Үкімет басшысы: Шағын бизнес үшін салық есептілігін автоматты түрде толтыруды қамтамасыз ету қажет
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың қаңтарынан өңдеу өнеркәсібінде өндірістік қуаттарды жаңғырту үшін лизингтік қаржыландыруды іске қосу қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
— Өңдеуші сектордың жалпы ішкі өнімдегі үлесін одан әрі ұлғайту үшін кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттырып, оларды жаңғырту жұмыстарын ынталандыру керек. Оны шағын және орта бизнес өндірістерін қайта жабдықтау есебінен де іске асырған жөн. Өнеркәсіп министрлігіне келесі жылдың қаңтар айынан бастап, өңдеу өнеркәсібінде өндірістік қуаттарды жаңғырту үшін лизингтік қаржыландыруды іске қосуды тапсырамын. Микро және шағын бизнес кепілдіксіз 300 миллион теңгеге дейін өз өндірістерін жаңғырту мүмкіндігіне ие болады. Өндірісті қайта жабдықтау кәсіпорындардың өнімділігін ұлғайтып, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді, — деді Премьер-министр.
Оның айтуынша, бизнесті оңайлатылған декларация режимін қолданатын жеткізушілермен жұмыс кезінде шығыстарды шегеруге тыйым салу мәселесі алаңдатып отыр. Бұл — шамамен 400 мың шағын және микробизнес өкілінің мүддесіне қатысты.
— Аталған санаттағы кәсіпкерлер өз кәсібінің болашағына алаңдамауға тиіс. Қаржы министрлігі салықтық әкімшілендірудің сервистік моделін енгізіп, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы оларды қолдап отыруы қажет. Сонымен қатар Ұлттық банкпен бірлесіп, шағын бизнес үшін салық есептілігін автоматты түрде толтыруды жедел қамтамасыз етсін. Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жалпыға бірдей белгіленген салық салу режимінде жұмыс істейтін шағын және орта бизнесті қолдаудың қосымша салықтық емес шараларын әзірлесін. Тиімді тетіктердің бірі — «Өрлеу» бағдарламасы аясында қаржыландыру критерийлерін кеңейту, — деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, Үкімет «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасын бекітті.