Үкімет басшысы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне бірқатар міндет жүктеді
АСТАНА.KAZINFORM – ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне металлургияны дамыту, арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру және заманауи инфрақұрылым салу мәселелері бойынша тапсырма берді.
– Жаңа Конституцияның қабылдануымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында ауқымды өзгерістер жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы қойған міндеттер аясында тұрақты экономикалық өсудің жаңа моделіне көшу үдерісі жүріп жатыр. Экономиканы белсенді әртараптандыру, заманауи инвестициялық экожүйені қалыптастыру, инновациялық кластерлер мен өнімділігі жоғары индустрияларды дамыту бойынша ауқымды жұмыстар басталды.Үкіметтің қадамы экономика салаларында қолда бар әлеуетті барынша тиімді пайдалануға бағытталып отыр, – деді ол.
Сонымен қатар, Үкімет басшысы экономиканың одан әрі орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін қабылдануы тиіс нақты шараларды атады.
– Біріншіден, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бір ай ішінде металлургия саласын ынталандырудың қосымша тетіктерін әзірлесін. Түсті металлургияда министрлік «Тау-Кен Самұрық» компаниясымен бірлесіп, отандық кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын толық жүктеуді, оның ішінде импорттық алтынды ел ішінде аффинаждау үшін жеткізуді қамтамасыз етсін. Қара металлургияда «Qarmet» компаниясын жаңғырту бағдарламасы аясында ішкі және сыртқы нарықтарда барынша сұранысқа ие өнім түрлерінің тізбесін кеңейтсін, – деді ол.
Ал өңдеуші сектордың өсу қарқыны инвестициялық жобалардың уақытылы іске асырылуына байланысты.
– Өңір әкімдіктерімен бірге бір апта ішінде барлық инвестициялық жобаларды мұқият тексеріп шығып, проблемалық мәселелерді анықтауды және оларды шешудің нақты шараларын айқындауды тапсырамын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттырудың жаңа тетіктері әзірленді. Өнеркәсіп министрлігі бір ай ішінде жаңа тетіктерді іске қосу үшін Үкіметке тиісті түзетулер жобасын енгізсін, – деді Олжас Бектенов.
Одан бөлек, құрылыс жұмыстарының өсу қарқынын сақтап, тұрғын үйді пайдалануға беру мәселесін ерекше бақылауда ұстау қажет.
– Әрбір нысан бойынша тұрақты мониторинг жүргізіліп, туындайтын мәселелер жедел түрде шешілуге тиіс. Мемлекет басшысы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салуға арналған ауқымды бағдарламаны қолға алуды тапсырды. Бұл бастама жақын арада ел азаматтарының тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Заманауи денсаулық сақтау нысандарын салуға ерекше басымдық беру қажет, – деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, бұған дейін Премьер-министр газ саласын дамыту бойынша бірқатар міндет жүктегенін жазғанбыз.