12:29, 17 Ақпан 2009 | GMT +5
Үкімет қолданыстағы ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру туралы қаулыны қабылдады
АСТАНА. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың төрағалығымен болған Үкімет отырысында қолданыстағы ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру туралы қаулы қабылданды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отырыста қаулыға бүгін қол қоятынын айтқан К. Мәсімов: «Уағдаластық бойынша қаражат осы аптаның соңына дейін банктерге түсуі тиіс. Банктерге мынадай шарт қою қажет: наурыздың 1-нен бастап Үкімет белгілеген шартқа кіретін адамдардың барлығының ипотекалық несиелерін қайта қаржыландыру басталуы тиіс. Себебі бұл мәселенің төңірегінде көптеген сұрақтар туындауда», деді.
Премьер-Министр ағымдағы проблемаларды шешу үшін қазіргі таңда көптеген игі жұмыстар атқарылып жатқанын атап көрсетті. Айта кетейік, бұл бағдарламаға кіру үшін банктерден тұрғын үйге ипотекалық несие алған азаматтың пәтерінің аумағы - 120 шаршы метрден аспауы тиіс және ол оның басындағы жалғыз баспанасы болуы шарт. Сонымен қатар, бағдарламаға кіретіндердің екінші деңгейдегі банктерде мерзімінен асып кеткен қарыздары болмауы тиіс. Ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру үшін Үкімет 1 млрд. доллар бөліп отыр.