы сессияда 70-тен астам халықаралық шарттар, конвенциялар мен келісімдер ратификацияланған. Алдағы қыркүйекте төртінші шақырылған Парламенттің соңғы сессиясы болмақ. Ендеше алда депутаттарды әлі де қыруар жұмыс пен белсенділік күтіп тұрғаны анық.