Үкімет 2026-2028 жылдар және 2035 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму болжамын мақұлдады

АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет басшысы Олжас Бектенов 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын және 2035 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму болжамын мақұлдауды ұсынды.

Үкімет үйі
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

— Жақында Мемлекет басшысына әлеуметтік-экономикалық даму болжамдары мен алдағы үш жылдық кезеңге арналған бюджет жобасы ұсынылды. Президент бюджеттің теңгерімділігін, қаражатты республикалық және жергілікті деңгейде сапалы жоспарлау мен бөлуді қамтамасыз етуді тапсырды. Осыған байланысты бүгін жалпы сипаттағы трансферттер көлемі және 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобалары қаралды. Заң жобалары бюджеттік параметрлерге сәйкес әзірленді сондай-ақ мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін барынша оңтайлы, — деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.

Премьер-министрдің мәлімдеуінше, бюджет теңдестірілген және Мемлекет басшысы көтерген барлық стратегиялық бастама ескерілген.

— Талқылауларды ескеріп, 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын және 2035 жылға дейінгі ұзақ мерзімді болжамды мақұлдауды ұсынамын. 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы және алдағы үш жылдық кезеңге арналған жалпы сипаттағы трансферттің көлемі туралы заң жобаларына дауыс берейік. Дауыс беріңіздер, — деді Үкімет басшысы.

Осылайша Үкімет мүшелері ұзақ мерзімді болжамды бір ауыздан мақұлдады. 

Айта кетейік, 2035 жылы бюджет кірісі 66,8 трлн теңгеге дейін ұлғаяды деген болжам жасалды.

Соңғы жаңалықтар