Үкімет экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін инновациялық дамуға ден қоймақ

АНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Осы аптада селекторлық форматта өткен Үкімет отырысында Министрлер кабинетінің мүшелері Инновацияны дамыту және ғылыми-техникалық дамудың салааралық жоспарын техникалық жаңартуға жәрдемдесу туралы бағдарламаны бірауыздан мақұлдады. Құжат елімізді индустрияландыру жөніндегі президенттік бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында әзірленген. Премьер-Министрдің орынбасары,

Үкімет экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін инновациялық дамуға ден қоймақ

Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің сөзіне қарағанда, ағымдағы жыл барлық салалық бағдарламалардың әзірленуімен қатар, олардың іске асырылатын болып бекітілуімен ерекшеленіп отыр. Ал жоғарыдағы бағдарлама сан-салалы құжаттардың ішіндегі арқалайтын жүгі ауыр, атқараратын міндеті маңыздыларының бірі.

Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрмұхамбет Әбдібековтің айтуынша, бағдарлама екі кезеңмен жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде технологиялық дамуды басқару жүйесі құрылады, нормативтік-құқықтық базасы жетілдіріледі, инновациялық қолдау бағдарламаларының жаңа түрлері әзірленеді, сондай-ақ оның үдерістерін сараптамалық қолдау жүйесі іске қосылатын болады. Ал екінші кезең жаңа бағдарламаларды жүйелі қолдану және бірінші кезеңде әзірленген инновациялық дамуды қолдау тетіктерімен сипатталады. Ал экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды қамтамасыз ететін ұлттық инновациялық жүйені қалыптастыру - бағдарламаның негізі мақсаты болып табылады.

Ағымдағы жылдың бірінші жартысында еліміздің индустрияландыру картасы бойынша 72 жобаны сәтті іске қосқан Үкімет, екінші жартыжылдықта тағы 80 өндіріс орнын пайдалануға беруді жоспалап отыр. Отырыста осы жайттарға кеңінен тоқталған Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау: «21 желтоқсанда Елбасының қатысуымен Индустрияландыру картасы аясында 80 жоба таныстырылады. Сондай-ақ сол күні «Қазақстан» концерт залында «Алтын сапа» аталымы бойынша «Қазақстанның үздік тауары» Президенттің арнайы сыйлығын және әлеуметтік жауапкершілік бойынша «Парыз» сыйлығын тағайындау шаралары өтеді», - деді.

Жоғарыда атап өткен 80 инвестициялық жо­ба­ның жалпы құны - 400 миллиард теңгені құрайды. Ал жалпы осы жылдың ішінде пайдалануға бе­рілетін барлық инвес­ти­циялық жобаларға салынған қаржы 805 миллиард теңге. 80 жоба іске қосылған кезде елімізде 11,5 мың тұрақты жұмыс орны ашы­лады. Ал жыл ішінде жүзеге асырылатын жобалар негізінде 24 мың жұмыс орны құры­лады.

2011 жылдың бірінші тоқсанында «ҚазСат-2» жерсерігі ұшырылады

Ел ішінде «Қасқа ат» аталынып, әзіл әңгіменің арқауына айналған «ҚазСат-1»-ден кейін 2-жерсерікті ұшыруды жоспарлаған ел Үкіметі ғарыш кеңістігін игерудегі жұмыстарына тиянақты қарай бастаған сыңайлы. Селекторлық жиында мәлім болғанындай, Ұлттық ғарыш агенттігі 2011 жылдың бірінші тоқсанында «ҚазСат-2» жерсерігін ұшыруды жоспарлап отыр. Бұл орайда Агенттік басшысы алғашқы спутникті жасаған кездегі кемшіліктер ескеріліп, «ҚазСат-2» ғарыш аппаратының қызмет көрсетуінің техникалық сенімділігін арттыруға байланысты қосымша шешімдер қабылданғанын баса айтты. Сонымен қатар қазіргі кезде «ҚазСат-3» байланыс және хабар тарату жерсерігін жасау мен ұшыруға байланысты байқаудың екінші кезеңі өткізіліп жатқаны да мәлім болды. Екі бірдей ғарыш аппаратының жай-жапсарын жіті таныстырған Т.Мұсабаев Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтен «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы «Бәйтерек» ғарыштық- зымырандық кешеннің құрылысы бойынша жобаны келешекте қаржыландыру мәселесін шешуді де сұрады.

Оның сөзіне қарағанда, «Бәйтерек» кешенін құру бойынша жобаны жүзеге асыруда бюджеттік несиені жабуға байланысты мәселе туындап отырған көрінеді. «Осыған байланысты «Бәйтерек» ғарыштық-зымырандық кешенін бұдан әрі қаржыландыру мәселесі бойынша Сіздің қатысуыңызбен арнайы кеңес өткізуді сұраймыз», - деді Агенттік төрағасы.

Үкімет отырысын қорытындылаған Кәрім Мәсімов Министрлер Кабинеті мүшелеріне Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны ешқандай сылтаусыз, дер кезінде жүзеге асыруды қамтамасыз етуді жүктеді. Премьер 21 желтоқсанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында нысандарды тапсыру іс-шарасы өтетіндігін, бұл аса жауапты іс екендігін айта келе, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевке барлық қызметкерлерімен жұмыс процесін үйлестіруді тапырды. «Жауапты нысандарда ешқандай мәселелер туындамасын», - деді К. Мәсімов.

БЭК қалыптастыру бойынша құжаттар топтамасы мақұлдады

Дүйсенбілік отырыстың ыстық-суығы басылмай жатып, іле-шала сейсенбі күні өткен Үкімет жиынында Бірыңғай экономикалық кеңістік қалыптастыру бойынша құжаттар топтамасы мақұлданды. «Үкімет отырысында Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құқықтық базасын құрайтын 17 келісім мақұлданды. Бұл келісімдер мағынасы бойынша ірі 4 топқа бөлінеді. Біріншісі - жалпы экономикалық саясатты үйлестірілген түрде жүргізуге негізделген. Атап айтқанда, онда келістірілген макроэкономикалық саясатты жүргізу туралы келісім, үш мемлекеттің арасында бәскекелестікті қорғау туралы келісім, сондай-ақ өнеркәсіп және ауылшаруашылығы мекемелеріне берілетін субсидияларды бірыңғай ұстанымдармен жүргізуге арналған келісім қамтылған», - деді құжаттар топтамасын Үкімет мүшелерінің назарына ұсынған Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова.

Ал құжаттың екінші топтамасында қызмет көрсететін компаниялар мен капиталдың емін-еркін жүруіне жағдай жасайтын келісімдер қамтылса, үшіншісіндегі келісімдер Қазақстан, Беларус және Ресей мемлекеттерінің арасындағы жұмыс күшінің емін-еркін жылжуына негізделген. Ал соңғысында, Қазақстан үшін өте маңызды топтамада Бірыңғай экономикалық кеңістікке кіретін мемлекеттердің көліктік инфрақұрылымын қазақстандық компаниялардың қолдануына арналған келісімдер қамтылған.

ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайыновтың атап өтуінше, 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап Кеден одағына мүше елдер арасында үш тарифтің орнына біріздендірілген1 тариф қолданылатын болады. Қазіргі уақытта Қазақстан, Ресей және Беларус мемлекеттерінде экспорттық, импорттық және мемлекеттік тарифтердің қолданылатындығын атап өткен министр: «Ал 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш тарифтің орнына біріздендірілген1 тариф қолданылатын болады. Біз үшін бұл мерзім өте тиімді. Себебі бұл үдерісті аяқтауымыз үшін шамамен екі жыл уақыт керек», - деді.

Сондай-ақ Бірыңғай экономикалық кеңістік елдері арасында транзиттік тариф болмайды. Оның орнына әр мемлекеттің біріздендірілген тарифі қолданылады. Сонымен қатар үшінші елдерден үшінші елге транзиттік трафик сақталады. Тағы бір ерекшелік, егер мемлекет тарапынан тауар өндірушілерге субсидия ретінде көмек көрсетілмейтін болса, онда Кедендік одақтың комиссиясы ерекше тариф беруіне болады. Ерекше тарифтерді белгілеу тауар өндірушілерге қолдаудың басқа формасын ұсыну мүмкін болмаған жағдайда көрсетілмек. Кедендік одақ комиссиясы Бірыңғай экономикалық кеңістік және КО аясындағы келісілген шешімдер қабылдайтын тараптардың мемлекеттік органдарынан тұратын коллегиялық орган болып саналады. Сондықтан аталған комиссия деңгейінде жүк тасымалдау үшін теміржол көлігі қызметтеріне ерекше тарифтерге келісу теміржол тарифтерін құру бойынша ашық саясат құруға мүмкіндік береді.

2015 жылға қарай Қазақстан Ресей мен Беларусқа жыл сайын 3 млрд. кВт/сағат электр энергиясын экспорттайды

Сонымен қатар Үкімет отырысында Қазақстанның Кеден одағы аясында 2015 жылға қарай Ресей мен Беларусқа жыл сайын 3 млрд. кВт/сағат электр энергиясын тасымалдауға қол жеткізе алатындығы белгілі болды. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Әсет Исекешевтің атап өтуінше, еліміз бұл нәтижеге баға құрылымдау және тариф саясаты негіздерін қоса алғанда электр энергетикасы саласындағы табиғи монополиялар қызметтеріне енуді қамтамасыз ету бойынша келісімді ратификациялағаннан кейін қол жеткізеді. Сондай-ақ келісімді ратификациялаудың нәтижесінде еліміз электр энергиясына қатысты жергілікті жерлердегі проблемаларды шеше алады. Осы орайда Екібастұз стансысының арзан электр энергиясымен батысқазақстандық тұтынушыларды қамтамасыз ете алатындығымызды баса айтқан Ә.Исекешев: «Өйткені, біздің электр энергия қазіргі уақытта оларға Ресейден жеткіліп отырған электр энергиясынан шамамен 20 пайызға арзан», - деді.

Қазақ елінің 2018 немесе 2020 жылдары Олимпиада ойындарын өткізуге мүмкіндігі бар

Сәрсенбінің сәтінде Астанада 2011 жылы өтетін 7-Қысқы Азиада ойындарында пайдаланылатын спорт нысандарының, атап айтқанда, жабық коньки стадионының, республикалық велосипедпен жарысу алаңының және қайта жаңартылып жатқан «Қазақстан» спорт сарайының құрылысымен танысқан ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов келесі күні Алматыдағы спорттық нысандармен таныс болды. Үкімет басшысы жұмыс сапарының бағдарламасына сәйкес «Медеу» мұз айдынына, «Шымбұлақ» тау шаңғы базасына және «Табаған» курортына, жаңа шаңғы-биатлон стадионына және Ремизов шатқалындағы шаңғы трамплиндер кешеніне, қайта жаңғыртылған Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайына барды.

Ақ Азиада өтетін нысандарды аралау кезінде Премьер-Министрге ілесіп жүрген еліміздің Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов сөз орайы келгенде Қазақстанның әлеуеті мен экономикалық мүмкіндігі жоғары екендігіне екпін салып, еліміздің 2018 немесе 2020 жылдары Олимпиада ойындарын өткізуге де шынайы мүмкіндігі бар екендігін айтып қалды. Сондай-ақ ол еліміздің Бүкіләлемдік универсиаданы өткізуге де ұмтылатынын жеткізді. «Егер ұйымдастыру комитеті Қазақстанның басты екі қаласында өткізуге келісім берсе, онда біз Бүкіләлемдік универсиаданы өткізуге де үміткер боламыз. Өйткені бір қаладағы нысандар жетіспейді, көптеп салу керек. Сонымен қатар 7-Қысқы Азиада ойындарында алғашқы үштікке біруге бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Мүмкін одан да жақсы нәтижеге қол жеткізерміз», - деді министр.