Үкімет Тіл туралы заң жобасын әзірлеп, Мәжіліске енгізуі тиіс - С. Есжанов
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өз сөзінде депутат қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қолдану аясын кеңейту үшін бірқатар шаралар жүзеге асқанын, Тіл туралы заң, «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданғанын тілге тиек етті. Депутаттың пікірінше, бұндай маңызды шаралар қазақ тілінің мемлекетті басқару тілі ретіндегі деңгейін көтерді. Ұлт тіліндегі мектептер мен балабақшаларының көбеюіне ықпал етіп, бұқаралық ақпарат құралдарындағы ана тіліміздің аясын кеңітті.
«Дегенмен де, тіл мәселесіне қатысты қабылданған нормативтік-құқықтық құжаттардың мүмкіндігі әліге дейін толық пайдаланылмай келеді. Сонымен бірге қолданыстағы Тіл туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі уақыт өткен сайын айқындала түсуде. Біз осы күнге дейін мемлекеттік тілдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі 2007-2010 жылдарға арналған тұжырымдама мен тілдерді дамыту бағдарламасының талаптарын да толық жүзеге асырған жоқпыз. Сол бағдарламаларда мемлекеттік тіл саясатына байланысты заңнаманы ұдайы жетілдіріп отыру көзделген болатын», деді С. Есжанов.
Сонымен бірге, депутат тілдің нормативтік-құқықтық базасын уақытылы жетілдіріп отыру шарасы іс-қағаздарын қазақ тіліне көшіру жөнінде қойылған міндеттердің орындалуына да әсер ететінін айтты. «Қазіргі таңда еліміздегі атқарушы органдардың іс-қағаздарының мемлекеттік тілдегі үлесі төмен. Облыс әкімшіліктеріндегі жағдай да біркелкі емес. Бұл мемлекеттік басқару құрылымдары мен ондағы қызметкерлердің қазақ тіліне деген ынтасын арттырудың мүмкіндіктері толық қарастырылмай отырғанын көрсетеді. Сондықтан да аталған заң жобасы қайта қаралып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің тарапынан Мәжіліске енгізілуі қажет деп есептейміз. Тіл туралы заңның 23-бабындағы: «Мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленеді» деген талап орындалуға тиіс. Осы бір ғана талапты жүзеге асыру мемлекеттік тілдің қолдану аясын айтарлықтай кеңейтер еді. Алғашқы кезеңде қазақ тілін білуге тиіс кәсіптердің бәрін емес, мемлекеттік қызметшілерді қамтысақ та жеткілікті деп ойлаймыз», деді депутат.