Үкімет еліміздің келешекте секіріс жасауын қамтамасыз етуге қабілетті инвестициялық жобаларды іріктеуге кірісті
АСТАНА. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бұл аптада Үкімет еліміз өңірлеріндегі серпінді инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысына баса мән берді. Атқарушы биліктің кешегі селекторлық кеңесінде де, сондай-ақ Министрлер кабинетінің бүгінгі отырысында да «инвестициялық жобалар дағдарыстан кейінгі кезеңде мемлекетімізді дамытуға,
оның ішінде аймақтарды өркендетуге қаншалықты үлес қоса алады», деген сипаттағы сауалға жауап ізделді. Бірден айта кетейік, бұлар «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» бағдарламасынан тыс, елімізді индустриялық-инновациялық тұрғыда дамыту саясаты аясында қолға алынған және келешекте жүзеге асырылуы көзделген жобалар. Сәрсенбідегі селекторлық кеңесте орталықпен бейне байланысқа қосылған әр облыстың әкімі өз өңірлерінде қолға алынып жатқан инвестициялық жобалар жайлы тәптіштеп айтып, олардың ертең ел экономикасын дамытуға, аймақтарды өркендетуге қаншалықты пайда келтіретіні жөнінде егжей-тегжейлі мағлұматтар берді. Әкімдердің есептерінен мұндай жобалардың басым көпшілігінің негізінен жаңа жұмыс орындарын құруға бағдарланғаны аңғарылып тұрды. Алайда, «жобалардың ішінде дағдарыстан кейінгі кезеңде мемлекетіміздің қарқынды дамуын қамтамасыз етуге қайсылары қабілетті» деген сауалға тұшымды жауап табылмады. Содан да болса керек, Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Индустрия және сауда министрі Владимир Школьникке бейсенбідегі мәжілісте бұл мәселеге қатысты терең әрі жан-жақты ақпарат беруді жүктеген-ді. Үкіметтің бүгінгі мәжілісінде осы мәселенің түйіні тағы да тарқатылып, инвестициялық жобалар ертең шикі болмасы үшін олардың иінін қандыруда қандай қадамдарға бару қажеттігі сараланды.В. Школьниктің сөзіне қарағанда, Индустрия және сауда министрлігі қазіргі уақытта инвестициясының жиынтық көлемі 2,5 трлн. теңге немесе 16,6 млрд. доллар болатын 186 өңірлік инвестициялық жобаға (бұлардың ішінде «30 корпоративтік көшбасшы» бағдарламасына енген және ауылшаруашылығы саласындағы жобалар жоқ) мониторинг жасап отырған көрінеді. 2009-2015 жылдары іске асыру көзделген бұл жобалар түгелдей іске қосылатын болса 33 мыңдай жұмыс орны құрылатын болады. Олардың ішінде биыл 107 нысанның тұсауын кесіп, 11 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту көзделуде. Дейтұрғанмен осы арада мұндай жобалардың дағдарыстың ықпалынан әрдайым сұрыпталып, іріктеліп жатқанын айтып өткен жөн. Мәселен, осыдан екі ай бұрын елімізде бас-аяғы 215 инвестициялық жоба болса, олардың саны қазір 29-ға қысқарған. Яғни дәл қазіргі уақытта 186 жоба перспективалылардың қатарына жатқызылып отыр. Енді инвестициялық жобаларға қандай көздерден қаржы тартылып отыр деген мәселе жайында. Бұлардың басым бөлігі, яғни 44 пайызы негізінен кредиттік ресурстардың, ал 49 пайызы жеке қаражаттың есебінен қаржыландырылып жатыр екен. Ал, қаржыландырудағы даму институттарының үлесі 2 пайыздан, мемлекеттік бюджеттің үлесі 4 пайыздан аспайды. Ал, өңірлер бөлінісі бойынша айтатын болсақ, жобалардың басым көпшілігі Павлодар облысында ( 34), Қостанай облысында (26), Ақтөбе облысында (23) жүзеге асырылуда. Бір ғана Атырау облысында құны - 921 млрд. теңгеге инвестициялық жобалар қаржыландырылған. Салалар бөлінісінде құрылыс материалдарын өндіру жөніндегі, металлургия өнеркәсібіндегі, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобалар көш басында тұр.Жоғарыда өңірлердегі инвестициялық жобалардың 2009-2015 жылдар аралығында жүзеге асырылатынын айттық. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2009 жылдың бірінші тоқсанында жалпы сомасы 2,3 млрд. теңге болатын 12 жоба іске қосылған, нәтижесінде 300-ден астам жаңа жұмыс орны құрылған. Ал осы жылдың соңына дейін жалпы сомасы - 491,2 млрд. теңгені құрайтын осындай 95 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Дегенмен, осыларға қарамастан 2008 жылмен салыстырғанда 2009 жылы инвестициялық жобалардың саны әжептәуір, нақтырақ айтатын болсақ екі есеге жуық қысқарып кетіпті. Мәселен, былтыр бірінші тоқсанда өңірлік бағдарлама бойынша 22 жоба іске қосылса, биыл небәрі 12. Бұған әрине ең алдымен дағдарыстың әсер еткені, қаржыландыру көздерінің тарылғаны тікелей ықпалын тигізгені белгілі. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі болса, 133 инвестициялық жобаға мониторинг жүргізіп жатыр. Бұлардың 80-і «ҚазАгро» холдингі, ал 53-і басқа көздерден қаржыландыру арқылы жүзеге асырылатын болады. Осы айтылғандардан қандай ой түюге болады? Бір ғана: дағдарыс саннан гөрі сапаға ден қоятын мезгілдің жеткенін көрсетіп берді. Содан да болса керек дағдарыстың даму жолынан сабақ алуға тырысып отырған Қазақстан Үкіметі өңірлердегі инвестициялық жобаларды екшеп, оңтайлысын, ертең елдің дамуын қамтамасыз етуге қабілеттілерін ғана қолдауға бел буып отыр. Бұлай деуімізге Үкімет басшысының қарамағындағыларға жүктеген міндеті толық негіз бола алады. Мән-жайға қанық болған Премьер-Министр Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне өңірлерде жүзеге асырылатын инвестициялық жобалардың өндіріс қуатын ұтымды орналастырудың картасын әзірлеуді тапсырды. Кәрім Қажымқанұлының айтуынша, әрбір жоба белгілі бір өңірге тікелей қатысты болуы керек. Сондықтан әзірленетін карта аясында болашағы бар жобаларды анықтау аса маңызды. Ол үшін ең алдымен әрбір аймаққа тиесілі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қажетті қолда бар базалық мүмкіндіктерді бағалау керек. Екіншіден, көлік және энергетикалық инфрақұрылымның, сондай-ақ шикізат активтерінің ұзақ мерзімді даму кестесін анықтау қажет. Содан кейін осылардың нәтижесінде болашағы бар жобалар тізімін анықтап, оларды жүзеге асырудың мейлінше қолайлы шарттарын қалыптастыру, жоспарларын дайындау керек. Соңғысы әрбір жобаны жүзеге асырудың кестесін және олардың жүзеге асырылуының бақылау тетіктерін әзірлеу қажет.
Әлемдегі қазіргі қиыншылықтардың әсерінен туындап, шешуді қажет етіп отырған ағымдағы проблемалардың өзі бастан асып жатқаны рас. Осы тұрғыдан алғанда, соңғы екі жылдың көлемінде Үкіметтің негізгі іс-қимылы дағдарысқа төтеп беруге жұмылдырылды. Дағдарыспен күресті тиімді жүргізіп отырған Үкімет Елбасының биылғы Жолдауында айтылған тапсырмалар аясында енді мемлекетіміздің келешектегі дамуын қамтамасыз ететін дүниелерді түгендеп, соларға ден қоя бастады. Бұл әрине құптарлық іс. Халқымызды «қыстың қамын жазда ойла» деген жақсы сөз бар. Олай болса ел экономикасының ертеңін қазірден бастап саралап, негіз қалайтын болсақ, дағдарыстан тыңайып шығып қана қоймай, одан кейінгі кезеңде секіріс жасауға тамаша мүмкіндік туып отыр. Осыны терең түсініп отырған Үкімет бар күш-жігерін осындай мүмкіндікті уыстан шығарып алмауға жұмылдыруда. «Доңыз тұмауына» қарсы жұмыс тобы құрылды Осы аптада, дәлірек айтсақ бүгін Үкімет жанынан Вице-Премьер Серік Ахметов басқаратын Қазақстанға доңыз тұмауының таралуына тосқауыл қоюмен айналысатын жұмыс тобы құрылып, іске кірісті Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша құрылған бұл топ осы індеттің алдын алу шараларын үйлестірумен айналысатын болады. Әлем дағдарыстан дегбірі қашып отырғанда, пайда болған бұл індет «жау жағадан алғанда, бөрі етекке жармастының» керін келтіріп отыр. Ал бұл кеселдің елімізге еніп кетпеуі үшін оның алдын алу шараларын күшейту, қауіпті инфекцияға бейім мемлекеттерден келетін адамдардың денсаулығына санитарлық-карантиндік бақылауды күшейту, елге сырттан тасымалданатын импорт өнімдеріне қадағалауды нығайту, дәрі және зарарсыздандыру құралдарының қосымша қорын жасау, доңыз тұмауына күдік туғызатын науқастарды орналастыратын жайлар даярлау, ақпараттық- насихаттық жұмыстарды жандандыру жоғарыдағы жұмыс тобының негізгі міндетіне жатады. Құдайға шүкір, елімізде қазіргі уақытта «доңыз тұмауымен», сондай-ақ «құс тұмауымен» ауырған бірді-бір адам тіркелген жоқ. Мұндай мәліметті бүгін Үкімет отырысында Қазақстанның Бас санитарлық дәрігері Анатолий Белоног келтірді. Мексикадан басталып, АҚШ-қа асқан, басқа да бірқатар елдерге батпандап кіріп жатқан «доңыз тұмауы» қазақ еліне де тізесін батырмауы үшін Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда шошқа тұмауы таралуының алдын алу мақсатында шекарада эпидемияға қарсы шараларды күшейтіп отыр. Бұған дейін іргеміздегі Қытайдан басталған «құс тұмауының» біздің елде қанат жаюына жол бермеген Қазақстан Үкіметі, ендігі жерде «доңыз тұмауының» таралуына тосқауыл қоя алады деген сенім мол.