Үкімет заң жобаларын мемлекеттік тілде дайындау ісінде әлі күнге ескі әдеттен арыла алмай келеді - О. Мұхамеджанов

АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Үкімет заң жобаларын мемлекеттік тілде дайындау ісінде әлі күнге ескі әдеттен арыла алмай келеді.

Үкімет заң жобаларын мемлекеттік тілде дайындау ісінде  әлі күнге ескі әдеттен арыла алмай келеді - О. Мұхамеджанов

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өтіп жатқан «Мемлекеттік тіл - ел бірлігінің кепілі» атты ғылыми конференция барысында «Бір тілде сөйлеу - бірлік бастауы» тақырыбында баяндама жасаған Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тіл мәселесінде барлығымыз үшін бағдаршам болуға тиісті заңнамалық актілер бар. Олардың біріншісі - «Қазақстан Республикасы тілдер туралы» заңы. Одан кейін тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы. Ендеше, осы негізгі құжаттарда қамтылған біраз жайт орындалмай келеді. Мәселен, тіл туралы заңның 4-бабында «Мемлекеттік тіл - мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін және іс қағаздарын жүргізу тілі», деп жазылған. Бірақ, осы қағиданы ойдағыдай жүзеге асыруда мемлекеттік органдарда нақты әрекет тіпті жеткіліксіз. Республиканың мемлекеттік органдары мен ұйымдарында заңдарды, қаулы-қарарды, басқа да ресми құжаттарды жауапты адамдар негізінен орыс тілінде дайындайды, ал мемлекеттік тілдегі нұсқасын әзірлеу аудармашының еншісіне беріледі», деді О. Мұхамеджанов.

Сонымен бірге палата төрағасы заң шығару жұмысына тікелей қатысы бар болғандықтан мемлекеттік тілде заң әзірлеу мәселесіне кеңінен тоқталды. Оның сөзіне қарағанда мемлекеттік тілде заң жобаларын әзірлеу төңірегінде істен гөрі сөз көп. «Үкімет заң жобаларын мемлекеттік тілде дайындау ісінде әлі күнге ескі әдетінен арыла алмай келеді. Заң жобалары алдымен орыс тілінде әзірленіп, содан кейін ғана мемлекеттік тілге аударылып жүр. Заң шығарушы орган болғандықтан біз үшін ең үлкен шешілмеген мәселе осы. Ал Үкіметтің мемлекеттік тілде заңнамалық актілер әзірлеу қолдан келмейді екен, ендеше тым болмаса оларды аудару сапасын жақсарту жөніндегі әңгіменің айтылып келе жатқаны қашан? Алайда, Үкімет кеңсесі Мәжіліске түсетін заң актілеріне мемлекеттік тілде сараптама жүргізіп, аударма сапасын тексеретін бір құрылым жасақтауды жүзеге асыра алмай отыр. Сондықтан бұл мәселеде алдағы уақытта Үкімет тарапынан нақты іс-шаралар күтеміз», деді О. Мұхамеджанов.