15:31, 28 Қаңтар 2009 | GMT +5
Үкімет биылғы егіс науқаны кезеңінде ауылшаруашылығы компанияларына қаржылай көмектесетін болады - Премьер-Министр
АСТАНА. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Үкімет биылғы егіс науқаны кезеңінде еліміздегі ауылшаруашылығы компанияларына қаржылай көмектесетін болады. Бұл туралы бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқа мәжілісінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Алқада, кеше Елбасы Ұлттық қорды басқару кеңесінің кезектен тыс отырысын өткізіп, онда бірқатар маңызды шешімдер қабылданғанын Үкіметтің тиісті қаулысына қол қойылғанын айтқан Премьер-Министр: «Осы аптаның соңына дейін 1 млрд. доллар «ҚазАгро» холдингінің есепшотына түседі. Бізге ауылшаруашылық компаниялары өтінішпен шықты. Олар банктердің тарапынан қаржыландырудың жеткіліксіздігінен егіс науқаны кезеңінде көмектесуді сұрап отыр. Ауылшаруашылығына арналған жаңағы 1 млрд. доллардың есебінен біз оларға көмектесетін боламыз», деді. К. Мәсімовтың айтуынша, сыртқы қаржыландыру тетіктері тоқтап қалған және еліміздің банктерінде қаржы жеткіліксіз қазіргі кезеңде мемлекеттің маңызы мен рөлі артып отыр. Тиісінше экономикаға мемлекет бөліп жатқан ресурстарының көлемі ұлғаюда. Мұның қалыпты нәрсе екеніне тоқталған Үкімет басшысы: «Ал ертең жайбарақат кезең қайта туғанда жеке секторға зор мүмкіндіктер беру үшін Үкімет кейін қарай бір қадам жасауы тиіс», деді.