Үкіметтік емес ұйымдарды дамытуға бөлінген қаржы көбейіп отыр - БҚО

ОРАЛ. 3 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік тіркеуден өткен 350-ден астам үкіметтік емес ұйым болса, соның жүзден астамы 13 әлеуметтік бағыт бойынша белсенді қызмет атқарып келеді.

Үкіметтік емес ұйымдарды дамытуға бөлінген қаржы көбейіп отыр - БҚО

Соңғы екі жылда жаңадан 25 ұйым құрылды. Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасында өткен кеңесте айтылды.

Басқарма бастығы Тілекқабыл Имашевтің айтуынша, өңірдегі үкіметтік емес сала билік пен халық арасын жақындастыратын, көпшіліктің талап-тілегін жеткізе алатын іргелі ұйымға айналды. Биылғыдай Тәуелсіздіктің 20 жылдығы аталып өтілетін жылда атқарылуға тиісті істер аз емес.

Облыс аумағында жүргізілген сауалнама қорытындысына қарағанда, сарапшылардың 63,6 және тұрғындардың 48,2 пайызы ҮЕҰ қызметінің қажеттігін білдіріп отыр. Оған мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіліп келеді. Бұдан төрт жыл бұрын ҮЕҰ-ны дамытуға бөлінген қаржы тек 4 млн. теңге болса, 2008-2010 жылдарға арналған аймақтық бағдарлама аясында 60 млн. астам теңге игерілді. Биыл қаржы көлемі ұлғайып, 22,5 млн. теңгеге жетті.