Үкімет биыл еліміздегі экономикалық өсім 1 пайыз деңгейінде болады деп болжайды
АСТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Үкімет ағымдағы жылы еліміздегі экономикалық өсімді 1 пайыз деңгейінде болжап отыр.
Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2009-2011 жылдарға арналған Республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әлемдік дағдарыстың алғашқы соққысына дер уақытында назар аударылғалы бері Үкімет қазіргі таңда әлемдегі және еліміздегі жағдайға мониторингті күшейтіп отыр. Қабылданған шаралар мен әлемдік экономикалық даму перспективаларын ескере отырып, Үкімет ағымдағы жылы еліміздегі экономикалық өсімді 1 пайыз деңгейінде болжайды», деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысының айтуынша, 2009 жылғы бюджет кірістерін есептегенде, мұнайға әлемдік баға 40 доллар шамасында белгіленген. «Бірақ, егер 2009 жылдың екінші тоқсанында әлемдік экономика жағдайы өзгеріп жаңа үдерістер байқалатын болса, Үкімет депутаттардың қарауына қосымша нақтылауларды да енгізетін болады», деді Премьер-Министр.