Үкімет археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізгендерге жазаны күшейтуге неге қарсы
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Әділет вице-министрі Лаура Мерсалимова Үкімет археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізгендерге жазаны күшейтуге неге қарсы шыққанын түсіндірді.
— Археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізгені үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейу бойынша депутаттардың ұсынысы Үкімет қорытындысымен қолдау таппады. Себебі, статистикалық деректерге сәйкес, Қылмыстық кодекстің тиісті бабы бойынша 2022 жылы ғана 2 құқық бұзушылық болған. Сондықтан, қолданыстағы қылмыстық санкцияларды күшейту қаншалықты орынды деген сұрақ туындады. Сонымен бірге ең алдымен құқық бұзушылықтарды ашу және алдын алу шараларын қабылдау қажет санаймыз. Екінші оқылымға дейін осы мәселені тиісті органдармен жан-жақты қарастырып, құқық қолдау тәжірибесін назарға алып, тағы талқылауға дайынбыз, - деді вице-министр БАҚ өкілдерілінің сауалына орай.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы 15 наурызда өткен Ұлттық құрылтайда археология саласына қатысты заңдарды жетілдіру, лицензия беру ісін реттеу және археологиялық қазба жұмыстарын заңсыз жүргізгені үшін жазаны күшейту қажеттігін айтқан еді. Осыған орай Парламент депутаттары әзірлеген тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау мәселелері туралы заң жобасында арнайы нормалар көзделген еді. Алайда нормаларды Үкімет қолдамай отыр.