Үкімет ескі бағдарламалардан не үшін құтылғанды қалайды - апталық шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы апта айшықты оқиғалар мен жағымды жаңалықтарға толы болды. Иә, оған алдымен Тұңғыш Президент күні мерекесінің әсері болды. Дегенмен, еліміздің саяси-экономикалық өмірінде де жақсы бір өзгерістер байқалып отыр. Себебі Үкімет кезінде дағдарысқа қарсы бағдарламаларды толығымен ауыстырып, жаңа жағдайға арналған құжаттарын дайындап қойды. Отандық экономикадағы оң өзгерістердің болатынын Еуропаның қайта құру және даму банкі де болжап отыр. Бәлкім, осы болжамның іске асуымен Орталық Азияда жаңа интеграциялық ұйымды құру бастамасын қолға алуға күш те, қауқар да жететін шығар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Президент күнін кім қалай тойлады?
Сөз жоқ, осы аптадағы шаралардың басым бөлігі Мемлекет басшысының жеке мерекесіне арналды. Біреулері Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тарихындағы рөлін жан-жақты ашып көрсетсе, енді біреулер Елбасыға ән арнап, жыр-шумақтарын жолдады. ҚазАқпарат тілшілері соның барлығын қалт жіберген жоқ. Журналистер өздігімен ізденіп, Нұрсұлтан Назарбаевтың ағылшын сабағы дәптерінің көшірмесін, 7-ші сыныпты аяқтағаны туралы куәлігін, металлургиялық зауытта бірге істеген әріптестерінің мінездемесі мен Президенттің өз қолымен Әнұранға өзгерістер енгізген қолжазбасын да жариялаған болатын.
Президенттің өзі болса, осы жолғы мейрамын жастардың арасында өткізгенді жөн көрді. Алдымен Қазмедиа орталығына барып, Нұрлан Қоянбаевтың «Түнгі студиясының» қонағы болып келді. Сол жерде әзілді де жақсы түсінетінін көрсетті. Дегенмен, өз әңгімесін жастардың үлкендерді сыйлау мәселесімен жалғады. Себебі қарттар үйінде қазақ қарияларының көбейіп жатқанына алаңдайды. «Менің бармайтын жерім жоқ қой, барлығын аралап жүремін. Бұрын менің жастау кезімде Қарттар үйінде қазақтың қариялары болмаушы еді. Қазір барсаң, қазақтың да қариялары да сол жерде. Жандарына отырып: «Балаларыңыз бар ма?» деп сұрағанымда: «Қайтесің соны, сұрамай-ақ қой!» - дейді. Барлығы түсінікті болады. Әрине, сол кезде ішің ашиды. Әке мен анаға жасаған жақсылық та, жамандық та өз балаларыңның алдынан шығады. Әр уақытта ойланыңдар. Оларға бір нәрсені бөліп берудің керегі жоқ. Жалақыларыңның жартысын апарып берудің де қажеті жоқ. Бес минут жанында отырып, «папа, мама» десең, сол керек. Оларға басқасы керек емес. Сендерге бір айтарым осы еді», - деді Президент. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жастарға өз батасын беріп, бақыттың құпиясын ашып көрді. Нұрсұлтан Назарбаев жақында Гарвард университеті «Бақыт деген не?» деген сұраққа сауалнама өткізгенін, мың адамнан жауап алынғаннан кейін, бақыт төрт нәрседен тұратындығы анықталғанын айтты. «Ең бірінші бақыт - ол бауырыңа басатын балаң. Әйелдің шашы жібектей болатыны, оның шашынан күніне бір рет сипап өтсең - солай болады. Екіншіден, бойың сұңғақ әрі әдемі болуыңның себебі - тамағыңның жартысын ашқа берсең. Сондай-ақ, балаңды жақсы көру, үйіңдегі жұбайыңменен түсінісіп өмір сүру, жолдастарыңмен қатынасың, көңіліңді көтеру деген сияқты қарапайым нәрселер адамның бақытына әкеледі. Оны өздерің білесіңдер. Сондықтан, бақтарың бастарыңнан таймасын», - деп тіледі Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы желтоқсанның 1-і күні де дем алған жоқ. Президент Тәуелсіздік сарайында өткен Республикалық жастар форумына қатысты. «Бұл бас қосуға еліміздің әр түкпірінен неше түрлі мамандықтың жастары жиналып отыр. Тәуелсіздік сарайы бүгін жас қуатқа толы. Бәріміздің қуанышымыз шексіз. Жас ұрпақтың қуаты - бұл Тәуелсіз Қазақстанның қуаты, болашағы деп санаймын. Қатар келетін қос мейрам, бүгінгі Тұңғыш Президент күні қазақ қазақ болғалы, біз ел болғалы өз бетімізбен тұңғыш Елбасымызды бүкіл халық болып дербес сайлап алған елдің қуанышты күні. Екінші қуаныш, ол, әрине, алдымызда келе жатқан Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы, ата-бабамыздың шексіз арманы орындалғаны. Еліміз қиыншылықтың бәрін көтеріп, осы заманға жетті. Қазақстанды дүниежүзінің картасына нық қойғанымыз, дәрежесін көтергеніміз, еліміздің мерейі үстем болғаны баршаларыңыздың, баршамыздың істеген ерен еңбегіміздің арқасы саналады», - деді Назарбаев. Сол жердегі мінберден Мемлекет басшысы жастарды ауыл шаруашылығы саласындағы ғылымды дамытуға шақырды. Ал Тәуелсіздіктің құрдасы Арман Тосқанбаев "Отан" брендімен жасаған сағатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сыйға тартты.
Н.Назарбаевтың ойынша, бақытты болу үшін Президент болу міндетті емес. «Ата-аналар сен оқуға тиіссің, сонда президент боласың деп айтады. Президент болғанына менің қарсылығым жоқ. Бірақ, ол баланың басында қалып қояды. Содан кейін ол орындалмағаннан кейін қиналады. Бақытты болу үшін міндетті түрде президент болу қажет емес. Мүмкін тіпті керісінше болуы мүмкін. Бір қалжың айтып берейін. Бір кезде біз Ельцинге: «Борис Николаевич, немереңіз президент болғысы келеді», деп айтқан едік. Ал ол «Ресейге екі президенттің қажеті қанша?» дейді. Ең бастысы - адам тәрбиелеу, білім, жақсы мамандық алу. Жақсы білімді сенен ешкім тартып ала алмайды. Сонда сен өмірде жетістікке жетесің», - деді Назарбаев.
Биылғы Президент күнінің бір өзгешелігі - Президент жаңа жылдық шыршаны жаққан жоқ. Оны Тәуелсіздік мейрамынан кейін жағатын болды. Халық осы бастаманы зор құрметпен қабылдады. Себебі Тәуелсіздіктің 23 жылдығымен қатар Желтоқсан оқиғасына 30 жыл толып отыр.
Рақымшылыққа кім ілігеді?
Ағымдағы аптаның тағы бір жаңалығы - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын енгізуі. Бұл рақымшылық шарасы заң бұзған азаматтарға қатысты ізгілік актісі, мемлекет тарапынан мейірімділік пен сенім білдірудің көрінісі болып саналады. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Елбасы бастамашылық еткен заң жобасы негізінен азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын, кәмелетке толмағандарды, жүкті әйелдерді, кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерді, қарт адамдарды, мүгедектерді, сондай-ақ болмашы және ауыр емес қылмыс жасаған адамдарды қылмыстық жазадан босатуды көздейді. Сотталғандардың басқа да санаттарына қатысты рақымшылық олардың жасаған әрекетінің жеңіл-ауырлығын ескеріп, шектелген ауқымда және жіктелген түрде, сондай-ақ келтірілген шығынды толық өтеген жағдайда қолданылады. Сондай-ақ, заң жобасы аса қауіпті қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық жасауға тыйым салады, бұл қылмыстық жағдайды қиындату қаупіне жол бермейді. Заң жобасын Парламент палаталарында таныстыру Бас прокурор Жақып Асановқа тапсырылды.
ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркельдің айтуынша, рақымшылыққа 30 мыңға жуық адам ілігуі мүмкін. «Қазір барлығын ресми түрде есептеп шығу мүмкін емес. Себебі, онда бірнеше санат бар. Мәселен, өндіріске алынған теріс қылықтардың (авт. - қылмыстық теріс қылықтар) барлығы тоқтатылады. Соттың қарауындағылар да тоқтайды. Осы орайда қазір бұл заңнама күшіне енген кезде осындай істер нақты қанша болатынын айта алмаймыз... Шамамен біз 30 мыңға жуық адамды есепке алып отырмыз», - деді Меркель.
Бұл ретте 30 мыңның ішінде тек абақтыда отырғандар ғана емес, сонымен қатар айыппұл шарасына, шартты жазаға кесілгендер, қоғамдық жұмыстарға және басқа да ауыр емес жазаға тартылғандар қамтылады.
Белгілі болғандай, лаңкестік және басқа ауыр қылмыс жасағандар қамтылмайтын болады. Негізі рақымшылық жасау аса ауыр емес қылмыстарға, жасөспірімдерге, жүкті әйелдерге және қоғамдық қауіптілігі жоқ қылмыстарға көзделген.
Үкімет ескі бағдарламаларды ауыстырмақшы
Ағымдағы аптада Министрлер кабинеті жаңа бағдарламаларды таныстырды. Соның біреуі агроөнеркәсіп кешеніне арналса, екіншісі жаппай кәсіпкерлікті дамытуды көздейді. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың сөзіне қарағанда, жақын арада «Нұрлы жер» бағдарламасы да таныстырылуы әбден мүмкін. Әзірше, Мемлекет басшысы алғашқы екі бағдарламаны қолдады.
2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы аясында астық алқаптарының көлемін 2,3 млн. гектарға азайту жоспарланған. Осының нәтижесінде жыл сайын 3 млн. тоннаға аз бидай жиналатын болады. Себебі бүгінде елімізде 2,9 млн. тонна бидай артығымен қалып отырады. Енді, соның орнына майлы дақылдарды көптеп өсіру көзделіп отыр. Өйткені осы санаттағы өнімдердің тапшылығы бар. Мәселен, арпа (1,2 млн. тонна), қант қызылшасы (1 млн. тоннаға жуық), жүгері және тағы басқа дәнді-дақылдарға сұраныс жоғары болып тұр. Соның барлығы сырттан жеткізіледі. Ал жаңа бағдарлама аясында аталған өнімдерді өзімізде өндіріп, ішкі нарықты барынша толтыру жоспарланған. Бұдан бөлек, ет пен сүт өндірісін дамыту жұмысына баса назар аударылады. Ол үшін ауылды жерлерде кооперативтерді көптеп ашу жоспарланған. "Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы өнімдерінің 70-90 пайызы қосалқы шаруашылықтарда өндіріледі. Ал ол өнімнің бәрі зауыттарға жеткізілмейді. Соның салдарынан қайта өңдеу көрсеткіші 30 пайыздан аспай отыр. Мәселен, қазір елімізде 400-ден астам қайта өңдейтін кәсіпорын бар. Олардың барлығы тек 20-60 пайызға ғана жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа бағдарлама аясында қайта өңдеуді ұлғайтып, ішкі нарықты дайын өнімдермен барынша толтыру жоспарланып отыр. Ол үшін республика бойынша 1200 кооператив құрылады. Олар қайта өңдеуге қажетті өнімді даярлайтын болады. Біздің есебімізге сәйкес, осы шаралардың арқасында ауыл xалқы өз өнімдерін сатып, шамамен 300 млрд. теңге көлемінде табыс таба алады", - дейді А.Мырзаxметов. Оның айтуынша, жаңа бағдарлама аясында мемлекет мал шаруашылығы саласының тиімділігін 40 пайызға, ал өсімдік шаруашылығын 30 пайызға дейін арттырмақшы. Министрлер кабинеті жаңа бағдарламаның енгізілуін қолдады. Алайда ресми түрде мақұлдаған жөн. Премьер-Министр Б.Сағынтаев аталған құжатты толығымен пысықтап, желтоқсан айында мақұлдауды ұйғарды. "Жаңа жылдан бастап біз жаңа бағдарлама бойынша жұмыс істеуіміз керек",- деді ол.
Ал Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслиxатында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған жаңа бағдарламаның негізгі мақсат-міндеті жайында айтып берді. Министрдің айтуынша, еліміздегі экономикалық жағдайға байланысты әр жылдары әртүрлі бағдарламалар қолға алынған болатын. «Мәселен, 2008-2011 жылдары біз арнайы жол картасын іске асырып, жұмыссыз қалғандарды уақытша жұмыспен қамтуды көздедік. Ал 2011 жылдан бастап оны жалғастырсақ та, ауылға қарай бұруға тырыстық, сол жердегі xалықты жұмыспен қамтуды қаладық. Дегенмен, «Жұмыспен қамтудың жол картасында» дағдарысқа қарсы шаралар басым болды. Қазір біз жаңа кезеңге аяқ басып отырмыз. Сондықтан xалықтың қажетті мамандықты игеріп алуына жан-жақты жағдай жасамақпыз. Осының нәтижесінде азаматтар өздігімен жұмыс таба алады, я болмаса, өз кәсібін ашса да болады. Осыған байланысты «Жұмыспен қамтудың жол картасы» қайта қаралып, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жаңа бағдараламасы ретінде қолға алынады», - деді Т.Дүйсенова.
Оның айтуынша, жаңа бағдарламаға «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы да еніп кетеді. «Себебі бүгінде шағын бизнесті ашуға қажетті микронесиелер жұмыспен қамту бағдарламасында да, бизнестің жол картасында да, агроөнеркәсіп бағдарламасында да бар. Енді, сол барлық құралдарды бір бағдарламаға жиып, бірыңғай шарттармен бергелі отырмыз. Себебі азаматтар әрбір бағдарламаға әртүрлі құжаттар жинайды. Енді, бәрі бірдей болады», - деп атап көрсетті министр. Жаңа бағдарламаның аясында кез келген адам нарықтық сұранысы бар мамандықты игере алады. Ал жұмыс таппаса, жеке бизнесті ашуға мүмкіндік бар. Бюджет қаржысы болса бұрынғы бағдарламалардан тартылады. «2017 жылға 66 млрд. теңге, 2018 жылға 82 млрд. теңге, 2019 жылға тағы оған қосымша қаржы қосылады. Ол 96 млрд. теңгенің көлемінде болады деп отырмыз. Бұл қаражат бүгінгі жұмыспен қамту бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы», сонымен бірге «Даму» қорының есебінен тартылады», - дейді Дүйсенова xаным.
Иә, Қазақстан экономикасындағы оң өзгерістерді Еуропаның қайта құру және даму банкі де болжап отыр. Аталған қаржы ұйымының Қазақстандағы бөлімшесінің жетекшісі Джанет Хекман xанымның айтуынша, келесі жылы Қазақстанның ішкі жалпы өнімі өсетін болады, «Еуропалық қайта құру және даму банкі Қазақстанда барлық салаларды қаржыландырып келеді. Сол себепті басқа xалықаралық ұйымдар мен донорлық компанияларға қарағанда, біз осы елдегі жағдайды жақсы білеміз. Бүгінде біз баспасөз беттерінде сан алуан болжамдарды оқып жүрміз. Дегенмен, біздің экономистер болашаққа оптимистік көзқараспен қарап отыр. Біздіңше, бүгінде Қазақстан мұнай-газ саласындағы экономикалық құлдырау кезеңінен өтті. Мемлекет аталған сынақты сәтті еңсере білді. Сондықтан биыл ішкі жалпы өнім шамамен 0,7 пайызға өседі деген болжам бар. Ал келесі жылы ол көрсеткіш 2,4 пайызға көтеріледі. Біздің есебімізге сәйкес, қазіргі кезде инфляция өзінің шарықтау шегіне жетті. Енді, ағымдағы жылдың аяғына дейін, сосын келесі айда ақша мен активтердің айналымы қалыпты деңгейге оралады», - дейді қаржыгер.
Орталық Азияда жаңа интеграциялық ұйымды құруға қауқарымыз жете ме?
Осы аптаның тағы бір үлкен шарасын атап өтпеске болмайды. Сол жерде Қазақстанның даму тарихымен бірге болашағы да кеңінен талқыланды. Ал шетелдік мамандар еліміздің 2041 жылға дейінгі келешегін де зерделеп көрді. Осы отырыста Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің басшысы Мәулен Әшімбаев әлемдік қауымдастықтың Еуразиялық экономикалық одаққа деген көзқарасын өзгерту қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, державалар арасындағы қазіргі текетірес пен санкциялық соғыстар Қазақстанның сыртқы саясатын өзгертуге мәжбүрлеп отыр.
"Алдымен Қазақстанның көпвекторлы саясатын көпвекторлы жүйенің басқа бір түріне ауыстыру қажет. Шартты түрде оны "кіріккен көпвекторлық" деп атауға болады. Бұл жерде біз не туралы айтып отырмыз? Бәріміз жақсы білеміз, әлемдегі қазіргі жағдай тыныш емес. Сондықтан біз үшін сыртқы саясатымыздың көпвекторлы тұжырымдамасын іске асыру жыл өткен сайын қиынға соғып отыр. Полюстар арасындағы деструктивті көзқарас, қарама-қайшылықтар бәсеңдейтін емес. Осы салада қандай да бір оң өзгерістер болады деген болжам жоқ. Әрине, осындайда біздің жағдайымыз мәз емес. Ресей - біздің стратегиялық әріптесіміз, одақтасымыз. Бізде ортақ әскери-саяси байланыстар бар. Себебі Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымының мүшесі болып саналады. Дегенмен, біз АҚШ пен Еуропаны да сыртқы саясатымыздың стратегиялық векторы ретінде қарастырып отырмыз. Міне, осындай жағдайда қалай әрекет ету керек? Меніңше, қазіргі форматта жұмыс істей берсек, бұрынғы формуланың тиімділігі болмайды. Сондықтан көпвекторлы саясатымызды іске асырып қана қоймай, стратегиялық әріптестеріміздің бізге деген көзқарасын позитивті сипатқа түсіру керек. Мәселен, Еуразиялық экономикалық одақты алайық, бүгінде көптеген шетелдік сарапшылар аталған ұйымның аясында Қазақстанның маневр жасау мүмкіндігі азаяды деп отыр. Әсіресе, Батыс елдерімен арадағы қарым-қатынас бәсеңдеп қалуы мүмкін деп ойлайды. Біздіңше, Еуразиялық экономикалық одақтың өзі Азия-Тынық мұxит елдерімен, соның ішінде Қытаймен, сондай-ақ Еуропамен жақындасып, интеграцияға жол ашқан жағдайда ғана дамудың даңғыл жолына түсе алады. Осы орайда Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың шығыс жағындағы интеграциясына, Қытаймен жақындасуына өз септігін тигізе алады. Ол үшін "Жібек жолының экономикалық белдеуі" атты жақсы бір формат бар. Әрине, біздің байланыстарымыз аталған бағдарламамен шектелмейді. Дегенмен, соның негізінде интеграцияның "жұмсақ" бір нұсқасына жол ашуға болады",- деді М.Әшімбаев "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл: нәтижелер, жетістіктер, келешек көкжиегі" тақырыбындағы xалықаралық конференцияда. Депутаттың ойынша, Еуразиялық экономикалық одақтың батыс жағындағы интеграцияның "жұмсақ" нұсқасын іске асыру қиын. Дегенмен, ондай әріптестікке жетуге тырысу қажет. "Жұмсақ" интеграция дегеніміз не? Бүгінде интеграцияның классикалық нұсқасына сәйкес, ортақ сауда-саттық аймағы құрылып, артынан ортақ валюта енгізіледі. Әрине, Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуропалық одақ арасында ондай интеграция болмайды. Дегенмен, еркін сауда аймақтары, инвестицияларды тарту, бәлкім, визасыз режим сияқты шараларды қолға алуға болатын еді", - деп атап көрсетті М.Әшімбаев.
Бұдан бөлек, М.Әшімбаев Орталық Азияда жаңа интеграциялық ұйым құратын уақыт келді деп санайды. "Шыны керек, соңғы жылдары Орталық Азия аймағында ынтымақтастық байланыстары жағынан қыруар жұмыс атқарылды деп айта алмаймыз. Дегенмен, жақын арада ол ынтымақтастық күшейеді деген болжам бар. Осыны пайдалануымыз қажет. Меніңше, алдағы уақытта Орталық Азияның жаңа бір интеграциялық жобасын ұсынған дұрыс. Бәріміз жақсы білеміз, Орталық Азияда интеграциялық бірлестікті құруға деген ұмтылыс болған. Орталық Азия одағы болды-ау деймін. Сосын банк құрайық деді, су, энергетика, азық-түлік пен көлік консорциумын құру бастамалары да көтерілген. Дегенмен, оның бәрі іске аспай қалды. Меніңше, бүгінде осы мәселені қайта көтеретін кез келді. Әрине, бұрынғы мәселелерді қайталамай, Орталық Азияда жаңа интеграциялық ұйымды құруымыз қажет", - деді М.Әшімбаев. Депутаттың ойынша, осы бастаманы көтергеннен кейін оған Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түркіменстанның қосылғаны ләзім.
Осы орайда біз ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың ойын білген едік. Министрдің сөзіне қарағанда, көрші мемлекеттер Орталық Азияның жеке интеграциялық ұйымын құруға қарсы емес. «Енді, ол жайында айту әлі ерте. Өзбекстанда сайлау болады. Сайлаудан кейін сөйлесейік», - деді Е.Ыдырысов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында. «Ал аймақтағы басқа мемлекеттер бұл бастамаға қалай қарайды?» деген сұраққа министр: «Жалпы, атмосфера дұрыс. Бәрі дайын. Бірақ тағы кішкене уақыт керек», - деп жауап берді.