Үкімет ғылымға бөлінген қаржының өтеуін талап етуде - баспасөзге шолу

***
«Дабыл көтеруімізге Қызыл кітапқа енгізілген және Қазақстанның ұлттық брендтерінің бірі болып табылатын ақбөкендердің жаппай қырылуы себеп болып отыр. Қазіргі уақытта 256 000 ақбөкеннің 100 000-нан астамы қырылып қалды. Ақбөкендердің өлексесі күннен күнге көбейіп, оның табылу аумағы да ұлғайып келеді - Қостанай облысынан кейін Ақтөбе және Ақмола облыстарының (Астана қаласынан небәрі 200 километр) аумағында да табылып жатыр», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газетін « Ақбөкендердің қырылу себебін мамандар әлі күнге айта алмай отыр» деген тақырыптағы мақаласында. Мақала авторы Мәжіліс депутаты Уәлихан Бишімбаевтың жазуынша, бұл проблеманың өзектілігі - ақбөкендердің жаппай қырылуы бірінші рет еместігінде. 2010 жылы ақбөкендердің жаппай қырылуына пастереллез, ауыр инфекциялық ауру себеп болды, бұл ауру ауа-тамшы, су мен шөп арқылы үй жануарларына, ал олар арқылы (тістеп алу немесе еті арқылы) адамға да берілуі мүмкін.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, жұма күні Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Алматыға келді. Премьер-Министрдің орынбасары алдымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен «Елдің инновациялық даму негіздері ретінде ғылым, білім беру және бизнес интеграциясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, компаниялар университеттің жаңа түлектері үшін ұйымдастырған «Бос қызмет орындарының жәрмеңкесін» аралады. Форум барысында сөз сөйлеген Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, биылғы 4 айда экономиканың даму көрсеткіші былтырғы жылмен салыстырғанда 2,4 пайызға өскен. «лемдік дағдарысқа қарамастан елімізде барлық саладағы даму көрсеткіштері жоғары. Мемлекет басшысы бес халықтық реформасында білім жəне ғылым саласына аса үлкен көңіл бөлген. Елдегі білім-ғылым саласы жетістіктерін өндіріспен байланыстырып кластер жасап, жаңа технологиялар мен инновациялық жаңалықтарды экономикамызға енгізсек деген мақсат бар. Жаңа заң қабылданып жатыр. Қолданыстағы заңға өзгеріс енгізіліп жатыр», - деді ол. Мақала «Үкімет ғылымға бөлінген қаржының өтеуін сұрауда» деген тақырыппен берілген.
***
«Кеше Астанада осындай елең еткізерлік, есте қаларлық ғылыми мәлімет жария етілді. Осы күні Тәуелсіздік сарайында өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Парламент депутаттары, Астана қаласы басшылығының өкілдері, сондай-ақ отандық және шетелдік тарихшы ғалымдар мен сарапшылар қатысты», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Қырық миллионға жетер ме едік?!» деген тақырыптағы мақаласында. Жиында «Аштық - коммунистік режимнің геноциді» тақырыбында баяндама жасаған академик, жазушы Ғарифолла Есімнің біраз байламдарын жиналған қауым ду қол шапалақпен қуаттады. Соның бірі «неге ашаршылық кезінде қазақтар, өзгелердей, құрт-құмырсқа, тышқан-көртышқан, жылан жеп, аман қалмаған?» деген сұраққа жауап болды. Ғ.Есімнің пайымдауынша, оның сырын қазақ халқының менталитетінен, кінәз әрі таза мінезінен іздеген жөн. «Бір айта кетер жайт, өткен ғасырдағы саяси зұлматқа арналған кешегі жиында барлық байламдар бір ортақ идеямен әдіптеліп отырды. Ол «30-жылдардағы қырғынға қандай да бір ұлт, ел емес, тек тоталитарлық режим ғана кінәлі» дегенге саяды. Өйткені тарихты өш алудың құралына, кек қайтарудың қолшоқпарына айналдыруға болмайды. Ол - тәлім мектебі. Сондықтан ғалымдар Қазақстандағы ашаршылық және саяси қуғын-сүргін тарихына қатысты жаңа деректерге терең үңіле отырып, еліміздегі түрлі ұлттың бірлігін де назарда ұстауға тырысты», - деп жазады басылым
«Айқын» газетінің бүгінгі санында заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі. Көптеген монография, оқулықтар мен оқу құралдарының, ғылыми-зерттеу мақалаларының авторы Нұрлан Дулатбековтің «Карлагтың ашылмаған құпиясы көп» деген тақырыптағы мақаласы жарияланды. Автордың жазуынша, Карлагтың тар қапасында тұншыққандар қатарында сан қырлы дарын иелері, небір қайраткерлер, қарымды ақын-жазушылар, қабілетті мәдениет, өнер шеберлері болғаны мәлім. Ситко Леонид Кузьмич - солардың бірі. Ақын, аудармашы, құқық қорғаушы. 1927 жылы Ресейдің бір қиыры Николаев губерниясы аумағында дүниеге келген. Балалық шағы, бозбала дәурені ел ішіндегі қуғын-сүргін, аумалы-төкпелі оқиғаларымен тұспа-тұс келіп, ерте есейген, үлкен өмірге ерте араласқан. «Балалық шағы, бозбала дәурені ел ішіндегі қуғын-сүргін, аумалы-төкпелі оқиғаларымен тұспа-тұс келіп, ерте есейген, үлкен өмірге ерте араласқан. 1941 жылы соғыс басталғанда неміс басқыншыларының қолына түсіп қалып, фашистер оны Германияға қара жұмысқа жібереді. Бірақ ширақ жасөспірім қашып шығып, партизандар қатарына қосылады. Небір қырғын қияметті көре жүріп, жан сақтап аман қалады. Соғыстан соң саяси қуғын-сүргіннің жаңа бір толқынына ілігіп, соғыс кезінде герман жағында болды деген желеумен қамауға алынып, лагерьге айдалады, Қарлагтың бір бөлімшесі Степлагқа жіберіледі», - деп жазады басылым.
***
«Темекі қораптарына қорқынышты суреттер салынғаннан кейін қазақстандықтар шылымды аз шеген болды», - деп жазады «Экспресс К» газеті «Роман с никотином» деген тақырыптағы мақаласында. Айта кетейік, қорап сыртындағы қорқынышты суреттер алғаш рет 2013 жылдың ортасында пайда болған еді. Сарапшылардың пікірінше, жаман әдетпен күрестің осынау түрі өз тиімділігін көрсетіп отыр. Мәселен, қорқынышты суреттер осы уақыт аралығына қазақстандықтардың 4 пайызының темекіден бас тартуына көмек берген. Осылайша, республикада шылымқорлардың саны 22,4 пайызға дейін төмендеген.