ҰҚК Атырау қаласы әкімінің орынбасарына қатысты тергеу жүріп жатқанын растады
АТЫРАУ. KAZINFORM — Ұлттық қауіпсіздік комитеті Атырау қаласы әкімінің орынбасары мен «Қалалық тұрғын үйлерді коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС бас директорының орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеп тексеру жүріп жатқанын растады.
Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасов пен «Қалалық тұрғын үйлерді коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС бас директорының орынбасары Бейбіт Мағзұмов ұсталды деген ақпарат тарады. Сонымен қатар қала әкімі Шәкір Кейкиннің де жұмыс уақытында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Атырау облысы бойынша департаментіне түсінік беруге шақыртылғаны айтылды. Бұл ақпараттан кейін адвокат Нұрлан Жолболов шаһар басшысы мен оның орынбасары құқық қорғау органдарының өндірісіндегі қылмыстық іс бойынша жауап алынғанын мәлімдеді.
Соған орай Kazinform тілшісі Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сауалхат жолдап, бұл ақпараттың қаншалықты растығын сұрап көрді.
— Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатқанын хабарлаймыз. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-тармағына сәйкес жария етуге жатпайды, — деп жауап берді ҚР ҰҚК бөлімше бастығы О.Бектенов.
Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбіл Бакиннің ұсталғанын ҰҚК растаған еді.