Үкіметтің дағдарысқа қарсы айқындаған жалпы бағыты халықаралық ұйымдар тарапынан оң бағалануда

АСТАНА. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгінгі күні Қазақстан экономикасының дағдарыстан зардап шеккен салаларында тұрақтылық белгілері көріне бастады. Экономиканың «жанды» нүктелері, оның ішінде құрылыс саласы да қайтадан қозғалысқа түсіп отыр. Дағдарысқа қарамастан, Үкіметтің ұстанған әлеуметтік мәселелері, жұмыспен қамту стратегиясы айқын.
None
None
Бюджеттік күштің басым бөлігі осы салаларға да бұрылды. Сырттан келетін инвестиция ағыны бәсеңдегенімен, мүлдем тоқтап қалған жоқ, керісінше қазіргі қиын жағдайда сыртқы қаржылар Қазақстанды айналшықтай бастады. Осының өзі дағдарыс кезеңінде еліміз үшін айтарлықтай серпін болмақ. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан дағдарысқа дейін де, дағдарыс кезеңіндегі қазіргі күні де өзіндік жолын дұрыс қалыптастырды, ендігі күні дағдарысты еңсергеннен кейінгі шаруаларға да назар аударуға кірісіп отыр. Мәселен, бұған дейінгі уақытта елімізде нарықтық экономика дамыды, сырттан келетін инвестициялар құйылды, даму институттары бастан-аяқ құрылды. Ең бастысы заманның тыныш кезінде-ақ, келешекті дұрыс болжағандай Ұлттық қорды уақтылы қалыптастырып, күйзелісте жұмсауға арнап қор жинап үлгердік. Осының нәтижесінде Қазақстан дағдарысқа қарсы шараларды жедел іске асыруға кіріскен әлемдегі алғашқы мемлекеттердің бірі болды. Қазақстанның былтырғы жылдың соңына таман және биылғы жылдың дағдарыс кезеңіндегі тұрақтандыру мақсатындағы қабылдаған шараларын халықаралық ұйымдар да оң бағалап отыр. Атап айтқанда, мамырдың 5-інен 15-іне дейінгі аралықта Халықаралық Валюталық Қормен арадағы келісімнің IV бабына сәйкес аталған Қор миссиясы елімізде болып, 2009 жыл бойынша Қазақстан Үкіметімен консультациялар жасап қайтты. Қордың сарапшылары еліміздің экономикасы мен қаржылық жағдайына талдаулар жасап, атқарушы билікпен дағдарыс кезеңінде жүргізілетін экономикалық саясат жайын талқылады. Сонымен қатар, миссия қазіргі жағдайда Үкіметтің ұстанған саясатын жалпы алғанда оң бағалап, арнайы мәлімдемелер де жасады. Енді соның бірқатарына тоқталып өтсек. Біріншіден, Қор миссиясы жаһандық рецессияға және Қазақстанның банк секторындағы жағдайға орай, елдегі экономиканың теріс көрініс бере бастағанын атап өтеді. «Экономикалық белсенділік біршама төмендеп отыр, қазіргі кезде біз ағымдағы жылы Қазақстанда экономиканың төмендеуі 2 пайыз деңгейінде болады деп болжап отырмыз, бірақ 2010 жылға таман экономиканың сәл-пәл орнығуы байқалуы мүмкін», делінген миссияның мәлімдемесінде. Жалпы әлемдік дағдарыс жағдайында еліміз үшін жасалған осы болжамның өзі Қазақстанның ТМД мемлекеттерімен салыстырғанда жақсы көрсеткішке ие екендігін айғақтайды. Мәселен, мамыр айындағы Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) болжамына сүйенсек, Ресейде бірінші жартыжылдықтағы өндірістің күрт төмендеуін және жылдың екінші жартысында кейбірінің қалпына келтірілуі мүмкіндігін ескере отырып, ІЖӨ төмендеуі 7,5 пайыз болады деген қорытынды жасалған. Ал ЕҚДБ Украинаның ішкі жалпы өнімінің құлдырауын 5-тен 10 пайызға дейін нашарлайды деген болжам жасады. Балтық жағалауы елдері бойынша болжамдар бұдан да нашар. Банк талдамашылары 2009 жылы экономиканың құлдырауы Латвияда ? 13,2, Литвада ? 11,8, Эстонияда ? 10,5 пайызды құрайды деп санайды. ЕҚДБ болжамынша, жылдың басында ІЖӨ қысқаруы 2009 жылы Латвияда ? 5, Эстонияда ? 3,5, Литвада ? 2,5 пайыз болуы мүмкін деп есептелген болатын. Сондықтан да, Халықаралық Валюта Қоры мен Еуропа қайта құру және даму банкінің жүргізген зерттеулеріне сәйкес дағдарысқа қарсы елдердің ең орнықтысы Қазақстан болып шықты. «Дегенмен, бүгінгі қолда бар проблемаларға қарамастан, Қазақстанның перспективасы жайлы жағдайларға бейім», деп атап өтеді Қор миссиясы. Екіншіден, қазіргі жағдайда дағдарыс салдарын игере алу қажеттігіне және экономикалық өсімді жаңғыртуға негіз қалыптасуы тиістігіне назар аударған Қор сарапшылары, Қазақстан Үкіметінің дағдарысқа қарсы жалпы бағдарламасын оң бағалап, осы жоспарды атқару барысында экономиканың негізгі салаларында жедел қимылдар іске асқандығын атап өтеді. «Бірақ, миссия банк секторындағы сақталып отырған проблемаларды кешенді шешу қажеттігіне назар аударады. Осы жүйеге сенімді қалпына келтіру үшін әрі болашақта қаржы секторының берік негізін қалыптастыру үшін, сондай-ақ және инвестициялық климатты жақсарту бағытында банк секторы әлі де кешенді стратегиямен қамтылуы шарт», дейді Қор мамандары. Осы орайда, миссия өкілдері үкімет тарапынан соңғы уақытта қабылданған шараларды жоғары бағалай келе, ірі банктерге қатысты толық диагностикалық бағалау жұмыстарын жүргізу туралы ұсыныс жасап отыр. Ал ондай бағалау шараларында ірі банктердің баланстан тыс операциялары мен шетелдік активтері, міндеттемелері бойынша ұстанымы да қамтылуы қажеттігі айтылады. «Ақпан айында жүргізілген теңге девальвациясынан кейін инфляцияны ұстап тұру тиімділігі байқалды. Сондықтан да, біз бүгінгі ақша-кредит саясатындағы бағытты дұрыс бағалаймыз. Сонымен бірге, сұраныстың төмендігі нәтижесінде инфляция 9 пайыздық деңгейде сақталады, ал кейінгі 2010 жылдары сатылап төмендей бастайды деп болжаймыз. Осындай инфляцияның төмендеу үдерісі көрініс тапқан уақытта экономикалық саясатты одан әрі ырықтандыруға мүмкіндік туады», делінген Қордың мәлімдемесінде. Яғни, Үкіметтің бюджетті нақтылағандағы макроэкономикалық көрсеткіштері, параметрлік болжамдары дұрыс жасақталған деп айтсақ та болады. Ал Қор миссиясы дәл осы бюджеттік саясаттың ел экономикасына айтарлықтай қолдау болғанын ескеріп отыр. «Мемлекеттік қарыздың төмен болуы және қаржыландыруға шапшаң қол жеткізілім Үкіметке фискалды тұрақтандырғышты өздігінен іске қосуға және шығындарды сақтап қалуға негіз қалыптастырады. Дегенмен де, ауқымды бюджеттік қаражаттардың тиімді жұмсалуына назар аудару қажет», деп атап өтеді Қор сарапшылары. Үшіншіден, Қазақстан Үкіметінің ағымдағы жылдың басты міндеті ретінде жұмыспен қамту стратегиясын жариялауы халықаралық ұйым тарапынан қолдау тапты. Мәселен, бұл бағытта кәсіпорындарға, әсіресе жұмыс орындарын құрушы күш болып табылатын шағын және орта бизнеске қатысты әкімшілік кедергілерді төмендету шаралары жоғары бағалануда. «Қайта даярлау бағдарламасын кеңейте түсу, әлеуметтік қорғауды күшейту, сондай-ақ босап қалған қызметкерлерді басқа жұмыстарға бейімдеу бастамалары бұл саладағы проблемаларды барынша жеңілдете түседі», делінген Қор мәлімдемесінде. Бұдан өзге, аталмыш Қор Қазақстан Үкіметіне бірқатар заңнамалық қамту шараларына қатысты ұсыныстар да жасады. Сонымен бірге, мамыр айында Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) 2009 жылға арналған кезекті болжамы жарияланған болатын. Онда Қазақстан жалпы ішкі өнімнің серпіні бойынша бұрынғы кеңестік кеңістік елдері арасында жақсы көрсеткішке ие болып тұрғаны атап өтіледі. Ал Менеджментті дамыту Халықаралық институтының (IMD, Швейцария) ғаламдық бәсекеге қабілеттілік туралы рейтингі бойынша жүргізген зерттеулерге орай Қазақстан Ресей, Украина, Аргентина, Венесуэла секілді елдерді артқа тастап, 37-ші орынға көтерілген. IMD рейтингіне биылғы жылы әлемнің 57 мемлекеті қатысқан көрінеді, оның ішінде АҚШ, Оңтүстік Корея, Сингапур, Германия, Финляндия, Канада, Франция секілді мемлекеттер де бар. Ал ТМД елдерінен Қазақстаннан басқа Ресей, мен Украина елдері атсалысқан. Осы мемлекеттер ішінде IMD рейтингіне сәйкес, елдердің бәсекеге қабілеттілік деңгейлері 329 критерийлер бойынша анықталып, онда алдымен экономика жағдайы, Үкімет әрекетінің тиімділігі, бизнес пен инфрақұрылым мәселелерінің көрсеткіштері негізгі сипат алады. Жалпы, халықаралық ұйымдар тарапынан бұндай оң бағалаулардың көрініс табуы қазіргі Қазақстанның дағдарыстан кейінгі келешегіне үлкен үмітпен қарауға негіз бола алады.
Соңғы жаңалықтар
Референдум