Үкімет азаматтарға әлеуметтік көмек беру жүйесін қайта қарайды

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет азаматтарға әлеуметтік көмек беру жүйесін қайта қарауы керек. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

зейнетақы жүйесіндегі реформа
Коллаж: Kazinform

«Үкімет азаматтарға әлеуметтік көмек беру жүйесін қайта қарауы керек. Соған сәйкес тиісті тапсырма берілді. Мемлекеттен берілетін атаулы әлеуметтік көмекті шын мәнінде мұқтаж азаматтар алуға тиіс. Алайда кейбір ауылдық жерде бір отбасыдан бірнеше адам атаулы әлеуметтік көмек алатын жағдайлар жиі кездеседі. Өкінішке қарай ондай азаматтарымыз жұмыс істеп, еңбек етуге де құлықсыз. Себебі мемлекеттен түсетін жәрдемге сенеді. Бұл, әрине, дұрыс емес. Түптеп келгенде, мұндай әрекет әлеуметтік масылдықты туғызып отыр», - деді Мемлекет басшысы.

Президент Әділетті Қазақстанды құру жолында нақты қадамдар жасап жатқанымызды айтты.

«Барлық саладағы жұмыстың ашық болуына көңіл бөліп отырмыз. Осы орайда азаматтарымыздың табысын жаппай декларациялаудың мән-маңызы зор. Бұл талап 2021 жылдан бері біртіндеп енгізіліп жатыр. Алғашқы үш кезеңде 4 миллионнан астам адам декларация тапсырды. Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектордағы басшылар, кәсіпкерлер және осы санатқа кіретін азаматтардың жұбайлары бар. Келесі жылы тағы 8 миллионға жуық адам декларация тапсырады деп жоспарланып отыр. Алайда бір мәселені ескеру қажет. Жаппай декларация тапсыру тұжырымдамасы осыдан 14 жыл бұрын қабылданған. Содан бері елімізде цифрландыру ісі және финтех саласы қарқынды дамып келе жатыр. Түрлі мемлекеттік мекемелерге ортақ мәліметтер базасы пайда болды. Қаржы және салық бақылауы күшейді. Демек осындай ауқымды өзгерістерден кейін төртінші, яғни, соңғы кезеңде азаматтарды декларация тапсыруға міндеттеу қаншалықты орынды деген сұрақ туады. Үкімет бұл мәселені жан-жақты пысықтауы қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар