Үкімет басшысы Туризмді дамыту тұжырымдамасын түзетуді міндеттеді
АСТАНА. KAZINFORM – Туризм саласында кадрлық мәселелерді шешу үшін қосымша шаралар қабылдау қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
- Президент атап өткендей, туризм саласы экономиканың бірнеше секторын қамтиды. Сондықтан барлық тиісті мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жұмысын үйлестіру қажет. Бұл ретте әр өңірде туризмді дамыту бағдарламалары бар. Туризм және спорт министрлігі өңір әкімдіктерімен бірге бір ай мерзімде нақты іс-шаралар жоспарын енгізе отырып, 2029 жылға дейінгі Туризмді дамыту тұжырымдамасын толықтырып, түзетуі қажет. Сонымен қатар Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, туризм саласында кадрлық мәселелерді шешу үшін қосымша шаралар қабылдасын, - деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, кеше «Turkistan» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталған басылымның бас редакторы, белгілі ақын, публицист Бауыржан Бабажанұлына берген кең көлемді сұхбаты жарияланды.
Сұхбат барысында Президент туризм саласындағы кадр тапшылығы өте өзекті мәселе екенін айтты.
- Сондықтан Түркістанда Халықаралық туризм және меймандостық университеті ашылды. 2024 жылы оқу ордасының алғашқы түлектері дипломдарын алып, еңбек нарығына қосылды. Алайда бұл жеткіліксіз, - деді Мемлекет басшысы.