Үкiмет «KEGOC» компаниясының акцияларын жыл соңына дейін қаржы нарығына шығармақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Үкiметі "Халықтық IPO" бағдарламасы шеңберiнде "KEGOC" компаниясын қаржы нарығына шығаруға дайындық жұмыстарын бастады. Бұл туралы бүгiн Астанада Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте ҚР Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Ерболат Досаев мәлiм еттi.
None
None

"Үстiмiздегi жылы отандық қор нарығына KEGOC акционерлiк қоғамының акцияларын шығаруды жоспарлап отырмыз. Ол үшiн үкiметтiң аталмыш компания ұсынатын қызметтерiне тариф белгiлеу саясатын өзгерту бойынша жұмыстар жасалуда. KEGOC компаниясы мемлекет үшiн стратегиялық нысан болғандықтан, осы объектiге бақылауды күшейту және сақтау бөлiгiнде ұлттық заңнамаға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу бойынша iстер атқарылуда. Келесi аптада Үкiмет отырысында сол заңнамаға қандай өзгерiстер жасау керектiгi қаралады. Жақын уақытта "Халықтық IPO-ға" қатысу тәртiбi мен шарттарын түсiндiру жұмыстары, оның iшiнде қосылған "road show" бар, әзірленеді. Бiздiң болжам бойынша, "KEGOC" акциялары жылдың соңына дейiн шығарылады", - дедi ол. Айта кетейiк, сейсенбiде өткен Үкiмет отырысында ҚР Премьер-Министрi Кәрiм Мәсiмов Қордың құнды қағаздарын IPO-ға орналастыруды бастауды тапсырған болатын. Брифингке қатысқан "Самұрық-Қазына" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Елена Бахмутова "KEGOC" АҚ-ын IPO-ға шығару компания туралы ақпараттың ашықтығына қойылатын талапты арттыратын озық халықаралық тәжiрибелер негiзiнде жүзеге асырылатындығын атап өттi. "Бұл жұмысқа "KEGOC" АҚ-ын IPO-ға шығаруда халықаралық тәжiрибелердi енгiзетiн жетекшi отандық және халықаралық компаниялар тартылған" , - дедi Е.Бахмутова. Оның айтуынша, "KEGOC" АҚ-ын IPO-ға шығаруға дайындық барысында кешендi тексеру (due diligence), эмиссиялар проспектiсін және өзге де тиiстi заңдық құжаттарды әзiрлеу, бизнестi бағалау және маркетинг стратегиясын жасау қарастырылған. Сонымен бiрге компания табыстылығын 3 жыл бойы қамтамасыз ететiн тарифтiк реттеудiң жекелеген өлшемдерi белгiленiп, IPO үшiн акциялар шығару проспектiне өзгерiстер енгiзiлген, "KEGOC" АҚ акцияларын Қазақстан қор биржасының тiзiмiне енгiзуге өтiнiм берiлiп, тәуекелдерге талдау жасалды. Сондай-ақ Үкiмет жақын арада стратегиялық нысандарды басқару жөнiндегi заңнамаға қажеттi түзетулер енгiзетiн болады. Компания табиғи монополист болғандықтан, оның табыстылығы қолданыстағы тарифтiк жүйеге тiкелей байланысты. Сол себептi оның акцияларына жеңiл табыс тапқысы келетiндер емес, орта мерзiмде тұрақты табыс табуға бейiмделген инвесторлар қызығушылық танытуда.

Соңғы жаңалықтар