Үкімет дағдарысқа қарсы шаралар аясында пайдалануға берілетін баспананы екі есеге арттырады - Апталық шолу

Мәселен, тәуелсіздік алғалы бері қанша дағдарыстан өттік? Осы жағынан ойластырсақ, бүгінгі күнгі даму қиыншылықтарын кезекті құбылыс деп қабылдап, дағдарыстың да өтіп, кететініне илану ләзім. Дегенмен, бұндай дағдарыстар әсері де түрлі-түрлі. Елдің дамуын тұралатып, оны құрдымға құлдырататын дағдарыстар да болады. Сондықтан да, дамуды тежеген дағдарысқа сауатты жауап қату - бүгінгі Үкіметтің басты міндеті. Осы аптада Кәрім Мәсімов басқаратын атқарушы билік Елбасының кеңейтілген отырыста берген тапсырмаларын орындау үшін дағдарысқа қарсы қамтылатын жедел шараларын пысықтап шықты
Осылайша, Үкіметтің селекторлық кеңесінде дағдарысқа қарсы шаралар жоспары пысықталып, төрт түрлі бағытқа берілетін басымдықтар қабылданды. Бұлар: ақша-несие саясатының тиімділігін арттыру, экономиканы қолдау шараларын кеңейту, шағын және орта бизнес пен экономиканың негізгі салаларын қолдау, сондай-ақ іскерлік белсенділік пен халықты жұмыспен қамтуды дамыту.
Осылардың ішінде ақша-несие саясатының тиімділігін арттыру және қаржылық тұрақтылықты қолдау мәселесі өзекті болып табылады. Бұл бағыт бойынша онлайн байланыс арқылы Үкімет отырысына қатысқан Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев теңгенің еркін айырбас бағамы саясаты жалғаса беретінін алға тартты. Оның айтуынша, бұл - бүгінгі жағдайда ең оңтайлы режим. Өйткені, еркін бағам елдің алтын-валюта активтерін сақтап, отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қолдайды. Сондықтан да, Ұлттық банк алдағы уақытта да валюта бағамына қатысуды барынша шектейміз дегенді алға тартады. Бас банкирдің айтуынша, бұған бір жағынан халық та үйрене бастаған. Сосын банк төрағасы «доллардан мейлінше кету» саясаты да жалғасатынын айтып қалды. «Ұлттық банктің екінші деңгейлі банктердің өтімділігін қамтамасыз етудегі рөлі күшейді. Бұған қоса теңгемен салынған депозиттер үлесінің артуы күтіледі. Өйткені, 2016 жылдың 1 қаңтарынан біз жеке тұлғалардың ұлттық валютамен сақталған депозиттеріне берілетін сыйақы ставкасының ең жоғары мөлшерін 10 пайыздан 14 пайызға дейін көтеріп, шетел валютасындағы депозиттердің ставкасын керісінше 2 пайызға дейін төмендеттік. Бұл теңге депозиттерінің тартымдылығын арттыруға, ел азаматтарының жинақтарын қорғауға мүмкіндік береді. Мұндай жағдайда Ұлттық банк ақша нарығына арналған пайыздық саясат тетіктерін жетілдірумен жұмыс істеуін жалғастырады», - деді Данияр Ақышев. Айта кетерлігі, 2016 жылы инфляция дәлізін 6-8 пайыз деңгейіне қалпына келтіру де Ұлттық банктің міндеті.
Жоспардың екінші бағыты - «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде экономиканы қолдау шараларын кеңейту. Айта кетерлігі, 2016 жылы Ұлттық қордан қосымша қаржы тартпастан, Қазақстан экономикасын қолдау мақсатында 1 трлн. 278,4 млрд. теңге бөлінетін болады. Соның ішінде 2017 жылғы «Нұрлы жол» бағдарламасына қарастырылған 3 млрд. доллардың 1 млрд. доллары 2016 жылға ауыстырылады. Сондай-ақ, 2016 жылғы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға арналған Ұлттық қордың қаржысымен бағамдық айырма арқылы 194,5 млрд. теңге жинақталады. Осылайша, бюджеттік есеп-қисап арқылы «Нұрлы жол» бағдарламасының инфрақұрылымдық дамыту жоспарлары іске асырыла бермек. Айта кетерлігі, «Нұрлы жол» аясында қамтылатын қадамның бірі құрылыс, соның ішінде тұрғын үй құрылысына да қатысты болып отыр.
Үкімет отырысында әйгілі болған басты әрі жағымды жаңалықтың бірі де осы - баспана салуға басымдық беру. Бұл ретте экономиканың негізгі бағыттарын қолдау үшін Үкімет алдағы уақытта тұрғын үй құрылысы саласының қарқынына дем бермек. Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, дағдарысқа қарсы қосымша шаралар 2016 жылы баспананы пайдалануға беру болжамын екі есеге арттырады. Жедел ақпарат бойынша өңірлерде жобалардың алдын алу пулы қалыптастырылған.
«Бюджетті нақтылағанға дейін тізім пысықталып, жергілікті атқарушы органдармен келісіледі. Қабылданған шаралардың арқасында жоспар бойынша ескерілген 2016 жылға 516,5 мың шаршы метр баспананың орнына, биыл 1,5 млн. шаршы метр тапсырылады және 2017 жылы 540 мың шаршы метр пайдалануға беріледі. Бұл өз кезегінде ІЖӨ өсіміне 0,5 пайыз деңгейінде үлес қосады. Сосын 70 мыңнан астам қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік бермек. Тұрғын үй құрылысын қаржыландыру көлемі мен талаптарына енген өзгерістерді ескере отырып, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына да тиісті өзгертулер енгізіледі», - деді министр Досаев.
Оның сөзіне қарағанда, Елбасы тапсырмасына сәйкес, биылдың 1 маусымына дейін 2025 жылға дейінгі дамудың жаңа стратегиялық жоспары дайындалады. Соның аясында Қазақстандағы тұрғын үй құрылысын дамыту атты бөлім белгіленіп, ол бойынша жаңа тұжырымдық қадамдар әзірленеді. «Сондай-ақ, биыл Астана мен Алматыда бір шаршы метр тұрғын үйдің құны 240 мың теңгеден аспайды, ал қалған өңірлерде 200 мың теңгеден. Құрылыс салушыларға қойылатын негізгі талаптарға тоқталатын болсақ, тартылған инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен жер телімінің және мемлекеттік сараптамамен жобалау-сметалық құжатнаманың болуы, 20 пайыздық жеке капиталының қатысуымен кірісуі қамтылған. Осы бағыт бойынша 2016 жылы 404 мың шаршы метр тұрғын үй салынады», - деді министр. Сөйтіп, Үкімет дағдарысқа қарсы шаралар жоспарын тағы бір мәрте жетілдіріп, пысықтады. Ендігі кезекте осыған негізделіп бюджетке де түзету енгізіледі. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов апта ішінде бюджетке түзетулерді даярлауды тапсырды. Бұйырса алдағы апталарда бюджет бекіп, белгіленген жұмыстар экономикаға мейлінше шапшаң бағытталатын болады.
Сайлау науқанынан не жаңалық?
Наурыздың 20-сында өтетін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауы ертеңнен бастап қыза түспек. Өйткені, сайлауды ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес партиялық тізімдерді тіркеу мерзімі аяқталды. Енді 20 ақпаннан бастап, сайлауға түсетін барлық саяси партиялар өздерінің сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарына кіріспек. Үгіт-насихат 18 наурыз күні сағат 24.00-де аяқталуы тиіс.
Осы маңызды межеге байланысты Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов науқан барысында саяси партиялар «лас» технологиялар қолданбауға шақырды. «Біз сайлауға қатысушы саяси партиялар мен кандидаттарды, сондай-ақ олардың сайлауалды штабтары мен сенім білдірілген адамдарын адал күрес жүргізуге шақырамыз. «Лас» технологияларды қолданбаулары қажет. Өздерінің үгіт-насихаттық іс-шараларын ашық, әділ және транспарентті сайлау өткізу үшін тек қазіргі құқықтық алаң аясында жүзеге асыруы тиіс», - деді ҚР ОСК Төрағасы.
Айта кетерлігі, Орталық сайлау комиссиясы 234 кандидатты қамтитын алты саяси партияның тізімін тіркеді. Олардың ішінде 187-сі немесе 79,9 пайызы ер адам және 47 немесе 20,1 пайызы әйел адам. 233 кандидаттың жоғары білімі бар. Әрбір төртіншісі - инженер, ал әрбір бесіншісі экономист немесе заңгер. 67 кандидат (28,6 %) мемлекеттік емес меншік нысанындағы ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері, 47-сі (20,1 %) - V шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаттары. Тіркелген кандидаттардың орташа жасы - 52 жас, ал олардың ең жасы - 26 жаста.
Тоқтала кететін тағы бір жайт, Мәжіліс сайлауымен қоса, барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы да өтетіні белгілі. Бүгінге дейін барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына 11 133 кандидат ұсынылған. Айта кетерлігі, бүгін мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну аяқталды. Енді 23 ақпанға дейін ұсылған кандидаттарды тіркеу жалғасады. 24 ақпаннан бастап мәслихат депутаттығына кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихаты басталады.
Мәліметтерге қарағанда, мәслихат депутаттығына орташа бәсекелестік 1 депутат мандатына 3-тен астам үміткерді құрап отыр. Кандидаттардың 68,6 пайызы өзін-өзі ұсынғандар, ал қалған 31,4 пайызын саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ұсынды. 1 617 адам облыстық мәслихаттарға, 126-сы астана мәслихатына, 165-і Алматы мәслихатына дауысқа түсуде. Аудандық мәслихатттарға - 7 085 кандидат, ал қалалық мәслихаттарға 2 140 кандидат ұсынылды.
«Кандидаттардың 75,1 пайызының жоғары білімі бар. Көпшілігі - мұғалімдер, инженерлер мен экономистер. Кандидаттардың орташа жасы - 43,6 жас. Соның ішінде жасы жағынан ең үлкен кандидат Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш аудандық мәслихатына ұсынылып отыр. Оның жасы 89-да», - деді Қ.Тұрғанқұлов.