Үкімет үйінде EXPO-2017 көрмесін өткізу бойынша кеңес өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Астанада EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Қазіргі уақытта қазақстандық тарап 48 ел мен 7 халықаралық ұйымның атынан олардың көрмеге қатысуын растайтын 55 хат алды. Ұлттық секциялардың 22 комиссары тағайындалған.
Қараша айында Астанада Халықаралық қатысушылардың Екінші жиналысын өткізу жоспарланып отыр, соның аясында бірқатар елдермен қатысу туралы Келісімдерге қол қойылады деп күтілуде.
Кеңеске қатысушылар сондай-ақ EXPO-2017 көрмесін халықаралық және ел ішінде алға жылжыту, халықаралық павильондар мен Қазақстан павильонын тақырыптық толтыру, еріктілерді тарту мәселелерін ортаға салып, мәдени-ойын-сауық шаралардың кешенді бағдарламасын құру барысын қарастырды.