Үкімет пен облыс әкімдері кедендік бекеттерді нығайтуға күш салуда

Атап айтқанда 2011 жылы бұл мақсатқа Үкімет тарапынан 6 миллиард 527 миллион 800 мың теңге көлемінде қаржы бөлінеді.
Бұл туралы бүгін Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінің 2009 жылы атқарған жұмыстарына байланысты өткізген баспасөз мәслихаты барысында аталмыш комитеттің ресми өкілі Ержан Байтанаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, комитет өкілдері кедендік бекеттерді қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге күш салу жөнінде өткен жылдың өзінде облыс әкімдеріне арнайы хат жолдаған. Сонымен қатар ол аталған шаралар негізінде Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың Үкімет отырысында кедендік бекеттерге қатысты айтқан сын, пікірлеріне байланысты мәселенің шешілетіндігін атап өтті. «Ал облыс әкімінің кедендік бекеттердегі маман тапшылығына байланысты қозғаған мәселесін шешу үшін біз еліміздің солтүстік өңірлеріндегі бірқатар кеден өкілдерін оңтүстік аймақтардағы бекеттерді күшейтуге жіберуді мақсат етіп отырмыз», деп атап көрсетті.