17:00, 13 Қаңтар 2009 | GMT +5
Үкімет пен Ұлттық банктің 2009 жылғы негізгі міндеттерінің бірі - теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз ету - Ә. Сәйденов
АСТАНА. Қаңтардың 13-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Теңгенің тұрақтылығын немесе шетелдік валюталарға қатысты теңге бағамының бақыланатын шекте бірқалыпты өзгеруін қамтамасыз ету Үкімет пен Ұлттық банктің 2009 жылғы негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық банктің төрағасы Әнуар Сәйденов мәлімдеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Үкімет пен Ұлттық банк еліміздегі қаржы ұйымдарының төлем балансының жағдайын және теңгенің айырбас бағамын бақылайтын болады. Бұл мәселенің маңыздылығы - экономикадағы активтер мен міндеттемелердің айтарлықтай үлесі шетел валютасына тиесілі, валюталардың қарыз алушылардың активтері мен міндеттемелеріне сәйкессіздігі тудырып отырған жоғары кредиттік тәуекелдер бар. Осыған байланысты теңгенің тұрақтылығын немесе шетелдік валюталарға қатысты теңге бағамының бақыланатын шекте бірқалыпты өзгеруін қамтамасыз ету және алтын-валюта резервтерінің шығынына жол бермеу Ұлттық банктің және Үкіметтің міндеті болып табылады», деді отырыста Ә. Сәйденов. «Ұлттық банк пен Үкіметте бұл үшін қажетті құралдар және мүмкіндіктер бар деп санаймын», деп тұжырды сөзін ол.