Үкімет басшысы: Терең өңделген өнім шығарушылар инфрақұрылымнан таршылық көрмеуі керек
Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында тиісті сала басшылары мен әкімдерге жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын компанияларды қолдауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластерлерді құру кезінде ірі жобалардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге баса назар аудару қажет. Олар ресурс пен инфрақұрылымнан таршылық көрмеу керек. Сондықтан, Өнеркәсіп және Энергетика министрліктері ірі жобаларды инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен басым түрде қамтамасыз ету механизмін әзірлеуі қажет», - деді Премьер-Министр.
Ә.Смайыловтың пайымынша, өңдеу өнеркәсібін дамыту ісінде инвестиция тарту маңызды.
«Бірқатар өңірлерде биыл салаға тартылатын инвестиция көлемі төмендеп кеткен.
Сыртқы істер және Өнеркәсіп министрліктері өңір әкімдіктерімен бірлесіп, секторға инвестициялар тарту жұмысын күшейтіп, жоспарлы көрсеткішке қол жеткізуді қамтамасыз етуі қажет. Индустрияландыру картасын іске асырудың әлеуметтік және экономикалық маңызы ерекше. Өнеркәсіп министрлігі мен өңір әкімдіктері биыл жоспарланған барлық жобаларды мерзімінде іске қосуды қамтамасыз ету керек», - деді Үкімет басшысы.