Үкіметте көктемгі егіс жұмыстары талқыланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында көктемгі егіс жұмыстарын өткізу қорытындылары қаралды.
Биылғы көктемде жүргізілген егістік жұмыстары жайында ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов баяндады. Министрлік мәліметтері бойынша, биыл еліміздегі егіс алқабының жалпы ауданы 22,5 млн. гектарды құраған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 650 мың гектарға көп. Егін егу жұмыстарын әртараптандыру аясында сұранысы жоғары дақылдарды егетін алқаптар 1 млн. 348 мың гектарға ұлғайтылды, бұл көрсеткіш АӨК-ті дамыту мемлекеттік бағдарламасының жоспарланған индикаторынан 340 мың гектарға жоғары. Жасымық егісін ұлғайту еліміздің әлемде аумақ бойынша бесінші және экспорт бойынша төртінші орынды иеленуіне мүмкіндік береді.
Қант өндірісі де биыл бір жарым есеге, майлы дәндер 1,3 есеге ұлғайтылмақ. Жүзеге асырылып жатқан әртараптандыру жұмыстары әр гектардың тиімділігі мен өндірістің табыстылығын арттыруға бағытталған. Тұқым шаруашылығына қолдау көрсету қаражаттарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 3,3 есеге өсті. Бірегей және элиталық тұқымдар өндірісі қайта қалпына келтірілді және тұқым шаруашылығына қолдау көрсетудің өзге де шаралары қабылданды. Сондай-ақ, минералды тыңайтқыштарды субсидиялау тетігін қайта қарау оларды қолдану көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге қажетті дизельдік отынға деген сұраныс толығымен қамтамасыз етілді.
Үкіметтің жаздық егіс кезеңінде акциздердің мөлшерлемесін төмендету туралы шешімінің арқасында дизельдік отын бағасы республика бойынша орта есеппен литріне 123 теңгеге дейін төмендеген. Егістерді химиялық өңдеу бойынша қорғау шараларын жүргізу үшін еліміздің оңтүстік өңірлеріне қосымша пестицидтер мен техникалар жеткізіліп, 591 мың га жер өңделді. Ауыл шаруашылығы жерлеріне зақым келтірілген жоқ. Өзге өңірлерде үйірлі көкқасқа шегірткелерге қарсы шаралар жоспар бойынша жүргізілуде.
Отырыста Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Алматы облыстарының әкімдері, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары өңірлердегі көктемгі егіс жұмыстарының нәтижелері және АӨК-ті дамытудың мемлекеттік бағдарламасында қарастырылған шаралардың орындалуы туралы есеп берді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер де сөз алып, ой-пікірлерін жеткізді.
Премьер-министрдің орынбасары - ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов ағымдағы жылы тұқым шаруашылығын қолдау 3,3 есеге, минералды тыңайтқыштарды қолдану - 1,5 есеге ұлғайғанын айтты. Жалпы, АӨК-ті дамыту бағдарламасындағы белгіленген өндірісті әртараптандыру бойынша индикатор асырыла, ал көктемгі егіс жұмыстары аясында жоспарланған индикаторлар толығымен орындалды.
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев егістіктердің фитосанитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қолдану қажеттігін ескертті. Бұл жөнінде және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау бойынша нақты тапсырмалар берді. Ауыл шаруашылығы министрлігіне фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлу, өсімдіктерді аурулар мен зиянкестерден қорғау құралдарымен заманауи өңдеу шараларын қолдану қажеттігі айтылды.
Ал Инвестициялар және даму министрлігіне тыңайтқыш өндірушілерге қолдау көрсету және минералды тыңайтқыштар өндірісі көлемін арттыру, оларды тұтынушыларға жеткізу мәселелерін пысықтау тапсырылды.