Үкімет өңірлерде құрылуы тиіс жұмыс орындарының санын анықтады
АСТАНА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Биылғы Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке өңірлік жұмыспен қамтылуды және кадрлардың қайта даярлануын қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен кем дегенде 140 млрд. теңге бөлуді тапсырып, жергілікті бюджеттерден де осы стратегияны бірлесе қаржыландыруға ресурстар қарастырылуы тиістігін айтқан болатын.
Жолдау өмірге жол тартысымен білек сыбана іске кіріскен Үкімет оны жүзеге асыру жөніндегі 2009 жылға арналған іс-қимыл жоспарын (жол картасы) қабылдады. «Жол картасы» аясында қазірге дейін қандай жұмыстардың жасалғаны бүгін Үкімет отырысында сөз болды. Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаевтың айтуынша, Халықты жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясын жүзеге асыру мақсатында жергілікті бюджеттердің кірістері мен шығыстарын қайта қарау жұмысы аяқталған. Нәтижесінде 53 млрд. теңге басымды емес шығындар қысқартылған. Сөйтіп аталмыш стратегияны жүзеге асыруға тең қаржыландыру қағидаты негізінде жалпы сомасы - 193 млрд. теңге бағытталатын болды. Көк қағаздың бағамына шаққанда бұл шамамен 1 млрд. 290 миллионға жуық доллар. Дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 1 млрд. доллар, серпінді жобаларды жүзеге асыруға 1 млрд. доллар бөлінгенін ескерсек, халықты жұмыспен қамту үшін бұлардан да қомақты қаржының қарастырылғаны Қазақстанның әлеуметтік бағдары басым мемлекет болуға ұмтылысының бір көрінісі іспетті. Жалпы дағдарыстың кесірінен туындаған жұмыссыздық проблемасы қазіргі уақытта талай мемлекеттің бас ауруына айналғаны шындық. Онымен әр мемлекет әрқалай күресуде. Соған қарамастан көптеген елдерде, әсіресе экономикасы дамыған мемлекеттерде жұмыссыздар саны күн сайын көбейіп барады. Әлеуметтік маңызы зор бұл проблемаға төтеп беруде тіпті өркениетті елдердің өздері де қауқарсыздық танытуда. Олардың қасында Қазақстанның таңдаған бағытын барыншы оңтайлы деп бағалауға болатындай. Себебі, Президенттің тапсырмасы бойынша республикалық бюджет және жергілікті бюджеттер оңтайландырылғанымен, қазынадан әуел баста әлеуметтік мақсатқа арналған шығындардың көлемі бір тиынға да қысқартылған жоқ. Яғни, дағдарысқа қарамастан мемлекет халықтың алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық орындайтын болады. Жұмыстан босап қалған адамдардың да «екі қолына бір күрек» тауып беру үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылуда. Бір сөзбен айтқанда Қазақстан қазіргідей күрделі уақытта ағымдағы проблемаларды шешіп ғана қоймай, еліміздің дағдарыстан кейінгі кезеңдегі тұрақты дамуын қамтамасыз етуге тырысып жатыр. Жоғарыдағы 53 млрд. теңге қандай шығындарды құрбандыққа шалу арқылы қысқартылды деген мәселге тоқталатын болсақ, Е. Орынбаевтың айтуынша, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі жергілікті органдармен бірлесіп жергілікті бюджеттерді екі бағыт бойынша оңтайландырған. Бірінші бағытқа сәйкес, даму бюджеттері 50 пайызға қысқартылған. Бұған жаңа нысандардың құрылысын салуға және жаңалауға, басымды емес нысандардың құрылысына, жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге, ақпараттық жүйелерді құруға, жарғылық капиталды толтыруға қажетті шығындар енгізілген. Ал екінші бағыт бойынша, ағымдағы сипаттағы басымды емес шығындар қысқартылған. Бұларға іссапар шығындары, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруға, мемлекеттік органдардың ғимараттары мен үй-жайын күрделі жөндеуге, мемлекеттік органдарды материалдық-техникалық жабдықтауға арналған және басқа да мақсаттағы шығындар кіргізілген. «Жол картасында» жоғарыдағы айтылғандардан басқа, сондай-ақ тағы екі бағыт қарастырылып отыр. Оның бірі - әлеуметтік жұмыс орындарын құру, екіншісі ? жастар практикасын ұйымдастыру. Бұларды орындау үшін биыл 61 мыңнан астам әлеуметтік жұмыс орындарын құру жоспарлануда, бұл мақсатқа қосымша 5,5 млрд. теңге қаржы бөлінеді. Ал жастар практикасын ұйымдастыру аясында 3,1 млрд. теңге бөлу арқылы 34,5 мың жұмыс орны құрылатын болады, Осы жерде атап өтерлігі, бұл жұмыстарды жүзеге асыру кезінде «тең қаржыландыру» қағидаты қолданылмайды, қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. Ал, жалпы тұтастай алғанда, «жол картасының» инвестициялық бағыты бойынша, яғни халықты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, ауруханалар мен мектептерді жылылау, жолдарды жаңалау жұмыстарына тарту арқылы 278,5 мың жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Бұған 170 млрд. теңге қаржы қажет. Осылайша, Үкіметтің «жол картасына» сәйкес, еліміз өңірлерінде құрылатын жұмыс орындарының нақты саны анықталды. Мұны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп жүргізген. Ендігі мәселе діттеген мақсатты бағындыруға қатысты. Үкімет отырысында вице-Премьер Е. Орынбаев жергілікті атқарушы органдар анықталған нақты жұмыс орындарын құруы тиістігін, оның орындалуына қатаң бақылау жасалатынын, осының барлығы жұмыспен қамту орталықтары арқылы жүргізілетінін қадап айтты. Бұл ескертуге қарап ендігі жерде жергілікті органдардың «қағаз жүзіндегі есептерінің» басына тықыр таянғанын аңғаруға болатындай. Халық қамы үшін қаражатты қатаң үнемдеу арқылы жүзеге асырыла бастаған Стратегия қалай болғанда да орындалуы тиіс. Ал жергілікті атқарушы органдар болса, алдағы сәуірдің 15-іне дейін осы стратегия аясында қаржыландырылатын нысандарды және ол жобалардың отандық тауарларға, жұмыстар мен қызмет көрсетулерге сұраныстарын анықтауы тиіс. Бұл Үкіметке сәуірдің соңына таман отандық өндірісті дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын жасау үшін қажет. Сол кезде барып Стратегияның қандай сұранысты тудыратыны белгілі болады. Бұл өз кезегінде Индустрия және сауда министрлігіне қажетті тапсырыстарды отандық кәсіпорындарға жіберуіне мүмкіндік береді.