Үкімет үшжылдық бюджет саясатынан бас тартпайды - Е. Досаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет үшжылдық бюджет саясатынан бас тартпайды. Бүгін Сенатта «2016 - 2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев осылай мәлімдеді.

Үкімет үшжылдық бюджет саясатынан бас тартпайды - Е. Досаев

Айта кетерлігі, талқылау барысында сенатор Қуаныш Айтаханов қазіргі экономикалық ахуалға байланысты үшжылдық бюджеттен бас тартып, біржылдық бюджетке көшу мәселесін көтерген болатын. «Бүгінгідей қиын кезеңде, бюджетті қайта қайта нақтылап жатқан шақта, келешекте не болатыны белгісіз уақытта үш жылдық бюджетті жоспарлаудың қажеті қанша? Біз бұған дейін де бір жылдық бюджетті жоспарлап келдік қой. Біз тіпті келесі жылы да не болатынын білмейміз, ендеше үш жылға барудың маңызы не?»- деді сенатор.

Өз кезегінде Ұлттық экономика министрі Ресейдің тәжірибесіне қарап, біржылдық бюджетке көшудің еш қажеттілігі жоқ екенін мәлімдеді. «Біз Ресей секілді ешқандай да санкциялардың астында қалған жоқпыз. Экономикалық рецессияда да емеспіз. Сонымен бірге, біздің инвестициялық жобаларымыз бір жылдың межесінен асып кетеді. Сондықтан да, үшжылдық бюджет саясатын өзгертпейміз, осыны қолдауды да сұраймыз. Басқа экономикалық ахуал туса, онда көреміз. Алайда, бүгін Үкімет резерві бар, Ұлттық Қор бар оған қайта келудің қажеті шамалы. Әрине, қиыншылықтар бар шығар, алайда бір жылдық бюджетке көшуді қолдамаймыз», -деді министр Е. Досаев.