Үкімет Стрестік активтер қоры жұмысының жаңа тұжырымдамасын әзірледі
күйектің 24-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстан Үкіметі Стрестік активтер қоры жұмысы жайлы жаңа тұжырымдаманы әзірледі.Бұл туралы бүгін Астанада отандық және шетелдік іскер топ өкілдерімен кездесуінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз осы жылдың ақпан айында банк жүйесін оңалту жөнінде мейлінше сүбелі шешімдер қабылдауға мәжбүр болдық.
Қазақстанда Стрестік активтер қоры құрылды. Қазіргі жаңа жағдайды және біздің алдымызда тұрған жаңа қатерлерді ескере отырып, біз Стрестік активтер қоры қалай жұмыс істеуі керек деген жаңа тұжырымдама әзірледік. Біз ол жайында еліміздегі проблемалы банктер бойынша келіссөздер аяқталысымен егжей-тегжейлі айтатын боламыз», деді кездесуде К. Мәсімов.
Үкімет басшысының айтуынша, Стрестік активтер қорының жаңа тұжырымдамасы шетелдік консультанттармен пысықталған. «Біраз уақыттан кейін біз бұл мәселеге ораламыз. Әзірше, мен ол жайында ештеңе айтпаймын», деді К. Мәсімов қатысушылардың бірінің сұрағына берген жауабында.