Үкіметте сұйытылған мұнай газ тапшылығы талқыланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы уақытта еліміздің кейбір аймақтарында сұйытылған мұнай газының тапшылығы сезілуде. Бұл мәселе 19 мамырда және 22 маусымда Үкімет басшысының төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссия отырыстарында қаралған болатын.
Кеңесіп, келісулер нәтижесінде ішкі нарыққа жеткізілетін газдың көтерме бағасын өсіру туралы шешім қабылданып, осыған орай Энергетика министрлігі газдың бөлшек саудадағы бағасы негізсіз көтерілген жағдайда қолданылатын шаралар туралы хабарлады.
Айта кетейік, 19 мамырдағы ведомствоаралық комиссия отырысының қорытындысы бойынша Энергетика министрлігі Ұлттық экономика министрлігі, «Kazеnergy» қауымдастығы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «ҚазМұнайГаз» АҚ және «ҚазТрансГаз» АҚ өкілдерінің қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобын құрған болатын.
Көрші елдердегі сұйылтылған мұнай газының көтерме бағасы (Ресейде тоннасы 59 019 теңге, Тәжікстанда - 104 864 теңге) жоғары болғандықтан, жанар-жағар май солай қарай кететіні анықталды. Өйткені жеткізушілер үшін өнімін осы елдерде сату тиімдірек. Сондай-ақ бұрынғы көтерме баға бір тонна үшін 11 034 теңге болғанда, биыл сұйылтылған газ өндіруші зауыттар шығынға ұшыраған. Оның үстіне әлемдік нарықта газ бағасының өсіп отырғаны тағы бар. Осыған байланысты ішкі нарықтағы сұйытылған мұнай газы бағасын бекітудің тиімді тетігі қабылданды. Соның ішінде Қазақстанның ішкі нарығы үшін өндіруші зауыттардан жеткізілетін газдың көтерме бағасын көтеру туралы шешім қабылданды.
Шекті көтерме бағаны тоннасына 23 106,45 теңгеге дейін ұлғайту көлік шығыстарының өзгермеуі және газ желілік ұйымдардың шығыстары мен маржасын қысқарту есебінен, оның ішінде газды қайта сату тізбегін қысқарту есебінен бөлшек сату бағасының елеулі көтерілуіне әкелмеуі мүмкін.
ҰЭМ ТМР және БҚК үстем компаниялар үшін бөлшек сату бағасын реттеу кезінде газды тікелей зауыттан сатып алу бағасын ескеру қажеттігін айтты. Бұл өз кезегінде біздің пікірімізше, соңғы бағаны ұстап тұруға мүмкіндік береді, делінген Энергетика министрлігінің хабарламасында.
Сонымен қатар министрлік жүргізген талдау бойынша, 2013 жылы тоннасына 32 643 теңге шекті көтерме баға кезінде орташа бөлшек сату бағасы тоннасына 99 059-ды құраған. Ал, шекті көтерме баға тоннасына 11 034 теңге болған 2016 жылы орташа бөлшек сату бағасы 84 404 теңгені құрады. Осылайша, шекті көтерме бағаны 32 643-тен 11 034 теңгеге дейін төмендеткеннің өзінде, бөлшек сатылымда бағаның соған сәйкес төмендеуі байқалмады. Бұл негізінен газжелілік ұйымдар арасында газды қайта сату мен тиісінше бөлшек сауда бағасын олардың арасында жасалған келісім-шарттар бойынша қалыптастыруға байланысты.
Осы тұрғыда орын алған түйткілдерді жою мақсатында газжелілік ұйымдар арасында газды қайта сатуға тыйым салуды көздейтін «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР заңына өзгерістер енгізілді. Ол өзгерістер 1 шілдеде күшіне енді.
Әкімдіктер мен Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс комитетіне өңірлерде әлеуметтік наразылыққа жол бермеу мақсатында бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстау керектігі ескертілді.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексіне сәйкес газжелілік ұйымдар арасында газды көтерме өткізу фактілері анықталған жағдайда субъектілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар бөлшек сату бағасын негізсіз көтерген фактілердің орын алғандығы анықталған жағдайда жеткізуші зауыттардан тәртіпті бұзған компания үшін газ тиеуді шектеу туралы мәселе қаралатын болады.
Қазіргі таңда ел ішінде айтылып жүрген жәйттің бірі - нарықта қант бағасының алыпсатарлық өсуі. Осыған орай жуырда ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев «Орталық Азия Қант Корпорациясы» ЖШС («ОАҚК» ЖШС) өндіруші зауытының, «Беларусь аграрлық компаниясы» ЖШС («БАК» ЖШС) импорттаушысының және «Ас-Ан» компаниясының (ірі көтерме саудада өткізушісі) өкілдерімен кездесті. Кездесудің мақсаты қант нарығындағы жағдайды зерделеу болды.
Биыл 25 шілдеде республика өңірлерінде орташа алғанда қанттың бөлшек саудадағы бағасы 2015 жылғы желтоқсанға қарағанда 25,5 пайызға артқан. «ОАҚК» ЖШС деректеріне сүйенсек, бағаның өсуі бірқатар объективті себептерге байланысты екен. Оның ішінде шикізаттың қымбаттауы, коммуналдық қызметтер мен жүктерді тасымалдау тарифтерінің өсуі бар. Компания бағаның қантқа деген сұраныс еселеп артатын жазғы маусымда жыл сайын көтерілетіндігіне ерекше назар аударды. Өндіруші мен көтерме саудада өткізуші Қазақстанда биыл қантқа деген қажеттіліктің артып отырғандығын хабарлады. Сұраныстың арту себептерінің бірі «БАК» ЖШС тарапынан импорттың жоқтығы болуы мүмкін.
«ОАҚК» ЖШС, өз кезегінде 2016 жылы қант өндірісін екі есеге дейін ұлғайтты, республикада бұл өнімнің тапшылығы байқалмайды. «ОАҚК» ЖШС-ның елдің ішкі нарығын қамтамасыз етуге қажетті қант көлемін өндіруге жетерлік қуаты да, мүмкіндігі де бар. Негізінен қуаттарды жүктеу отандық шикізат - қант қызылшасының жеткіліксіздігіне қарай импорттың есебінен болады. Биыл серіктестік қант қызылшасын өсіруді ұлғайтуға байланысты одан өндірілетін қанттың үлесін 15 пайызға дейін арттыруды болжамдаған. Кездесу барысында белгілі болғандай, материалдарды зерделеу өндіруші зауыт пен импорттаушылар деңгейінде бәсекелестік саласындағы заңнаманы бұзушылық орын алмағандығын көрсетті.
Монополияға қарсы органның алдын ала деректері бойынша, бүгінгі күні нарықта қантты негізсіз шектеу және орта, шағын көтерме нарық деңгейінде өңірлерде қант бағасының алыпсатарлық өсуі байқалады. Осыған орай монополияға қарсы орган қантты бөлшек және көтерме саудада өткізушілердің қызметінде монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықтардың орын алуы тұрғысынан егжей-тегжейлі талдау жүргізуде. Бұл ретте қант нарығындағы алғашқы тексеруді Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Қарағанды облыстық департаменті бастады. Осы орайда еліміздің басқа да өңірлерінде нарықта бағаны негізсіз көтеруге әкелген жеткізушілерге қатысты тексерулер жүргізу жоспарлануда.
Монополияға қарсы органның аймақтық департаменттері бәсекелестік саласындағы қолданыстағы заңнаманың үстем жағдайды теріс пайдалануға, бәсекелестікке қарсы әрекеттерге және басқаларға жол бермеу бөлімі талаптарын сақтау жөнінде қант өткізу нарығы қатысушыларымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Ұлттық экономика министрлігі қант өндірушілер үшін импортталатын шикізатқа жыл сайын бөлінетін квота және лицензия беру рәсімдерін жеделдету туралы мәселені қарауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар Кеден одағы комиссиясының шешіміне сәйкес, Қазақстан өнеркәсіптік қайта өңдеу үшін енгізілетін шикі қант, сондай-ақ одан өндірілген ақ қант Ресей және Беларусь аумағына қайта жөнелтілмейтініне кепілдік береді деп белгіленген. Аталған шешімнің қолданылу кезеңінде (2010-2019 жылдар) Кеден одағы елдеріне қант экспортталмайды.