Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасындағы жұмыссыздарды оқыту және қайта оқытуға бөлінген мемлекеттік қаражатты талан-таражға салудың деректері көп - апталық брифинг

Бұл туралы бүгін апталық брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қаржылық дағдарыс кезінде мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың бюджет қаражатын оңтайлы әрі тиімді пайдалану жөніндегі жауапкершілігі жоғарылайды. Алайда, прокурорлық тексерулер мемлекет қаражатын заңсыз пайдалануға жұмыссыздарды оқыту және қайта оқыту жөніндегі дағдарысқа қарсы бағдарламаны іске асыру барысының өзінде де жол берілетіндігін көрсетті», деді ресми өкіл.
Мәселен, прокурорлар Оңтүстік Қазақстан облысының халықты жұмыспен қамту мекемесінің лауазымды тұлғалары жалған құжат жасау жолымен жұмыссыздар ретінде есепте тұрған адамдарды оқыту жөніндегі статистикалық көрсеткіштерді жасанды түрде көтергендіктерін анықтаған. «Мысалы, Б. Әшірханов жұмыспен қамту органдарының есебі бойынша «электронды есептегіш машинасының операторы» мамандығы бойынша дайындықтан өткен, ал іс жүзінде ол азамат бұл туралы ешнәрсе естімеген және ол кезеңде Алматы қаласында болған», деді Н.Сүйіндіков.
Дәл осындай мамандық бойынша білім алды деп көрсетілген Ғ. Көлбаев іс жүзінде оқу барысында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери борышын өтеп жүрген.
«Осы тәрізді деректер көп. Олар туралы материалдар тиісті процессуалдық шешім қабылдау үшін қаржы полициясы органдарына жолданды», деп атап көрсетті ол.