Үкімет рұқсат беру құжаттарын қысқарту бойынша жаңа заң жобасын жасап шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрлігі «ҚР Рұқсат беру құжаттары мен рұқсат беру процедураларын қысқарту мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасын Парламент Мәжілісіне таныстырды.
None
None

Заң жобасы Республикалық бюджеттік комиссиясының отырысында мақұлданды.

«Заң жобасы 152 рұқсат қағазын қысқартуды көздейді, бұл - шамамен барлық рұқсат құжаттарының 39 пайызы. Бұның алдында «ҚР Кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсарту жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда біз 42 рұқсат қағазын алып тастадық. Ол өз кезегінде барлық рұқсат құжаттарының 11 пайызын құрайды. Яғни, рұқсат құжаттарының 50 пайызын қысқарту жөніндегі тапсырманы орындау үшін 194 құжатты қысқарту керек екен», - дейді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов.

Заң жобасының қабылдануы бизнеске салынатын салмақты азайтуға, мемлекеттік органдардың артық функцияларын алып тастауға, елдегі кәсіпкерліктің өрісін кеңейтуге үлкен серпін бермек.

Еске сала кетейік, 2014 жылы ҚР Парламенті төртінші сессиясының ашылуында ҚР Президенті 2015 жылы рұқсат беру құжаттарын 50 пайызға дейін қысқартуды тапсырған болатын.

Заң жобасы жасақталып жатқанда, елде рұқсат қағаздарының саны 481 болған. Осы заңның аясында 7 кодекс пен ҚР-ның 30 заңына өзгертулер енеді.

«Рұқсат құжаттарын қысқарту бюджетке салмақ салмайды және әлеуметтік-экономикалық зардаптар әкелмейді. Дегенмен рұқсат қағаздарының кемуі мемлекеттік кірістерді 467632,2 мың теңгеге азайтады деп күтілуде», - деді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар