Үкіметтік емес ұйымдарға Үкіметтің де, халықтың да сенімі артып келеді - А.Соловьева
Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Еліміздегі үкіметтік емес ұйымдар осы кезде қарбалас жұмыс үстінде.
Қазір олар екі жылда бір рет дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұратын үкіметтік емес сектордың қызметіне қатысты ірі шаралардың бірі Азаматтық форумға дайыналуда. Бұл форум биыл осымен 4-ші рет ұйымдастырылмақшы. Осыған орай біз алқалы жиында көтерілетін мәселелер мен оның ұйымдастырылу жайын білу мақсатында форум қызметін бастағалы осы істің басы- қасында жүрген азаматтардың бірі, Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Азаматтық альянсының төрайымы Айгүл Соловьеваны әңгімеге тартқан едік.
-Айгүл Сағадибекқызы Азаматтық форумды осымен 4-ші рет өткізгелі отырсыздар. Осыған дейінгі форумдар барысында үкіметтік емес сектордың қызметіне қатысты біршама өзекті мәселелердің басын ашып, бірқатар құжаттар қабылдаған болатынсыздар. Осы жолғы жиында қандай мәселелер қаралмақ?
-Иә, бұл біз ұйымдастырғалы отырған 4-ші форум. Баршаға мәлім, алғашқы азаматтық форумға Елбасының өзі бастамашы болып, сол кісінің басшылығымен өтті. Ол Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдардың және оның қатысушыларының бар екендігін көрсетті. Айталық, кәсіподақ ұйымдары, ұлттық мәдени орталықтар, саяси партиялар мен ақпарат құралдары барлығы да азаматтық қоғамның өкілдері. Алғашқы форум барысында біз билік пен бизнестің және үкіметтік емес ұйымдардың арасында байланыс орнағандығын көрсеттік. Ал екінші форумда Қазақстанның азаматтық альянсы құрылды. Сонымен қатар азаматтық қоғамды дамытудың тұжырымдамасы қабылданып, оны Мемлекет басшысы бекітті. Жиын барысында тұжырымдаманы жүзеге асыру жоспары да қабылданды. Оны Үкімет басшысы бекітті. Ал үшінші форумда біз осы тұжырымдаманың жүзеге асырылу жолдарын талқыладық. Бұндағы мақсат - қабылданған құжат қағаз жүзінде қалмаса екен дедік. Жалпы бұл тұжырымдама біздің басты құжатымыз. Сондықтан біз үшінші форумда оған қатысты мемлекеттік органдар тарапынан қандай шаралар атқарылып жатқандығын сұраған болатынбыз. Сондағы байқағанымыз, бұл құжат аясында бір-екі министрлік қана жұмыс істейді екен. Ал қалғандары мұндай құжаттың барынан да бейхабар болып шықты. Осыған орай біз Үкіметтің алдына болашақта атқарылуы тиіс мәселелер жөніндегі өзіміздің ұсыныстарымызды қойдық. Жұмыс барысында осы сияқты біршама жетілдіруді қажет ететін мәселелер бар. Дегенмен осының өзін жетістік деп бағалауға болады. Өйткені бұл қоғам мен билік арасында диалог орнағандығының көрінісі. Кейінірек біз ұсынған ұсыныстар негізінде тұжырымдаманың жоспарына өзгерістер мен түзетулер енгізу қажет болды және біз оларды енгіздік те. Өзгерістер деймін-ау, олар құжат талаптарының 80 пайызға жуығын қамтиды.
Ал осы жолғы, яғни 4-ші форум жөнінде айтар болсақ, мұнда ескере кететін бірқатар мәселелер бар. Біз, яғни үкіметтік емес ұйымдар соңғы жылдары сан жағынан айтарлықтай көбейдік. Біздің тұжырымдамамыз да, заңнамалық базамыз да уақыт өткен сайын жетіліп келеді. Біздің заңдарымызда қазір қоғамдық ұйымдардың қызметіне қатысты барлық талаптар енгізілген десе болады. Осы тұрғыдан алғанда, біз тұжырымдаманың бірінші кезеңінің міндеттерін толығымен орындадық деп есептеймін. Енді біз оның екінші кезеңін жүзеге асырамыз. Бұл ретте біз саннан сапаға көшу мәселесін басты мақсат етіп отырмыз. Біздің бұл бағыттағы жұмыстарымызға халықаралық ұйымдар да өз бағаларын беріп, Қазақстан заңнамаларын ТМД-ға мүше елдер арасындағы ең үздіктердің қатарында атады.
-Қазіргі қоғамда болып жатқан процестерге үкіметтік емес ұйымдар да ықпал ете алады демексіз ғой ?
-Әрине. Біз билік пен халық арасындағы байланыс қызметін атқаратын, көпшіліктің талап-тілектерін жоғарыға жеткізе алатын бірден-бір ұйымбыз. Бұл істі тиімді жүзеге асыру үшін біз азаматтардың көңіл-күйін бақылап, оған тұрақты мониторинг жүргізіп отырмыз. Осы шара арқылы біз Үкімет пен атқарушы органдардың жұмыстарының сапасын бағалаймыз. Бұл істі жүзеге асыруда бізге қазір жалақы төленбесе де ерікті түрде жұмыс істеуге ниет білдіріп келіп жатқан азаматтар да баршылық. Олар елдегі жағдай мүмкіндігінше оңала түссе екен деген ақ -адал ниеттерімен келіп отырған азаматтар. Олардың басым бөлігін зейнеткерлер құрайды. Соған қарамастан, бұл жақсы көрсеткіш деп білемін. Өйткені қалың көпшілік үкіметтік емес ұйымдарға сенім білдіре бастады. Осыған орай біз қазір ерікті түрде жұмыс істеп жүрген азаматтарымыздың еңбектерінің ішкі жалпы өнімдегі үлес салмағын анықтап білуді жоспарлап отырмыз. Өйткені осы шара арқылы біз еңбегіміздің сапасын бағалауға мүмкіндік аламыз. Әрбірден кейін біз өзгелердің ғана емес, өзіміздің де қызметімізді бағалай білуіміз керек емес пе? Бұдан соң біз көпшіліктің, ақпарат құралдарының және мемлекеттік органдардың біздің жұмысымызға берген бағаларын ұдайы назарда ұстап отырамыз. Оның үстіне азаматтардың құқықтарының сақталуы, әлеуметтік стандарттар мен олардың мемлекеттік органдар тарапынан жүзеге асырылуы сияқты мәселелер тағы бар. Басқаша айтқанда жұмыс жетеді. Реті келгенде айта кететін мәселе, елімізде үкіметтік ұйымдардың әлеуметтік тапсырыстарды жүзеге асырып келе жатқанына біраз жыл болды. Бұл бағытта қазір үкіметтік емес ұйымдарға тапсырылған міндеттердің құны 1,5 миллиард теңгеге жуықтады. Бұл дегеніңіз биліктің де бізге деген сенімінің артқаны. Жергілікті органдарға жүктелген қыруар шаруаны жалғыз осы органның күшімен жүзеге асыру мүмкін емес. Ал біз бұл істі арзан әрі сапалы орындаймыз. Бұл әрине билік үшін өте тиімді шара деп ойлаймын.
Ал оны әрі қарай дамыта түсу үшін біздің заңдарымызды да ұдайы жетілдіріп отыру керек. Бұған қоса қазір қай салада болмасын, атқарылатын істің барынша ашық болғаны жөн. Бұл жоспарлаған істің талапқа сай жүзеге асырылуына мүмкіндік береді. Айталық, біз «электронды үкімет» жүйесін іске қостық делік. Ал халық онымен қалай жұмыс істеу керек екендігін, ол үшін қайда барып, не істеу керектігін білуі керек. Осы мәселелердің барлығы да біздің 4-ші форумда талқыланады. Біз атап өткен ұсыныс-пікірлеріміздің барлығын аяғына дейін жеткіземіз.
-Өткен жолғы форумда сіздер үкіметтік емес секторға қатысты мәселелерді талқылаудан бөлек, көрме, байқаулар сияқты өзге де көптеген шаралар ұйымдастырғансыздар. Бұл жолы форум жұмысынан бөлек ұйымдастырылатын шаралар бар ма ?
-Иә, көрменің жұмысы осы форумда да ұйымдастырылады. Онда Үкіметтік емес ұйымдар өздерінің атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырады. Яғни олар осы уақытқа дейін күнделікті немен айналысып жүр, нендей нәтижелерге жетті, болашақ жоспарлары қандай деген мәселелердің барлығын осы көрмеде таныстыратын болады. Бұған қоса, форум аясында «Таным» байқауы өтеді. Онда біз ұзақ жылдар бойы тұрақты жұмыс істеп келе жатқан, жақсы жетістіктері бар үкіметтік емес ұйымдарды арнайы сыйлықтармен марапаттаймыз. Форумға Мемлекет басшысы да қатысады деген үміттеміз. Жиын барысында сондай-ақ пленарлық мәжілістер өтеді. Онда біз жергілікті атқарушы органдар мен үкімет өкілдерімен бірлесіп, жоғарыда атап өткен, яғни өзімізді мазалаған сауалдар жөнінде пікір алмасамыз. Қазір бізде мемлекеттік тапсырысқа қатысты туындап отырған біршама мәселелер бар. Бұл бағыттағы жұмыстармен қазір Мәдениет және ақпарат министрлігі ғана айналысуда. Ал менің ойымша, аталған іске өзге органдар да атсалысса дұрыс болар еді. Айталық, мүмкіндігі шектеулі жандардың ісімен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айналысқаны дұрыс. Өйткені бұл мәселені олардан артық білетін ешкім жоқ. Сол сияқты денсаулық сақтау ұйымы денсаулық сақтаумен айналысатын, экология саласы экологиялық мәселелермен айналысатын үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеулері қажет. Ал аймақтарда олардың департаменттері бар. Ортақ іске олар да атсалысулары керек. Осы жол арқылы біз мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүйесін реттегіміз келеді.