20:32, 22 Қаңтар 2009 | GMT +5
Үкімет қабылдап отырған шаралар жалпы жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі жағдайды тұрақтандырады әрі оның сыртқы тәуекел факторларына тәуелділігінің дәрежесін төмендетеді
АСТАНА. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Мәжіліс депутаты Бауыржан Смайлов қараша айында сауал жасап, Үкімет басшысына жолдаған болатын. Онда депутат әлеуметтік мәселені көтерді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Депутат: «Әлемдік қаржы дағдарысы дүние жүзінің барлық мемлекеттерін алаңдатып отыр. Қазақстан да елімізге қаржы дағдарысының тікелей ықпалын тигізбеу мақсатында көптеген шаралар қолданып жатқаны белгілі. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет шұғыл істерді қолға алды. Сіздің жетекшілігіңізбен өткен отырыстарда көтерілген мәселелермен жұртшылық жақсы таныс. Қаржы дағдарысының алдын алу бағытындағы іс-шараларыңыз, соның ішінде Елбасының берген тапсырмасына сәйкес әлеуметтік жағдайды бір қалыпты сақтап, халықтың әл-ауқатын төмендетпеу міндеті республика тұрғындары тарапынан қолдау табуда, - дей келіп, дегенмен қазіргі жағдайда қаржы дағдарысына байланысты зейнетақы қорларындағы азаматтардың қаражаты туралы мәселе елдің әрбір тұрғынын толғандырып отыр. Еліміздің азаматтары еңбекақысының 10 пайызын зейнетақы қорларына аударып келеді. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметіне сүйенсек, қазір зейнетақы қорларының табысы төмендеп жатыр. Сонымен бірге кейбір қаржыгерлер мен экономистер осындай дағдарыс әрмен қарай асқына беретін болса, азаматтар тек қана пайыздық өсімінен емес, зейнетақы қорындағы негізгі салымынан да айырылып қалуы мүмкін деген болжам айтады. Осыған орай Үкімет халықтың зейнетақы қорындағы ақшасын сақтап қалуға қандай шаралар қолданып жатқанын білгіміз келеді»,- деген болатын.Жуырда депутат сауалына ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтен жауап келді. Онда: «Қазақстан Республикасының Үкіметі жинақтаушы зейнетақы қорлары (ЖЗҚ) салымшыларының (алушыларының) жинақталған зейнетақы қаражатының сақталуына қатысты сауалыңызды қарап, мынаны хабарлайды. Халықаралық қаржы нарығындағы тұрақсыздық барлық инвесторлардың қызметіне, олардың ішінде ең ірілерінің бірі болып саналатын, өз қаражатын ішкі нарыққа да, сыртқы нарыққа да салуды жүзеге асырып отырған ЖЗҚ-ның қызметіне де ықпалын тигізді. ЖЗҚ-ның инвестициялық кірісінің азаюы қазақстандық және шетелдік қор биржаларында айналымда жүрген бағалы қағаздардың нарықтық бағасының өзгеруімен тікелей байланысты. ЖЗҚ-ның инвестициялық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған тұрақтандырушы іс-шаралар ретінде Үкімет Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігімен (ҚҚА) және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп, мынадай шараларды қабылдап отыр:1. Шетел эмитенттері шығарған қаржы құралдарының үлесін азайту арқылы жинақтаушы зейнетақы қорларының инвестициялық портфелін қайта құрылымдау және инвестициялық тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік беретін мемлекеттік бағалы қағаздардың шығарылымын арттыру. 2. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры іске асыратын экономиканың нақты секторының жобаларына зейнетақы активтерін инвестициялауға арналған қаржы құралдарын әртараптандыру. 3. ЖЗҚ-ның инвестициялық саясатын ҚҚА-ның жетілдіруі, сондай-ақ олардың инвестициялық қызметін, тәуекелдерді басқару жүйесін қадағалауы. 4. ЖЗҚ-ның қызметін реттейтін заңнамалық базаны жетілдіру. Мәселен, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы жүйесінің тұрақтылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы қазанның 23-індегі Заңы ЖЗҚ-ның қаржылық жай-күйінің шын мәнінде нашарлауына дейінгі ертерек ықпал етудің шұғыл шараларын қабылдау өкілеттігін ҚҚА-ға бекіткен. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұжымдық инвестициялау және жинақтаушы зейнетақы қорлары қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы қарашаның 20-сындағы Заңында әртүрлі зейнетақы жоспарлары (бір ЖЗҚ аясында әртүрлі инвестициялық портфельдер) салымшының таңдауына ұсынылады.
5. ЖЗҚ-ға нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналарын салымшының зейнетақы төлемдерін алу құқығын иелену сәтіндегі инфляция деңгейін ескере отырып өтеу мәселесін іске асыру мақсатында Үкімет 2009 жылға арналған республикалық бюджетте «Зейнетақы бағдарламасы» 002 бюджеттік бағдарламасының «Жинақтаушы зейнетақы қорларындағы міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына мемлекеттік кепілдік беру міндеттемелерін төлеу» 103 шағын бағдарламасы бойынша 1 млрд. 700 млн. теңге сомасында тиісті қаражат көздерін қарастырды. Жоғарыда аталғандардың негізінде азаматтардың жинақталған зейнетақы қаражаттарының сақталуын қамтамасыз ету бойынша Үкімет қабылдап отырған шаралар жалпы жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі жағдайды тұрақтандырады әрі оның сыртқы тәуекел факторларына тәуелділігінің дәрежесін төмендетеді»,- делінген Үкіметтің депутат сауалына қайтарған жауабында.