Үкіметте тасқын және жаңбыр суларын ұтымды пайдалану жөнінде жоспарлар бар ма? - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 27 маусым, сенбi күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
«Егемен Қазақстан» басылымының бүгiнгi санында «Милан көрмесіндегі Қазақстан күні» атты мақала жарияланды.
«Бүгін «Expo Milano 2015» көрмесінде осындай атты акция өткелі тұр. Италияның солтүстігіндегі Милан қаласында үстіміздегі жылғы 1 мамырдан бастап, ЭКСПО көрмесінің өз жұмысын бастап кеткені белгілі. Өлшеулі мерзімі қазан айының 31-іне дейін созылатын оған күллі әлемнің 144 мемлекеті, 3 халықаралық ұйым, 16 мемлекеттік емес ұйым және 5 корпоративті павильон қатысуда. Бас тақырыбы -«Планетаны асырау. Өмір сүруге қажетті қуат» деп аталатын бүкіләлемдік көрме шеруі сапында біздің еліміздің де өз павильоны бар. Маусымның 27-сінде осы жерде Қазақстан күні аталып өтеді. Оған Италияға қысқа мерзімдік жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп күтілуде», - деп жазады «Егемен Қазақстан».
- Біз Миланнан кейінгі ЭКСПО көрмесін өткізу кезегі Астанаға келетінін ескере отырып, Қазақстан павильонын жасауда негізгі екі түрлі нәрсеге айрықша көңіл бөлдік, - деді осыған орай Қазақстан Ұлттық павильонының бас комиссары Әнуарбек Мусин. - Біріншіден, ЭКСПО-2015 көрмесіндегі ең басты көрікті орын ретінде көрінуді мақсат еттік, екіншіден, 2017 жылы дәл осындай кең ауқымды шараны Астанада өткізуге дайын екенімізді көрсетуге күш салдық. Бас комиссардың айтуынша, Милан ЭКСПО-сында Қазақстан павильонының үздік үштіктің қатарында тұрғаны қазірдің өзінде белгілі болып қалған. Ал павильонның дәл осындай биік белестен көрінуі үшін Қазақстан Үкіметі 17 млн. еуродан астам қаржы бөліпті. Ал павильонның аумағы 3 мың 250 шаршы метрді құрайды. Мұнда келушілерді Қазақстанның ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, балық шаруашылығы, аквадақылдар, экология, егіншілік, сондай-ақ, республика өмірінен қызықты деректер деп бөлінетін 6 түрлі аймақтың экспонаттары қарсы алады. Қонақтардың барлығына мұнда қазақтың құнарлы да шипалы сусыны - қымыз ұсынылады.
«Үкіметте тасқын және жаңбыр суларын ұтымды пайдалану жөнінде жоспарлар бар ма?» деп сауал тасталады «Егемен Қазақстанның» келесi мақаласында.
«Қарағанды және Қазақстанның басқа да облыстарында орын алған көктемгі су тасқыны, олардың алдын алу және тиісінше қасіретті салдары бәрімізді де терең ойландыруға тиіс. Су басқан аудандардағы қалпына келтіру жұмыстары еліміз үшін, шыны керек, өте қымбатқа түсіп отыр. Бұған апаттың мүмкіндігін тиімді пайдалана алмай отырған өзіміз де кінәліміз», - делiнген « Тасқын және жаңбыр сулары » атты мақалада.
«Қысқасы, бізге су қорын кейін аграрлық сектордың, энергетика және басқа да салалардың қажетіне пайдалану үшін көктемгі еріген суды жинайтын тоғандар қажет. Бұл ретте, Астана мен Атырауда орын алған жаңбыр суының оқыстан болған тасқындарын басқару туралы да есте ұстағанымыз жөн. Біздің ойымызша, қажетті көлдерді жасау төтенше жағдайлар және суға қатысты басқа да қызметтердің жұмыстарын жетілдіру арқылы мүмкін болмақ. Айтпақшы, Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі болған кезде тасқын суларды жинау үшін отыз су қоймасы құрылысының жобасы жарияланған болатын. Ал бүгінде оның тағдыры мүлдем белгісіз. Осы арада Үкіметке: «Бүгінгі таңда Үкіметте тасқын және жаңбырдың суларын ұтымды пайдалану жөнінде жоспарлар бар ма?» деген сұрақ қою орынды болмақ. Оның үстіне су ресурстарының тапшылығы мен шектеулілігі республика экономикасына және оның Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бес институттық реформасы шеңберіндегі жоспарларына қатер төндіретінін Үкіметтегілер де жақсы білсе керек», - делiнедi аталған материалда.
« Айқын » басылымы қоғам арасында қызу талқыға түсiп жатқан балаларға екпе жасау мәселесiн көтеруде. «Қазақстанда шақалақ дүние есігін ашып, 1 жасқа толғанға дейін 15 түрлі екпе салынады екен. Бұл аз ба, көп пе?! Әрине, кесімді пікір айтудан аулақпыз. Алайда «пәлен аурудың алдын алады» деген дәрі-дәрмектің бірқатарынан бүгінде медицинасы мықтап дамыған мемлекеттердің өзі бас тартып отыр. Сондықтан да дәл қазіргі кезде ел ортасында балаларға егілетін екпеге қатысты екіұдай пікір тіптен тереңдеп кетті. Қазақстандық медицина ғылымдарының докторы, акушер-гинеколог Раиса Аманжолова туберкулезге қарсы БЦЖ және көкжөтел мен сіреспеге қолданатын АКДС, т.б. вакциналарын қояндарға егiп, тәжiрибе жүргiзген. Қояндардың алғашқы ұрпақтарында өзгерiс аса байқалмағанмен, бесiншi ұрпақта ешбір қоян репродуктивтiк жасқа жетпеген. Тiрi қалғандарының мiнез-құлқы өзгерiп, бiрiн-бiрi жаралау сияқты қатыгездiктің пайда болғанын анықтаған ғалым «вакциналардың бiрден терi iшiне енгiзiлуi иммундық жүйенi әлсiретедi, терi, ас қорыту жүйесi, тыныс алу мүшелерi арқылы сыртқы қауiптен қорғанатын адам ағзасы күтпеген жерден бiрден вирустық шабуылға душар болады» деген қорытындыға келген. Біздің қазіргі медицинада БЦЖ-ны туыла салып, ал АКДС-ты 2 айдан 15 айға дейін төрт рет салады екен. Енді әлгіндей тәжірибеден кейін ойлана беріңіз..., - делiнген « Елдi екiге бөлген екпе » атты мақалада.
Газеттiң жазуынша, негізі, елімізде жаңа туған нәрестеге 12 айдың ішінде 15 рет екпе егілгенімен, олардың бірқатарының маңызы өткен, тіптен керексіз деп саналады екен. Сол көп екпенің ішінде аты беймәлім, небір экзотикалық аурулардың вакциналары жүр.
«Мәселен, адамзаттың соңғы рет сіреспемен қашан ауырғаны белгісіз. Жыныстық аурулардың алдын алу үшін «Гепатит В» деген екпе сәбидiң алғашқы төрт айында қатарынан үш рет салынады. Ағылшын ғалымы Р.Блейлок «Гепатит В» ауруына қарсы вакцинаны балаларға мүлде салуға болмайды деп отыр. Ең көп егілетін вакцинаның бірі - ОПВ. Бұл - жүйке жүйесіне зақым келтіретін полиомелитке қарсы екпе. Негізі, лас қол мен ойыншықтар арқылы жұғады. АҚШ-та аталған екпеге ресми тыйым салынған. Бұл вакцина қатерлі ісіктердің пайда болуына себепкер екен», - деп жалғастырады мақала авторы.
Ұлттық экономика вице-министрі ауылдың арнайы шоттарына демеушілерден және басқа көздерден соңғы жылдарда жарты миллиард теңгеден астам қаражат түскенін жария етті, деп жазады « Айқын » « Жомарт жандар ауылға ақша салды » атты мақаласында.
«Бұл - туған жерден қол үзбеген абыройлы азаматтар мен қолы жомарт кәсіпкерлердің қамқорлығы мен қолдауы.
-Тұтастай алғанда, әкімдер сайлауынан кейін 2013 жылы республика бойынша жергілікті өзін-өзі басқарудың 2 мың 457 арнайы, бюджеттен тыс есепшоттары ашылды. Бұл шоттарға түсетін табыстар ауыл-кенттегі мемлекеттік мүлікті жалға беру ақысынан, жеке және заңды тұлғалардың ерікті жарналарынан, елді мекенде сыртқы жарнаманы орналастыру ақысынан, әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін салынған айыппұлдардан тұрады. 2015 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша аталған есепшоттарға республика бойынша шамамен 600 миллион теңге түсті, - деді Қ.Өскенбаев", - делiнедi мақалада.
Вице-министрдің мәліметінше, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының бақылаулық шоттарына түсетін түсімнің ең үлкен бөлігін жеке және заңды тұлғалардың ерікті жарналары құрайды.
"Рас, ол 600 миллион теңге соманың көп еместігін айтты: «Соған қарамастан, осы қаражаттарды толтыру және жұмсау тетіктері жергілікті қоғамдастықтың істеріне жергілікті жұртшылықты белсенді тартуға септігін тигізіп отыр. Түскен қаржыны пайдалану үшін ауыл әкімі ауыл тұрғындарымен келісе отырып, түсімдер пен шығыстар жоспарын бекітеді. Тек осыдан кейін ғана келіп түскен қаражаттар жергілікті маңыздағы міндеттерді шешуге бағытталады. Осы мақсатқа ендігі 352 миллион теңге орнымен жұмсалған» деді Ұлттық экономика министрінің орынбасары.
Ол болашақта ауылдық мәслихаттардың да құрылуы мүмкіндігін жоққа шығармады: «2018 жылдан бастап, ауылдық округтердің төл бюджетін әзірлеу жоспарлануда. Төменгі деңгейдің өз өкілетті органдары құрылғанға дейін ауылдық округтер бюджеттерін аудандық мәслихаттар бекіте тұрады» деді Қ.Өскенбаев», - деп жазылған газетте.
Америкалық фоторгаф Ральф Миребс «Байқоңыр» ғарыш айлының монтаждау-сынақ жүргiзу ангарында орналасқан екi «Боран» ғарыш кемесiнiң суреттерiн жариялады, деп хабарлайды ресми тiлде шығатын « Экспресс К » газетi. Анықталғанындай, бұл кемелер Қазақстан меншiгi болып табылады.
"Ральф Миребс жасаған суреттер Батыста нағыз сенсацияға айналды. Екi ғарыш кемесi шаң басқан күйi үлкен ангарда тұрғаны ойын ба?! Уақыт өте келе тұлымы шыққан екi кеме кiм-кiмдi де "ах" ұрғызады", - делiнген мақалада.
Басылымның жазуынша, «Боран» зымырандары бар-жоғы 8 болған. Қазiр олардың екеуi қалып отыр. Қазақстан меншiгiнде тағы бiреуi болған - 1988 жылы Жердi екi рет айналып өткен сол баяғы танымал «Боран"» Бұл ұшырылым осы типтегi кеменiң алғашқы және соңғы ұшырылымы болатын. Алайда құрылысшылар ангарды жөндеу барысында шатыр құлап кетiп, кеменi толықтай жарамсыз күйге келтiрген. Толығырақ, "Буранный" полустанок" атты материалдан оқи аласыздар.