Үкімет басшысы «Адал азамат» бағдарламасын іске асыру жоспарын бекітуді тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM – Оқу нәтижелері үшін колледждер мен жоғары оқу орындарының жауапкершілігін арттыру шараларын пысықтау қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты. 

Үкімет басшысы «Адал азамат» бағдарламасын іске асыру жоспарын бекітуді тапсырды
Фото: Үкімет

– Биыл мемлекеттік тапсырыс бойынша колледждерге техникалық және кәсіптік білім алу үшін 150 мыңға жуық студент қабылданады. Колледждер дуальды оқыту, қамқорлыққа алу, өндірістік тәжірибе арқылы кәсіпорындармен тығыз жұмыс істеуге тиіс. Әрбір студент еңбек нарығының талаптарына сәйкес нақты кәсіби дағдыларға ие болуы керек. Сондай-ақ жоғары оқу орындарының жаңа оқу жылына дайындығын қамтамасыз ету керек. Инфрақұрылым мен жатақхана ғана емес, сонымен қатар оқу бағдарламаларының заман талабына сай болуын да назарда ұстау қажет. Мамандар тапшы болып отырған инженерлік, IТ, педагогикалық, медициналық бағыттарға ерекше назар аударған жөн, - деді Үкімет басшысы.

Осы орайда Олжас Бектенов Оқу-ағарту министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірге бір ай мерзімде «Адал азамат» бірыңғай білім беру бағдарламасын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық іс-шаралар жоспарын бекітуді тапсырды. Бұл тәрбие және оқыту жүйесін қалыптастыру бойынша кешенді әрі жан-жақты шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. 

– Ішкі істер министрлігі жаңа оқу жылынан бастап «Назар аударыңыз, балалар!» жедел алдын алу шараларын ұйымдастырып, өткізсін. Оны бұқаралық ақпарат құралдарында жария етсін. Өңір әкімдіктері білім беру нысандарының маңындағы, әсіресе жаңадан пайдалануға берілетін мектептердің жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстарын күшейтуі қажет. Ішкі істер министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен бірге жүйелі түрде профилактикалық сабақтар, атап айтқанда мектеп оқушыларымен негізгі қауіпсіздік ережелері, оның ішінде жолдағы қауіпсіздік бойынша интерактивті сабақтар өткізсін. Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері білім беру бағдарламаларының практикалық бағытта болуына баса мән беру жөнінде шаралар қабылдасын. Сондай-ақ оқу нәтижелері үшін колледждер мен жоғары оқу орындарының жауапкершілігін арттыру бойынша шараларды пысықтау қажет, - деді ол.

Айта кетейік, Олжас Бектенов мектептерді жөндеу жұмысы баяу жүріп жатқан өңірлерді атаған едік.

Соңғы жаңалықтар